Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Чемпиондар баптаған мектеп

Чемпиондар баптаған мектеп

Арал қаласында спортқа жаны құмар балаларды тәрбиелеп, чемпион шығарып, аудан абыройын асырып жүрген №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің қызметкерлерінің толымды тірлігі мен жеткен жетістігін тілге тиек етпеске болмас. Себебі осы мектептен тәй-тәй қадам басқан жас өрендер қазір спорт шебері, Азия және Әлем чемпионы болып, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр. Олардың жеңісті жолында аталған мектептің алар орны ерекше. Серік Алмағамбетов басшылық жасайтын мектептің тірілігімен танысып қайтқан едік.Мұнтаздай етіп жинақталған, жаз мезгілінде маңайы гүлмен көмкеріліп жататын бұл мекеме көңілге жайлылық, бойға серпіліс беретіндей. Бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, каратэ, жекпе-жек залдары, спортшы оқушылар киім ауыстыратын және жуыну бөлмелері де қарастырылған. Бұған қоса Аманөткел, Қамыстыбас елді мекеніндегі спорттық сауықтыру кешені де аталған мектеп құрамына кіреді. Сонымен қатар Қаратерең және Аралқұм, Сазды ауылдарында орта мектептердің залдарын пайдалана отырып, бокс және грек-рим бөлімшелері жұмыс істеп тұр.
Өткен оқу жылында мектепте 10 спорт бөлімшесі жұмыс істеген. Атап айтар болсақ, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, таеквондо, каратэ, жекпе-жек сынды батылдық, қайрат қалыптастыратын секциялар, баскетбол, волейбол, футбол және әмбебап спорт түрін меңгеруді қалайтын жастарға арналған бөлімшелер бар. Қазіргі таңда мектепте осы аталған бөлімшелер бойынша 36 жаттықтырушы жұмыс істейді.
– Арал ауданы биыл спорт саласында айрықша табыстарымен көзге түсіп отыр. Әсіресе №19 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жас спортшылары республика көлеміндегі негізгі жарыстарда үздік нәтижелер көрсетіп, аудан абыройын асқақтатты. Грек-рим күресі, әйелдер күресі, бокс, баскетбол, футбол және волейбол бағыттары бойынша талай талантты жас өз шеберлігін дәлелдеді. Жыл сайын мектеп абырой биігінен көрініп, спортшыларымыз көк байрағымызды көкте қалықтатып жатады. Әрине, мұның бәрі тыңғылықты дайындық, мол ізденіспен келетін дүние. Өткен оқу жылында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде жалпы саны 10 спорт түрі бойынша, 115 топта барлығы 1464 оқушы спортпен шұғылданды. Оның ішінде спорттық сауықтырудың 20 тобында – 400 оқушы, алғашқы дайындықтың 54 тобында – 684 оқушы, оқу-жаттығу бойынша ашылған 40 топта – 374 оқушы, спорттық жетілдіруге арналған 1 топта – 6 оқушы алуан түрлі спорт түрінен дайындалды. Оқушылар артқан үміт пен жұмсалған күшті ақтай білді, – деді Серік Алмағамбетов.
Сондай-ақ жас өрендер әлемдік додаларда бой көрсетіп қана қоймай, еліміздің көк байрағын көкке көтерді. Биылғы нәтижелерге қарасақ, №19 ОРМБЖМ грек-рим күресі бөлімінің спортшылары ерекше көзге түсті.
2007 жылы туған Болатұлы Алпамыс бір жылдың ішінде екі бірдей ауқымды жарыста топ жарды. Алматы қаласында өткен U20 жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында ол 1-орынға ие болса, арада бірнеше ай өткенде Қарағанды қаласында өткен ҚР VI жастар спорт ойындарында тағы да алтын медальды жеңіп алды.
Оның жолын жалғаған Кабулов Әмірмұхаммед (2007 ж.) дәл осы жастар спорт ойындарында 1-орын иеленіп, Арал ауданының мықты палуандары қатарынан табылды. Ал 2009 жылы туған Махамбет Мирас U17 жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында қола жүлдемен оралды.
– Қарағанды қаласында өткен әйелдер күресінен U15 жасөспірім қыздар арасындағы ҚР чемпионатында Раян Жамсапқызы 1-орын, бокстан жасөспірім қыздар арасында Амман қаласында өткен Азия чемпионатында Дана Оразбекқызы 3-орын, волейболдан 2013–2014 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Айдәулет Бұхарбаев 2-орын, еркін күрестен жастар арасындағы ҚР чемпионатына қатысқан Айбат Ибраймов 3-орын еншіледі. Футболдан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Думан Құралбекұлы 2-орын иеленді. 2025 жыл №19 ОРМБЖМ үшін жемісті жыл болды. Бір жылдың ішінде спортшылар бірнеше Қазақстан чемпионатында, Азия біріншіліктерінде, жастар спорт ойындарында жоғары нәтижелер көрсетіп, аудан намысын абыроймен қорғады. Бұл жетістіктер – жаттықтырушылар еңбегінің, жас таланттардың табандылығы мен ауданның спорт саласына жасалған қамқорлықтың көрінісі, – дейді мектептің басшысы.
Мектепте аудандық мәдениет және спорт бөлімімен бірлесе отырып, спорттың бірнеше түрінен жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық жарыстар өткізіліп тұрады.
Жоғарыдағы айтылған жеңіс жолы мен жасалған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын мектеп директоры да тілге тиек етіп қалды.
Спортқа құмар жандардың шам-шырағын жаға білген, оларға дұрыс жол нұсқап, бағыт-бағдар беріп отырған спорт мектебі ұжымының да еңбегі орасан зор. Жастарды жақсылыққа жұмылдырып, ауданның атын шығарып жүрген саңлақтарымыздан әлі де күтеріміз көп.

Н. МАРАТ
09 желтоқсан 2025 ж. 95 0