Ызғарлы желде ықпаған
...Ол кездегі қыс өзгеше. 1986 жыл. Бодандық бұғуынан босануға талпынған үлкен-кіші бұл жолы ештеңеден тайсалған жоқ. Әшейінде, әсем шаһардың ажарын ашып тұратын алаң алашапқын күйге түсті. Жанарынан от ұшқындаған жастар ысқырығы жер жарып, он бес одақты уысында ұстаған кеңес үкіметінің жағасына жармасты. Талап біреу. Қазақстанды басқаруға орыс өкілін сайлауға түбегейлі қарсылық таныту. Ұлттық намысты бәрінен жоғары қойған өрімдей өрендердің бұл бастамасы әлдекімдер айтып жүрген демократияның қазаққа жат емес екенін аңғартқандай еді...Қош, негізгі әңгімеге көшелік. Ауданымызда шалғай орналасқан Ақеспе мекен баршаға таныс. Сонда өсіп, аталған ауылдағы жатағандау білім ұясынан қияға қанат қаққан Қоянбай Молдашұлы Қозбақов тақырыпқа арқау еткеніміздей, ызғарлы желден ықпаған жандардың бірі де бірегейі. Ол, тарихта қалған желтоқсан көтерілісінде ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Замандастарымен бірге елдің баянды болашағы үшін басын бәйгеге тікті. Қазақстан халқының мүддесін елемеу, отандастарының құқын аяққа таптаудың ақыры не боларын мұздай қаруланған жасаққа ұқтырды.
Ол заманда қазіргідей әлеуметтік желі атымен жоқ. Алайда, үкілі үміттеріміз еңселі ертең мен кемел келешек деп ұрандап «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды». Елім – айлаған елжанды ұл-қыз өздеріне төнетін қауіптің бәрін санадан сылып, тек азаттық жолында ақырына дейін барды. Жалаң қол жастар қарулы әскермен бетпе-бет келіп соққыға жығылып, мұз жастанса да алған беттерінен қайтпады.
Кейіпкеріміз Қоянбай Қозбақов та милиция қолына түсіп, ауыр азапты кешіп теміп торға тоғытылған жандардың қатарында еді. Өзін-өзі қайрады. Не бір теперішке шыдады. Ауылдың баласы емес пе? Бәріне төзді. Бұлттан кейін күн шығатынын ұқты. Бір есік жабылса, екінші есік ашыларын сезді. Араға отыз жеті жыл салып, ақталды. Қудалау мен жазғыру артта қалды. Өзі ойлағандай әділдік салтанат құрып, мамыражай өмір қайта жалғасты.
Бүгінде алпысты алқымдаған ағамыз желтоқсан айы туғанда сол бір қасіретті күндерді тіксіне еске алады. Елдің амандығын тілейді, Отанның тыныштығын сұрайды. Қазіргі таңда елдің дамуына экономиканың өсіп – өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген Қоянбай Молдашұлы Алматы қаласында тұрады. Антына адал азамат «Ihtegra Constuction KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі теміржол құрылысы «Мойынты-Достық» екінші теміржол салу мекемесінде бас маман қызметін атқару үстінде. Желтоқсан рухын бойына сіңірген ақеспелік перзент біздің де мақтанышымыз.
Асылбек БАЙНИЯЗОВ,
Ақеспе ауылы № 237 мектебінің тарих пәнінің мұғалімі










