ТҮНГІ РЕЙД: ЖАҚСЫҚЫЛЫШ КЕНТІНДЕ ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ
Жақсықылыш кентінде қоғамдық тәртіпті нығайту және жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы құрылған рейдтік топ кент бойынша кешкі уақытта бірқатар тексеру жұмыстарын жүргізді. Рейдке аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев қатысып, жасөспірімдер жиі баратын нысандарды аралап, жағдаймен жеке танысты.
Түнгі тексеріс барысында ойын-сауық орталықтары, қоғамдық орындар, көшелер және спорт алаңдары қамтылды. Кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта ата-анасыз жүрудің заңмен тыйым салынатыны түсіндіріліп, олардың қауіпсіздігіне қатысты маңызды ескертулер жасалды.
Сонымен қатар кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында сақтық шараларын күшейту қажеттігі айтылды. Әсіресе түнгі мезгілде алкоголь өнімдерін сатуға заң бойынша қатаң тыйым салынатыны ескертілді.
Рейд барысында анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, жауапты тұлғаларға міндеттерін орындау талап етілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы мұндай рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.










