Оқуға бастар жүз қадам
Кітап – адамзат ойының жауһары, ұлттың рухани жадын сақтайтын мәңгілік қазына. Қай кезеңде де қоғамның кемелдігі кітапқа деген көзқараспен өлшенген. Осы ұстаным бүгінде мемлекет деңгейінде нақты бастамаларға ұласып, ел руханиятының өзегіне айналып отыр. Соның айқын көрінісі – Арал өңірінде жүзеге аса бастаған тағылымды жобалар.Жақында Руханият орталығында орналасқан Арал аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен жалпыхалықтық оқуға ұсынылған «100 кітап» аясында «Жүз кітап – жүз қазына» атты мекемеаралық оқу жобасының салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара – жай ғана жобаның басталуы емес, аудан мекемелерін бір мақсатқа тоғыстырған рухани серпіліс, оқу мәдениетін жаңғыртуға бағытталған нақты қадам болды.
Атаулы жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде кітап оқу – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыратын басты фактор екенін атап өткен болатын. «Ойлы ұлт боламыз десек, ең алдымен оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек» деген мазмұндағы бұл ой бүгінгі бастамалардың идеологиялық өзегіне айналып отыр.
Салтанатты кеш кітапханашылардан құралған «Жаңалық жаршысы» үгіт бригадасының рух беретін жалынды жырымен ашылды. Бұл көрініс шараның мазмұнын айқындап, қатысушыларды рухани кеңістікке жетеледі. Әуезді үн мен мәнді сөз кітаптың қадірін, оқудың қасиетін көркем түрде сезіндіре білді.
Жобаның ашылу рәсімінде бастамашы, аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз сөйлеп, қатысушы мекемелерге жобаның маңызы мен өзектілігін кеңінен түсіндірді. Ол кітап оқу – тұлғаны қалыптастыратын, қоғамды алға бастайтын негізгі күш екенін атап өтіп, рухани құндылықтарды дәріптейтін бұл жобаның мазмұнды әрі нәтижелі болуына тілектестігін білдірді. «Кітап – үнсіз ұстаз» деген халық даналығы дәл осындай бастамалар арқылы өз өміршеңдігін дәлелдейтініне тоқталды.
Одан әрі жоба жетекшісі, жоғары дәрежелі кітапханашы М.Үтегенова сөз алып, «Жүз кітап – жүз қазына» жобасының негізгі мақсаты мен жылдық жұмыс жоспарын таныстырды. Жоба аясында әр мекеме белгіленген кітаптарды оқып, әдеби талқылаулар өткізіп, пікір алмасу мәдениетін қалыптастыратыны айтылды. Бұл – оқырманды тек кітаппен таныстыру емес, ойлануға, талдауға, рухани өсуге жетелейтін жүйелі жұмыс екені анық аңғарылды.
Кештің мазмұнын тереңдете түскен «Ашық микрофон» бөлімінде Аралдың ардақты азаматтары, ақын Жұмабай Жақып пен Ерғали Абдулла сөз сөйлеп, жобаның қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті. Олар кітаптың адам жанына әсері, сөз құдіреті мен оқудың тәрбиелік мәні туралы ойларын ортаға салып, «Кітап – рухтың азығы, ойдың шамшырағы» деген тұжырымды нақты мысалдармен байытты.
Шара барысында «Жүз кітаппен ашылған рухани әлем» атты диалог-кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме оқырман мен кітап арасындағы үнсіз сұхбатты көз алдына әкеліп, әрбір кітаптың өз әлемі, өз сыры бар екенін айқын көрсетті. «Кітап оқыған адам – уақытпен тілдескен адам» деген афоризмнің мәні осындай сәттерде терең сезіледі.
«Жүз кітап – жүз қазына» жобасы – құрғақ статистика немесе есеп үшін жасалған шара емес. Бұл – қоғамдық сананың айнасы, рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Жоба нәтижесінде әр мекеме кітап оқу дәстүрін қалыптастырып қана қоймай, әдеби талдау, пікір алмасу, ортақ ой өрбіту мәдениетінің дамуына үлес қоса алады. Француз ойшылы Вольтердің «Оқымайтын адам ойламайды» деген сөзі дәл осы бастаманың мәнін ашып тұрғандай.
Оқуға бастар жүз қадам – рухани жаңғыруға бастар даңғыл жол. Ал сол жолмен нық қадам басқан қоғамның болашағы әрдайым жарқын болмақ.
Г.МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ









