Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Балапанға" барған балақай

"Балапанға" барған балақай

Бала – көргенін қайталайды, естігенін көңіліне тоқиды. Бүгінгі баланың әлемді тану тәсілі де бұрынғыдан өзгерек. Ол кітап оқып қана қоймайды, мультфильм көреді, бейнеролик тамашалайды, түрлі танымдық бағдарламалар тыңдайды, интернеттен ақпарат іздейді. Демек, қазіргі заманда бала тәрбиесі мен білімінде медианың алатын орны айрықша.
Осы ретте балаларға арналған сапалы медианың, пайдалы әрі мазмұнды контенттің маңызы артып отыр. Өйткені балаға ұсынылған әрбір бейне, әрбір әңгіме, әрбір кейіпкер оның дүниетанымына әсер етеді. Сондықтан «Бала не көріп жүр?» деген сұрақтың маңызы «Бала не оқып жүр?» деген сұрақтан кем емес.
Жалпы медиа – баланың таным көкжиегін кеңейтеді. Тіпті арманының орындалуына да басты себепші болады. Оған дәлел – Дінсұлтан Жайықтегі.
Есімінің өзін ырымдап, жақсылыққа үміт етіп қойылған аралдық балақай Дінсұлтанның атын әкесі Қуаныш ел басқарған Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың есімдерінен атап қойған екен.
Таяуда ғана лицей атағын алған №220 орта мектебінің 5 сыныбына көшкен ол жоғарыда айтқанымыздай бүлдіршіндердің дүниетанымын дамытып келе жатқан "Балапан" телеарнасының тұрақты көрермені. Әсіресе қызық әрі пайдалы ақпаратты, жаңа білімді, жақсы үлгіні іздейтін, оны балақайларға көгілдір экран арқылы ұсынып келе жатқан «Балапан Life» бағдарламасын жібермей көруді әдетке айналдырып қана қоймай, ондағы сұрақтарға жауап беріп, тұрақты көрерменге айналған.
Міне, дәл осы білімі мен белсенділігі оны болашақта медиа саласының өкілі болсам деген арманына жақындата түсті.
Ашып айтар болсақ, 17 шілдеде «Балапан Life» бағдарламасының маусымды жабар шығарылымы өтті. Бағдарлама жүргізушілері мен авторлары арнайы қоңырау шалып, сол шығарылымға шақырды. "Дінсұлтанның дауысын «Балапан Life» көрермендері жақсы таниды. Бізге үнемі хабарласып, тапсырмаларымызды орындап, сұрақтарға жауап беріп отырады. Маусымның қорытындысында Дінсұлтанның өзін де көрерменге таныстырсақ" деген ойымыз бар" дейді.
"Біз қуана қолдай кеттік. Ата-анаға баласының жетістігінен асқан бақыт бар ма, сірә?!" деген Қуаныш Нұрмаханов:
– Оның үстіне өзінің де арманы медиа саласының өкілі болу еді. Осылайша арманына бастар алғашқы қадамын жасап, Астанаға бардық. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ, "Балапан" телеарнасында болдық. Өзінің сүйікті кейіпкерлерін көріп, бүкіл қазақ баласына Асқар ағай деп танылған «Балапан Life» бағдарламасының жүргізушісімен сұқбаттасып қайттық, – дейді Қуаныш.
Аралдан арнайы барған қонақты қызықтап, білімді балақайдың қандай өнері барын сұраған олар Дінсұлтанның дарынына таңдай қақты. Бала кезден таэквондоға қатысып, 4 жыл шұғылданып, сары белбеу иегері атанған балақай, домбыраның кереметтігін танытып, "Ерке сылқым" күйін орындап берді. Жақында ғана облыстық байқауда дәл осы күйді орындап, жүлделі ІІ орын алған болатын.
Мұнан бөлек футболға деген қызығушылығын естіген Асқар ағайы "Әлем чемпионы Аргентина ма, Испания ма?" деп сұраған екен. Дінсұлтанның болжамы дәл келгенін көргенде Асқар ағайы тағы да марқайып қалды.
Бір бойынан бірнеше өнер табылатын балақай әлемнің 100-ден аса мемлекеттің туы мен астанасын жатқа айтқанда бағдарлама мүшелері жаппай қол соқты.
Иә, бүгінгі күннің басты сұрағы – «Балалар медиасы керек пе?» емес, «Балаларға қандай медиа керек?» деген сұрақ болуы тиіс екенін Дінсұлтан көрсетіп берді. Өйткені балаға ұсынылған әрбір контент – оның жүрегіне себілген бір дән. Сол дәннің ертең қандай жеміс беретіні бүгінгі таңдауға байланысты. Баланың көзіне сапалы дүние, құлағына пайдалы сөз, санасына ізгі ой ұсыну – болашаққа жасалған ең үлкен қамқорлықтың бірі.
Оңталап ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
11 тамыз 2026 ж. 16 0