Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Руханият керуені Қамыстыбасқа келді

Руханият керуені Қамыстыбасқа келді

«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп хакім Абай өсиет еткендей, адамзат баласының замана бойы жинаған ақыл-ойы мен парасат өлшемі – кітаптың орны қашанда төрде. Бүгінгі цифрлы дәуірдің қарқыны жан дүниені жұтып қоймауы үшін ұлттық болмыс пен зиялылықты сақтап қалудың бірден-бір жолы оған бет бұру. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен бастамалар іс жүзінде орындалғанда ғана елге пайдасы тиеді. Біз, ең алдымен, жас ұрпақты кітап оқуға баулуымыз керек. Кітап оқитын ұлт қана нағыз зиялы, алдыңғы қатарлы қоғамға айнала алады» деген пайымды сөзі елдік мұратқа айналды.
Президенттің осы салиқалы бастамасының тікелей көрінісі ретінде бастау алған «Кітап керуені – руханиятқа жол» ауқымды жобасы Арал өңірінің киелі топырағында, айдыны мен аңызы қатар өрілген Қамыстыбас ауылында аялдады. «Керуен келді» деген хабардың өзінен қазақтың бағзы қасиеті мен мәдениетінің исі аңқиды. Бұл жолы ауыл халқы жан азығы болған ілім мен сөз өнері тиелген рухани керуенді ерекше ықыласпен қарсы алды.
Шараның шымылдығын түрген Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Азат Балмырзаева, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сапар Көзейбаев және Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Махатов құттықтау сөз сөйлеп, бұл жобаның ұлт санасын сілкіндіретін қозғалыс екенін жеткізді.
«Кітап – алтын қазына» демекші, керуен аясында ауыл тұрғындарына әлемдік және отандық әдебиеттің інжу-маржандары, сонымен қатар заманауи басылымдар таныстырылды.
Рухани ағарту ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар кітапхана мамандары Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен марапатталса, тіл мен мәдениетке, елдің ертеңіне бейжай қарамайтын танымал кәсіпкер, «Бертағы» супермаркетінің басшысы Асылхан Жұмажанов пен Арал теңізі станциясының басшысы Талғат Шүреновтің демеушілігімен ең белсенді оқырмандар арнайы номинациялар мен қаржылай сертификаттарға ие болды.
Шара барысында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана ұжымы жергілікті орталық кітапхана қорына «Қазақстан Республикасының Конституциясы» атты құнды басылымды сыйға тартты. Заң үстемдігі орнаған қоғамда әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мемлекет беріктігінің кепілі. Бұл сый оқырмандардың Ата Заң қағидаларын терең түсінуіне жол ашпақ.
«Кітап керуенінің» ең шуақты сәті Қамыстыбас ауылдық мәдениет үйінде жергілікті сөз зергерлерімен өткен еркін форматтағы кездесу кешінде өрбіді. Ақын Айдар Сайлауов тізгіндеген мазмұнды сұхбатта қарымды қаламгерлер, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері Жұмабай Жақып, Ерғали Абдулла және Абай Елеш өздерінің жүрекжарды туындыларын оқып, туған өлкенің рухани мұрасы мен әдебиет әлемінің тылсымы жайында сыр шертті.
Қаламгерлержастарды көркем сөздің нәрімен сусындауға шақырды. Ауыл тұрғындарының зор ықыласына бөленген кеш жыр мен парасаттың шынайы мерекесіне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөзінде: «Біз кітап оқу мәдениетін қоғамда жан-жақты дамытуымыз қажет. Кітапханалар – ұлттың зияткерлік әлеуетінің орталығы» деп айрықша атап өткен болатын.
Сөз қадірін өз қадірім деп білетін Арал жұртшылығы үшін бұл күн рухани жаңарудың, өткен мен бүгінді жалғаған парасат көпірінің алтын діңгегі болды.
Әйгерім ҚЫРЫМОВА,
аудандық орталық кітапхананың
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы
27 маусым 2026 ж. 32 0