Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тектілік туын түсірмеген тұлға»

«Тектілік туын түсірмеген тұлға»

...Ол кісі туралы көп нәрсеге қанықпын. Әсіресе қарапайымдылығына, іскерлігіне. Аудан айнасына баланған басылымға қызметке алынған кезім еді. Жұмыс барысында атқарушы билікпен тығыз байланыс жасай жүріп білікті басшымен онан әрі аға-іні болып қарым-қатынас орнаттық.
Міне бас тақырыпта көрсеткеніміздей, «Тектілік туын түсірмеген тұлға» атты туынды бүгінде оқырман олжасына айналып отыр. Біреудің өмірі біреуге қызық емес те шығар, алайда саналы ғұмырын туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнап, жүріп өткен жолында мақтанарлықтай іс қалдырған Нажмадин Мұсабаевтың өмірі көпке үлгі.
Білетінім, он жылға жуық Аралдай тарихы терең ауданның тізгінін ұстаған басшы қашанда абырой биігінен көрінді. Ол уақытта қазіргідей республикалық, облыстық, аудандық бюджеттерге қаржы құйылып жатпайды. Аудан экономикасының өркендеп дамуына жоқтан бар жасап, абырой беделіңмен алға жылжуға тиіссің. Талап солай...
Аттан түскен жоқ, үнемі көптің қамын күйттеді, жұрттың жоғын жоқтады. Сыр өңірінің өркен жаюына біркісідей қолтаңба қалдырып, елдің құрметіне бөленген азаматтардың бірі де бірегейі болды. Мұның алдында да туған жерін тұмарындай қастерлеп, Арал тағдырының  нағыз жанашыры бола білген Нажмадин Мұсабаевтың өмірі мен қызметі жайлы бірнеше кітаптар жарық көріп, елжанды азаматтың атқарған өміршең істері кеңінен дәріптелген болатын.
Шәкәрімше айтсақ, бұл кітаптың сипаты бөлек, мазмұны ерек. Қоғам үшін тер төгіп, қарапайым құрылысшы мамандықты еншілеп, іргелі Жаңақорған, Қазалы, Арал ауданының әкімі болған жанның мемлекеттік қызметтегі жолы ұзаққа барды. Яғни, әкімдік қызметтен зейнеткерлікке шыққан санаулы дара тұлғалардың қатарынан табылды. Аталмыш кітапта кейіпкеріміздің кісілік келбеті, адамгершілік қасиеті, әсіресе руханият саласына деген ұшан-теңіз қамқорлығы жан-жақты дәріптеледі.
Руханият орталығындағы жылы жүздесуде жиналғандар қарасының қалыңдығы «Парасат» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудеге таққан тұлғаның тегін адам емес екендігін аңғартқандай. Тұсаукесер рәсімінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз сөйлеп, Нажмадин Түрікпенұлының қажырлы еңбегі мен азаматтығына айрықша тоқталды. Сондай-ақ, тәуелсіздік алған кезеңдердегі қиындықтарды еңсеріп, өңірдің даму стратегиясын қалыптастыруда нақты нәтижеге қол жеткізгенін ортаға салды. Артынша, Н.Мұсабаевтың 75 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылған жаңа кітаптың тұсауы салтанатты түрде кесіліп, ойлы оқырманға жол тартты.
Тағылымды шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов, білім саласының ардагері Әнес Әуезов мерейтой иесіне ыстық ықыласын жеткізді. Жиналған қауымға ерекше әсер сыйлаған шарада кітап авторларының бірі Нұрназар Түрікпен жұртшылыққа кітап мазмұны төңірегінде кеңінен сөз сабақтады. Өзге де зиялы қауым өкілдері танымдық дүниені тақырыпқа арқау еткен туынды төңірегінде салиқалы пікірлерімен бөлісті. Қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаевқа жасалған құрмет – руханиятқа құрмет. Өйткені, сөз басында айтқанымыздай, ұзақ жыл Арал ауданын басқарған жылдарда бабаларды ұлықтап, батырларды дәріптегені көпке мәлім. Өзі зейнетке шықса да Жалаңтөс Баһадүр атындағы республикалық қордың президенті ретінде қоғам жұмысынан шет қалмаған жан тілеулес халқының ортасында әлі де мол тәжірибесімен, өнегелі ісімен ақылшы бола беретініне сеніміміз мол.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
10 қаңтар 2026 ж. 90 0