БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ ҚАЛЫПТАСУДА
Арал өңірі ежелден балықшылық кәсіппен аты шыққан аймақ. Талай жыл бойы теңізден нәпақасын айырған жергілікті халық үшін балық шаруашылығы атадан балаға жалғасқан тіршілік көзі саналады. Алайда соңғы жылдары Кіші Арал теңізіндегі балық қорының азаюы балықшыларға үлкен алаңдаушылық туғыза бастады. Табиғи су айдындарындағы балық санының кемуі, теңіз түбіне дейін ау салудың жиілеуі және балықтардың табиғи жолмен көбеюінің төмендеуі салаға жаңаша көзқарас қажет екенін көрсетті. Осыған байланысты Арал ауданында балық шаруашылығын дамытудың тың тәсілі қолға алынып, тұрғындар жасанды тоғандарда балық өсіруге бет бұра бастады.Бүгінде аудан көлемінде бұл бастама қарқын алып келеді. Атап айтқанда, Жаңақұрылыс, Қаратерең, Ақирек, Бөген, Аманөткел, Бекбауыл ауылдық округтері мен Ерімбетжаға елді мекенінің тұрғындары арнайы тоғандар қазып, балық шаруашылығын жандандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Ауыл азаматтары бос жатқан жерлерді тиімді пайдаланып, шағын су айдындарын кәсіп көзіне айналдыруға күш салуда. Бұл тек табыс табудың амалы ғана емес, сонымен бірге өңірдегі балық қорын сақтауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
2024 жылдан бастап аралдық балықшылар Кіші Арал теңізінен балық аулаумен қатар, балық шабақтарын өсіріп, қолдан көбейту ісін қатар алып келе бастады. Қазіргі таңда алғашқы нәтижелер де байқалуда. Жасанды тоғандарда өсірілген балықтар жергілікті нарыққа шығарылып, тұрғындардың қызығушылығын арттырып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл тәжірибе алдағы уақытта аудан экономикасына да оң әсерін тигізбек.
Балық өсірудің тиімді әдістерін меңгеру мақсатында бір топ аралдық кәсіпкерлер Түркістан облысының Шардара ауданына арнайы барып, оңтүстік өңірдегі жеке балық шаруашылықтарының жұмысымен танысты. Ондағы тәжірибелі мамандармен пікір алмасып, тоған дайындау, су сапасын бақылау, шабақ өсіру және жем беру тәсілдері бойынша тәжірибе жинақтады. Мұндай тәжірибе алмасулар Арал ауданында жаңа технологияларды енгізуге жол ашып отыр.
Аудандағы ең ауқымды жобалардың бірі Ақирек ауылдық округінде жүзеге асырылуда. Жалпы аумағы 380 гектар жерді алып жатқан ірі тоған шаруашылығының бастамашысы – кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Жұмашев. Жобаның жалпы құны 685 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкер балық шабақтарын Қамыстыбас балық питомнигінен алып, оларды арнайы тоғандарда өсіру жұмыстарын қолға алған. Жоспар бойынша мұнда жылына 300 тоннаға дейін сазан тектес бағалы балық түрлері өндірілмек.
Бұл жоба тек кәсіпкерлік бағыттағы бастама емес, сонымен бірге аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба саналады. Тоған шаруашылығында жергілікті азаматтар еңбек етіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сонымен қатар, болашақта өңірде балық өңдеу саласын дамытуға да негіз қаланбақ.
Мамандардың пікірінше, жасанды жолмен балық өсіру — табиғи су айдындарына түсетін салмақты азайтудың ең тиімді жолдарының бірі. Егер мұндай жобалар жүйелі түрде жүзеге асса, Кіші Аралдағы балық қорын сақтап қалуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, қолдан өсірілген балық өнімдері ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін арттыруға да ықпал етуі мүмкін.
Қазіргі таңда Арал өңірінде қолға алынған бұл бастамалар ата кәсіптің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады. Теңіз тағдырымен біте қайнасқан аралдықтар заман талабына бейімделіп, балық шаруашылығын дамытудың тиімді жолдарын іздестіруде. Жасанды тоғандарда балық өсіру ісінің кең қанат жаюы – аудан экономикасын әртараптандырып қана қоймай, Аралдағы балық шаруашылығының болашағына жаңа серпін беретіні анық.
Н. БАҚЫРАН










