Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шет жерде шыңдалған шойын

Шет жерде шыңдалған шойын

«Өткенімізді еске алсақ, өскеніміздің белгісі. Өткенімізді ұмытсақ өшкеніміздің белгісі» деп бабаларымыз айтып өткендей, Өмір – өзен толассыз, тоқтаусыз өз ағысымен талай жылдарды артқа тастап, тіршілік керуенін алға жетелеп келеді. Жас ұлғайған сайын өткен өмірімізді саралап, артымызға не қалдырып барамыз дегендей өмір белестерімізді еске түсіріп, ұзақ жылдар бойы жазып келе жатқан жиырмадан астам қалың дәптерден тұратын күнделігімізге (әзірге 3780 бет) үңіліп, өзімізден есеп алып отыруды дағдыға айналдырып келеміз. Дүние есігін шыр етіп өмірге келген әрбір пенде, балалық шағының, мектеп қабырғасындағы жеткіншектік кездері мен студенттік шақтары, әскери борышын өтеу мен еңбек жолдарының бел-белестері мәңгі есте сақталатыны аян. Міне осындай ұзақ уақыт артта қалған ұмытылмас белестердің бірі ол – әскери борышты өтеу дер едім, Отан – анаға ыстық сезім, оны көздің қарашығындай сақтай білуге, қорғауға, Отан алдында берген антқа адал болу сияқты азаматқа лайық қасиеттерді бойымызға сіңіріп, әскери тәртіпке шыңдалып өстік.
Айтайын дегенім, Германия Демократиялық Республикасында (ГДР) Кеңес әскері қатарында борышымызды өтеген кезімізге де 60 жылдан астам уақыт өтсе де, ұмытылмас сәттердің бірі, Германия жерінде қазақ халқының абыройын асқақтатқан әскери қаруласым, елге келген соң ұстаздық әріптесім болған Базаралы Айтбайұлы Құрмансейітов туралы болмақ.
1962 жылы күз айларының басында аудандық әскери комиссариат шақырып іріктелген 16 азаматты және басқа өңірлерден келген жігіттермен қоса Өзбекстанның Термез қаласына апарып, бір ай жаттықтырған соң, ГДР-ге алып барды. Барған соң әрқайсымызды әр жерге бөліп жіберді. Таныс емес елде кімнің қайда барғанын білмейміз. Мекен жайларымызды үйлерімізге хат жазу арқылы біліп, хат жазысып тұрдық. Қанай Баймаханов екеумізді Олимпишездорф қаласына алып келді. Мені полк барлау қызметі командирінің жүргізушісі болып орналастырды, ал Қанайды басқа бөлімге жіберді, бірақ бір казармада тұрдық.
Келесі 1963 жылдың жаз айында бокс болады деп хабарлаған соң клубқа жиналдық. Клубтың іші өте кең, кезінде 1936 жылы олимпиада өткен деп те жатты. Сонымен турнирдің екінші кезеңінде Базаралы Құрмансейтов деп хабарлағанда бүкіл қазақстандықтар болып аяғымызға тік тұрып, қошеметтеп қарсы алдық. Бірінші раундта-ақ Базаралының айқын басымдылығымен өтті. Екінші раундтың ортасында Базаралының қатты соққысынан қарсыласы жерге сұлап түсті. Нокаут. Төреші Базаралының қолын көтеріп «Горнизон чемпионы» деп хабарлағаннан кейін рингке лап бердік. Базаралыны жерге түсірмей аспанға атып жатырмыз, «Қазақстан», «Қазақстан» деген дауыстар клубтың ішін жаңғыртып жіберді. «Қанына тартпағанның қаны сіңсін» демекші, бізде ерекше көңіл-күймен қуанып жатырмыз. Бізге де кезек келіп құшақтасып жатырмыз. Бұл Арал теңізінің «Акуласы» ешкімге дес бермейтін дүлей күш иесі деп мақтап жатырмыз. Қазақстаннан келген басқа ұлт өкілдері де «қазақ батыры» осындай болады деп, орыс тілінде айтып жатты. Қалай болғанда да, сол жерде жиналған Кеңес Одағынан келген қаншама ұлт өкілдері алдында қазақтың абыройын асқақтатқан Базаралының бұл жеңісі ерлікпен тең еді.
