Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауаптылық күшейгенмен масаң күйде көлік басқару тыйылмай тұр

Жауаптылық күшейгенмен масаң күйде көлік басқару тыйылмай тұр

(Сурет: ​gov.kz​​​)

Жол-көлік қауіпсіздігін сақтап, ондағы жазатайым апаттан аман болу кез-келгеніміздің  тілегіміз. Өкінішке қарай, осыны қалайтын жүрегіміз санамызға өз үстемдігін жүргізе алмай қалып жатады. Сондықтан кейде асыққаннан, кейде жауапсыздықтан, енді бірде мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаудан зардап шегіп жатқан да азаматтардың өздері.Көлік жүргізу мойынға зор жауапкершілік жүктейді. Қазір Қазақстандағы темір тұлпарлар саны да айтарлықтай көбейген. Жол-көлік оқиғасының өздігінен туындамайтыны белгілі. Ол жол жүрісі қағидаларының қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады.
Жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған және жол-көлік оқиғасына басты себеп болатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі, бұл көлікті масаң күйде жүргізу екендігі бәрімізге  мәлім. Бұл көліктегі құқық бұзушылықтардың ішіндегі адам өміріне аса қауіп тудыратын әрекет болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігінде көзделген жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Көлікті масаң күйде жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, ішімдік ішіп көлік жүргізу әрекеті бүгінде тыйылмай тұр.
Статистикалық мәліметке сәйкес Арал аудандық сотында өткен жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 72 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биыл жыл басынан бері 55 азамат жауапкершілікке тартылған.
Тіпті, бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлікті масаң күйде қайта басқаратындар да кездеседі. Алайда, бұл әрекет қылмыс болып табылады. Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігі бойынша жоғарыда аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі болып танылған тұлға, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мысалы, А. есімді азамат аудандық соттың 2021 жылғы қаулысымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырыла тұра, үстіміздегі жылдың 10 сәуірінде көлік құралын алкогольдік масаң күйде қайта басқарған. Осыған орай, ол Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Статистикалық мәліметке сай, жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің бұл бабымен 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.  
Масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жаза бұданда ауыр.
Мас жүргізуші өз өміріне қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар айналасындағылардың да өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан да, ішімдік ішіп, есірткі тұтынып масаң күйде көлік басқару орны толмас қайғыға себепші болатынын естен шығармайық.

Б.Керуенбаев,
Арал аудандық сотының
судьясы
27 қараша 2025 ж. 50 0