Табиғаттың тылсым мінезі
Көктемнің соңғы айы мамыр келгенде күн жылып, жұрт жаздың лебін сезіне бастайды. Алайда дәл осы мезетте табиғат тосын мінез көрсетіп, ауа райы күрт суытып кететін кез болады. Қазақ халқы бұл құбылысты ежелден «Құралайдың салқыны» деп атаған. Бұл – халықтың табиғатты бақылаудан туған танымы мен өмірлік тәжірибесінің көрінісі.Құралайдың салқыны деген не?
«Құралайдың салқыны» – мамыр айының орта шенінде бірнеше күнге созылатын суық жел мен жауынды, кейде тіпті қар аралас салқын ауа райы. Халық арасында бұл мезгіл киіктердің төлдеу уақытымен байланыстырылады. Киіктің жаңа туған лағын «құралай» деп атайды. Даланың ерке жануары дәл осы салқын күндері төлдеп, табиғаттың тосын мінезі құралайларды жыртқыштардан қорғайды деген сенім бар.
Қазақ халқы табиғаттағы әр өзгерісті жіті бақылап отырған. Сондықтан ауа райының мұндай құбылысына жай ғана атау беріп қоймай, оның астарына мән-мағына сыйғызған. «Құралайдың салқыны» – тек суық күндердің атауы емес, ол – көшпенді халықтың табиғатпен етене өмір сүргенінің дәлелі.
Халық болжамы және табиғат
Ертеде ата-бабаларымыз күн райын арнайы құралсыз-ақ болжай білген. Олар жануарлардың қимылына, желдің бағытына, бұлттың түріне қарап алдағы өзгерістерді аңғарған. Соның бірі біз қозғап отырған бүгінгі тақырып.
Қарттар бұл күндері жел күшейіп, жауын-шашын болатынын, түн салқындайтынын алдын ала айтып отырған.
Қазіргі метеоролог мамандар да мамыр айында атмосфералық ауа ағындарының өзгеруінен қысқа мерзімді суыту болатынын растайды. Яғни халықтық болжам мен ғылымның үндесіп жатқаны байқалады.
Табиғат пен тіршілік байланысы
Құралайдың салқыны көбіне малшылар үшін маңызды кезең саналған. Себебі көктемгі төл алу науқаны аяқталып, мал әлсіз болатын уақытқа сәйкес келеді. Сондықтан шаруалар бұл күндері малды ықтасынға айдап, сақтық жасаған.
Ал егіншілер үшін бұл – жердің соңғы ылғал жинайтын шағы. Салқын жаңбыр көктеп келе жатқан егінге пайдалы болған. Яғни табиғаттың әр құбылысы тіршілікпен тығыз байланыста өрілген.
Ұлттық танымдағы орны
Қазақ халқы табиғатты ешқашан бөлек қарамаған. Әр мезгілге, әр құбылысқа ерекше атау берген. Бесқонақ, Мизам шуақ, Сүмбіленің суы, Қарашаның қайтуы секілді ұғымдар соның дәлелі.
Осындай атаулардың қатарында «Құралайдың салқыны» да ғасырлар бойы ұлт жадында сақталып келеді. Бұл сөздің өзінде табиғатқа деген құрмет, бақылау және даналық жатыр.
Қазіргі кездегі маңызы
Бүгінде технология дамып, ауа райын спутник арқылы болжайтын заман туды. Дегенмен халықтық атаулар мен табиғатқа қатысты ұғымдар өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Керісінше, олар ұлттық мұра ретінде бағалана бастады. Құралайдың салқыны бізге табиғаттың адам өмірімен тығыз байланысты екенін еске салады. Табиғаттың әр өзгерісін түсініп, оған құрметпен қарау – ата-бабадан қалған өнеге. Халық даналығы мен табиғатты тану мәдениеті және ұлттың өмір тәжірибесі болып саналатын ұлттық атаулар мен халықтық болжамдарды ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның міндеті.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









