Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күйші

Күйші

Өнер деген адамға сірә жорық,
Күйі асар аспантау қыратына.
Мұрат ата өнері мұра болып,
Жеткен жан өмірінің мұратына!
Ерте шығып кеш батқан ерке күндей,
Қазағына қалды ғой мол мұрасы.
Жүрегінің жан сырын шертетіндей,
Қолындағы күп-күрең домбырасы!
Елге келсе қуанып тарыдай құт,
Шындық үшін күрескен тарлан бағаң.
Көкке қарап Аралдың зарын айтып,
Көк теңізім келсе деп армандаған.
Қос ішегі аспаптың ескірер ме,
Қос дүниенің нотасын шығарар ең.
Мұратының төкпесін естігенде,
Аралдың да өкпесін ұғар әлем.
Киік қолын күйшінің сүйші мендей,
Аяқтады бір әлем бұл жолды да.
Сүйенері қалмаған күйшілердей,
Сүйеніп тұр бұрышта бір домбыра!
Кеттің бе домбырадай биікке ұшып,
Ақсақ құлан бізді де құлата ма?!
Киелі күйің үшін күйіп-пісіп,
Мұратыңа жеттің бе Мұрат ата?!
Айдар САЙЛАУОВ
27 желтоқсан 2025 ж. 171 0