Ерлік демекші батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: "Ерлікті адам жасайын деп жасамайды. Сол сәттегі ерік-жігер, бойдағы күшті рух туғызады. Бейбіт өмірде де кішігірім ерлік жасауға болады. Ол үшін оның бойында туған елі мен жеріне деген ерекше сезім, өз ісіне шексіз адалдық керек" деген екен. Германия жерінде Кеңес әскерлерінің қаншама ұлт өкілдері алдында қазақ елінің абыройын асқақтатып, рухын көтерген Базаралының бұл кішігірім жеңісі біз үшін ерлікпен тең еді.
ГДР-ден әскери борышымызды өтеп, 1965 жылдың соңғы айларында елге оралдық. Осы үш жарым жылдың ішінде командирімнің қызметіне сәйкес осы елдің көптеген қалаларын араладым.
Айтайын дегенім Ұлы Отан соғысы туралы оқулықтан оқып, кинолардан көріп білетінбіз. Енді өзімнің көріп-білгенімді айта кетсем деймін. Потсдам қаласына жақын орналасқан Заксенхаузен концлагерінде басқалармен бірге екі рет саяхатта болдым. Бұл концлагерьдің кіре берісінде үлкен мұражай салынған. Онда тұтқындарға берілген тамағы, ыдыс-аяғы, киімдері, денелеріне қыздырып басатын белгілері, ағаш аяқ киім, кісен тағы басқа да заттар арнайы ыдыста сақтаулы.
Концлагерь тікенек темірмен және жоғары кернеулі электр желісімен қоршалып, прожекторлар орнатылған. Радио орыс, неміс, ағылшын тілдерінде сөйлеп тұр. Көргеніміз – тұтқындар жататын үй, ағаштан жасалған екі қабат керуеттер. Төсек, жастықтары сабаннан жасалған. Одан соң жан түршігерлік газ толтырылған камера, терезесі жоқ, есігі тұмшаланған. Оған 50-100 адам кіргізіліп, газға тұншықтырылып өлтіреді екен. Олардың шаштарын, тістерін, терілерін және қажетті ағзаларын алып отырыпты. Өлікті өртеуге арналған төрт пеш көрдік. Несін айтасыз, сұмдық. Биіктігі он метрдей болатын сатыны көрдік. Тұтқындарға ағаштан жасалған 60-70 см болатын аяқ киімді кигізіп әлгі сатыға шығаруға бұйырады екен. Сатыдан құлаған тұтқындарды иттерге талатып қызықтайды екен. Сол сатыға біздердің өзіміз әрең дегенде көтеріліп көрдік. Ал ағаш аяқ киім киген тұтқындардың шыға алмасы бесенеден белгілі екені анық. Бұл адамды азаптаудың бір түрі ғана. Әскер қатарына жаңадан шақырылған кеңес солдаттарына тірі адамдарды атып үйрету үшін арнайы жасалған тир бар. Онда тұтқынның екі аяғын құлыптап тастайтын қалып және ұзындығы 30-40 метр болатын темір арқанға (тросқа) орнатылған ілмешекке тірі тұтқынның кеңірдегінен іліп, әлгі арқан арқылы арлы-берлі жүгіртіп атқызып үйретіпті деседі. Осындай қатыгездік, зорлық-зомбылық пен азаптаудың небір түрлері болғанын көзімізбен көргенімізде тұтқындағы адамдардың сол кезддегі жағдайлары көз алдымызға келіп, жүрегіміздің ауырғаны бар еді.
