Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Ақжүрек" марапатын иеленген дәрігер

"Ақжүрек" марапатын иеленген дәрігер

Адамның бірінші байлығы – денсаулығы. Жас келген сайын денсаулықтың сыр бере бастайтыны анық. Сондайда жәрдемші іздегенде дәрігерлер мен ауруханаларға бет аламыз.
         Мен үшін осындай ақ халатты абзал жандардың бірегейі – ауданымызға белгілі кардиолог-дәрігер Әлия Жиенбаева. Қай кезде болсын, қашан барсаң да оның алдына барғанда бойыңдағы дертіңнің жартысынан айығып қалғандай боласың. Бұл дәрігерлердің науқасқа деген жан шуағы, мейірімділігінің жақсы әсері болар.
         Жүрек – адам ағзасының басты бөліктерінің бірі. Айдынды өңірімізде осыдан шамалы уақыт бұрын "Ұлт саулығын нығайту" жобасы аясында 35 төсектік кардиология бөлімшесінің ашылғанын білеміз. Бұл – жүрек дертімен арпалысып жүрген жандар үшін өте қуанышты жағдай болды. Өйткені енді өзге аймақтарға сандалмай өз қаламызда емделуге мүмкіндік туды.
         Иә, соңғы жылдары мені де жүрек дерті жиі мазалайтын болды. Әйтеуір туған жерімізде емделіп жүргенімізге шүкіршілік етеміз. Өзім "Менің сүйікті дәрігерім" деп меншіктей айтып жүретін кардиолог-дәрігер Әлия Жиенбаеваның біліктілігі арқасында жақсы емімді алып, отбасыма оралып жүрмін. Оны мен медицина қызметкерлеріне әрдайым үлгі етіп жүретінмін. Міне, сол сөзімді растағандай Әлия дәрігер Қазақстан кардиологтары ассоциациясының жоғары марапаты – "Ақ жүрек" номинациясымен марапатталғанын естіп, төбеміз көкке жеткендей қуанып қалдым. Денсаулық саласының үздігі бола беруіне тілектеспіз. Қайта қызметінің биік белестерін бағындыра берсін деймін.
         Қуанышты да, басқаны да алдымен сезетін, адамның жан әлемінің бағдаршысы жүректеріміз осындай ақ жүректі, ақ халатты кардиолог-дәрігер Әлия Жиенбаева сияқты шипагерлердің емін алып, әрқашан кеудемізде соғып тұра берсін.
Жанар БАРБОСЫНОВА,
"Толқын" газетінің ардагері
23 маусым 2026 ж. 21 0