ГДР-дің әскерін “Халықтық армия” дейтін, олармен жиі кездесулер өткізілетін. Сол кездесулерде жергілікті жердің заңдарымен тыныс-тіршілігімен танысатынбыз. Тәртіптің күштілігі сол, егер үйге ескертусіз кіріп шықса, үй иесі заң орнына берсе ол адамды 3 айдан 1 жылға дейін соттайды. Ал үйге кіріп айқай шығарса, онда бір жылдан үш жылға дейін сотталады. Ұрлық жоқтың қасы. Қойған заттары қанша уақыт өтсе де орнында тұрады. Ал көше тазалығы айнадай деуге болады. Автострада, асфалтталған көшеде немесе жолдарға кішкене сызат түссе болды, жөнделмей көліктер жүрмейді. Қала сыртындағы жолдардың екі жағы жеміс ағаштарына толы. Қариялардың аса таяғының астына ролик орнатылған, таяқтың ортасынан жоғарырақ ілгешек жасалған, сатып алған заттарын сол ілгешекке іліп, ролик арқылы таянып жүріп отырады. Көшелері тастан қашалып салынған тас жол. Ал демалыс күндері бірде-бір дүкен немесе мекемелер жұмыс жасамайды, оларша демалыс бәріне бірдей деп есептейді екен. Олар әр айда азық-түлікке, киімге, коммуналдық қызметтерге жұмсалған ақшаны есептеп, келесі айда жұмсалатын ақшаны өткен айда жұмсалған ақшамен салыстырып отырады. Әрине әлде де көп нәрсені айтуға болады. Айтайын дегенім неміс халқынан көп нәрсе үйренуге лайық. Біз тұрған қаламызға жақын орналасқан Магдебург, Приорд, Потсдам және басқа да қалаларының түнгі безендірулері таңғаларлық. Түнде қай қалаға кірсек те басқа бір дүниеге кіргендей болатынбыз. Менің айтып отырғаным бұдан 60 жыл бұрынғы көрген-білгенім. Қазір ол уақыттардағыдан да жақсарған шығар.
Тұтқындар, соғыс майданында тілерсектен қан кешкен әкелеріміз бен аналарымыз, тылда жанқиярлықпен жұмыс істеген аға-апаларымыз қандай қиыншылықтарды бастан өткізген. Құдайға мың да бір шүкір. Жақсы заманды жақындатқан, тәуелсіздік жолында күрескен қазақстандықтар үшін Жеңістің 80 жылдық мерекесі үлкен өрлеу үстінде аталып өтілді. ГДР-де әскери борышымды бірге өткізген достарым Сағындық Жүрсінбаев (Сәкен) Республика бас прокурорының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Әділет генералы, заң ғылымдарының докторы. Аралтұзда тұрған Айтуған Смағұлов метал өңдеудің қас шебері. Базаралы Құрмансейтов спорт саласының саңылағы атанды, Қанай Баймаханов өрт сөндіру инспекциясының басшысы, майор шеніне дейін жетті. Мен де білім саласында 30 жыл қызмет етіп, КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері төс белгілерін иелендім. Басқа да әскери достарым өздеріне лайық қызметтерді абыроймен атқарған ел таныған азаматтар болды.
"Өз қосағын тапқан қос жас жұптың өмірді ақ некемен бастауы – мұсылмандық парызы" демекші, Базаралы жар таңдауда да маңдайлы болды. Сырдың шынарындай ару қызы Шымбике Нағашыбайқызымен бас қосып, отау құрды. Әскерден келген біздің арамыздан бірінші үйленген Базаралы болды. Қамбашқа жақын «Сталин путь» колхозында болған тойына оншақты жігіттер болып қатысып, түніменен тойдың ажарын ашып, жүрек жарды тілегімізді айтып, қайтқанбыз. Міне, сонан кейін кезек-кезек үйленіп, тойларымызға қатысып жүрдік. Әрқайсымыз әр мамандықта қызмет жасадық. Базаралы екеуміз білім саласында қызмет еттік.
"Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көреген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын, мейлінше шешен, өнер, білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақ тұтатын, жақындарына да жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жаңалық пен ізгілікті көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек" деген екен ұлы ғұлама Әл-Фараби. Сол айтқандай, ұстаз – бәріне де үйретуші, жол көрсетуші, жол сілтеуші, мемлекетіміздің даму саясатының мықты насихатшысы. Жүріс-тұрысымен де, сөзімен де, ісімен де, ішкі-сыртқы мәдениетімен де абыройға бөленген ұлағатты ұстаздардың бірегейі болған Базаралы болатын. Оның аузын ашса, жүрегі көрінетін әке қаны мен ана сүтінен дарыған жайсаң мінезі, дария кеуде, тау мүсін келбетті, достар арасындағы шынайы сыйластығы жарасқан жан болатын. Оның спорт саласының саңлағы ретінде шәкірттері биік асуларды бағындырып, аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Оның төккен маңдай тердің қайтарымы ретінде ерен еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Білім саласының жоғары басшыларынан және басқа сала басшыларынан алған марапаттар бір өзіне жетерлік. Кезінде Базаралы Құрмансейтов атындағы турнир өткізіліп, ұстаздың ұстаздық дәрежесін асқақтатқанды. "Тау алыстаған сайын биіктейді" деп халқымыз бекер айтпаған. Дүниеден өтсе де биіктігімен, қиындыққа мойымайтын қайсарлығымен, ірілігімен ел есінде сақталып келеді.
"Қойны суық қара жер қақпанды қайда құрмайды, түсі суық сұм ажал сұр мергендей ойнайды" демекші, әскери қаруластарым, жастық шақтың қызығын бірге қызықтаған достарым Базаралы мен Айтуғандай абзал азаматтармен қоштасу қаншалықты ауыр екені баршаға аян. Базаралы 2003 жылы дүниеден өтті, ал Айтуғанды биыл 1 жыл болады жер қойнауына тапсырып, қимастықпен қоштасқан едік. Алланың ісіне не шара?! Адалдықтың бұлағын лайламаған адал жарлары Шымбике мен Мауытыға, бауыр еттен жаралған балаларына, ағайын-туыс, жекжаттарға біздерге де жер қойнауына тапсыру оңай соқпағаны белгілі.
"Кездескенде қуанамыз бәріміз,
Қоштасарда қиналады жанымыз.
Кездесу мен қоштасудың арасын,
Жалғастырып тұрады екен сағыныш" – деп ақын ағамыз Кәкімбек Салықов жырлағандай, Базаралы мен Айтуған сынды достарымды әрдайым сағынышпен еске алып, жүрегімнің түпкірінде сақтап келемін.
Бақытты отбасы – қоғамның негізгі тірегі, береке мен мейірімнің бастауы. Отбасы – тәрбие ошағы, ұрпақ тәрбиесінің негізгі мекені. Адамның мәні де, сәнді де өмір сүруі оның отбасына, қосағына байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Ақын, философ Жүсіп Баласағұн "Құрсақта біткен мінез қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді өлгенше өзгерте алмайсың" деп айтқандай, Шымбикенің қазақ келініне тән жарасымды жүріс-тұрысына, мағыналы, мәнерлі сөзіне, аналық мейіріміне, қазақы салт-дәстүрге беріктігіне және ошағы оттан түспеген қонақжайлылығына ешкімнің таласы жоқ. Жақсы мінез – таусылмайтын байлығың демекші, Шымбикенің жібектей есілген мінезі, үй ішіне, айналасына жұғымды, үлкенді құрметтеген, кішіні ізеттеп, кісі бетіне жел болып тимей тұратын қасиеттер Шынбикеге тән. Бес перзентін дүниеге әкелген алтын құрсақты аяулы ана. Еңбек жолын Аралтұз мекемесінде қарапайым қатардағы жұмысшыдан бастаған. Жақсықылыш кенінің депутаты болып сайланып, халық қалаулысы ретінде тұрғындардың өтініш-тілектерімен қоса ұсыныстарын жоғары билікке жеткізіп, нәтижелі етті.
Базаралы мен Шынбикедей осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұлдары мен қыздары Жаңалық, Амандық, Айткүл, Айгүл, Бауыржан өмірде өз орындарын тапқан жайсаң жандар. Әке жолын жалғастырушы ұлы Бауыржан Базаралыұлы – Жақсықылыш кентіндегі №19 мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Бауыржанның спорттағы жетістігін мақтанышпен айтуға әбден тұрарлық. Ол волейболдан Қазақстан Республикасының Ұлттық дәрежедегі төрешісі. 2025 жылғы дене тәрбиесі аудандық байқаудың жеңімпазы ретінде "Жыл үздігі" атанып, мектебінің мәртебесін көтергені тағы бар. Биыл «Үздік денешынықтыру пәні мұғалімі» облыстық байқауда ІІ орынды иеленген. Басқа марапаттар өз алдына бір төбе десе болғандай.
"Дүние шіркін". О, дариға, қайран әзіз өмір, сенің алтын сәулеңе не жетеді, көзді ашып-жұмғанша, яки кірпік қаққанша өтіп кетер шекер дүниенің қызығына кім тояр дейсің" демекші, Шымбике әзіз өмірдің алтын сәулесін көре бер. Базаралының көрмеген қызығын, жасамаған жасын өзіңмен бірге, ұрпақтарыңа жазсын, отбасыңа амандық, өзіңе зор денсаулық тілей отырып, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпақтарыңа еге бер деген тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР-ның халық ағару ісінің озық қызметкері
14 мамыр 2026 ж. 47 0