Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала жүрегіне жол тапқан дәрігер

Бала жүрегіне жол тапқан дәрігер

«Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Расында дәрігер болу ақ халат киіп, аурудың атын анықтап, ем тағайындау ғана емес. Адамның жанын түсіну, жүрегіне үміт ұялату, кейде бір ауыз жылы сөзбен бойына күш бітіру. Ал балалар дәрігері бұл жауапкершіліктің жүгін еселей түсетін ерекше мамандық. Өйткені бала ауырғанда оның әрбір мазасыз қимылы ата-ананың жүрегіне алаң салады. Сәбидің қызуы көтерілсе, анасы түнімен көз ілмейді. Осындай сәтте дәрігердің әрбір сөзі, әрбір шешімі аса маңызды.
Міне, осындай жауапкершілікті жүрек қалауымен арқалап, ұзақ жылдар бойы балалардың денсаулығын қорғауға ғұмырын арнаған дәрігерлердің бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Зада Бохаева.
Оның еңбек жолын еске алғанда көз алдымызға аурухананың дәлізі, дәрігер бөлмесінің есігі, кезекте отырған ата-аналар мен дәрігерге үмітпен қараған бала жүздері келеді. Бір қарағанда, дәрігердің күнделікті тіршілігі бір-біріне ұқсас секілді. Таңертең жұмысқа келу, науқастарды қабылдау, диагноз қою, ем тағайындау, әріптестерімен кеңесу. Бірақ әр күннің өз жүгі, әр баланың өз тағдыры бар. Бір бала жылап кірсе, енді бірі дәрігердің алдына жасқана келеді. Кейбірінің бойында әлсіздік байқалса, енді бірінің ата-анасы алаңдап, мың сұрақтың жауабын күтеді. Сол сәтте дәрігерге тек медициналық білім ғана емес, сабыр мен мейірім де қажет. Кішкентай жүрекке қорқыныш ұялатпай, сеніммен қарау. Бала түсінетін тілмен сөйлесу. Оның көңілін табу. Ата-анасына сабырлы кеңес беру. Ең бастысы – аурудың артында адамның тағдыры тұрғанын ұмытпау. Ол осы қағиданы жылдар бойы жадынан шығарған жоқ.
Кейіпкеріміздің айтуынша:
– 1961 жылы 24 қаңтарда Арал қаласында дүниеге келдім. Бірақ әкем Шәкібай Махашевтың қызметіне байланысты 1-7 сыныпты Құланды кеңшарында оқып бітірдім. Содан кейін әкем Қарақұмға ауысты. Екі жыл Қарақұмда оқып, кейін әкем Жіңішкеқұмға мектеп директоры болды. Сол жылы Жіңішкеқұм мектебі орта мектеп болып, 10 сыныпқа дейін сол жақта оқыдым. Мектеп бітірген соң Алматы мемлекеттік медицина институтына (қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) оқуға түсіп, емдеу ісі бойынша дәрігер атанып шықтым. 1984 жылы облыстық аурухана базасында интернатурадан өтіп, терапевт дәрігер атанып шықтым. Еңбек жолымды 1985 жылы Аралда аймақтық дәрігер болып бастадым. Міне, содан зейнетке шыққанша абыройлы еңбек еттім. Дәрігер мамандардың жеткіліксіздігі жасыратын дүние емес. 2021 жылы зейнетке шықсам да, 2023 жылға дейін жұмыс жасап, тәжірибемді кейінгі буын дәрігерлерге үйреттім. Бұл әсіресе балалардың саулығы үшін өте маңызды нәрсе, – дейді Зада Шәкібайқызы.
Дәрігердің марапаты – баланың күлкісі
Дәрігер үшін ең қымбат сәт – ем қабылдап, ауруынан айыққан баланың қайтадан күлімдеп келуі шығар. Осындай сәттер дәрігердің шаршағанын ұмыттырады. Алайда жаны қысылған балақайдың ауырған сәтін көру олар үшін де өте ауыр.
Ақ халатты абзал жанның өмірінде мұндай сәттер аз болған жоқ. Сондай есте қалатын жағдайдың бірін айтып берген кейіпкеріміз: «2000 жылдар. Кешкі сағат 10-ның шамасы. Жақсықылыш кентінде тұратын бір туысымыз хабарласып, баласының ауырып жатқанын айтып, безек қағып тұр. Дереу солай қарай тарттық. Бардым, көрдім. Кішкентай қыз бала тұншығып, дем жетпей жатыр. Жалғыз жолы аудандық ауруханаға аман-сау жеткізіп, сол жерден ем-дом жасау. Бірақ оған дейін де оңайға соқпайтын көрініп тұр. Тез арада баланы көлікке салып, қолыма қасық алып, қалаға жеткізуге асықтым. Құшақтап келе жатырмын. Баланың тыныс алуы ауырлап барады. Қасықпен тілін төмен басамын. Сол кезде тамағы ашылып, демалуы жеңілдейді. Осылайша арпалысып ауруханаға жеттік. Бүгінде сол қыз Ақтөбенің ауруханасында мейірбике болып жұмыс істейді. Әке-шешесі «мынау сенің қызың» деген сайын сол кездегі қиындық қазір тәтті естелікке айналғанын ойлаймын. Бір жағынан марқайып қаламын» дейді.
Бір ұрпақтың алғысы
Жылдар жылжиды. Адам өзгереді. Ауруханадағы бөлмелер, құрал-жабдықтар, жұмыс тәсілдері жаңарады. Бірақ дәрігердің адамға деген қызметі сол қалпында қалады. Ұзақ жылғы еңбек жолына көз жүгірткенде, оның өміріндегі ең үлкен байлығы – артында қалған із, өшпес естеліктер екенін байқайды. Ол – емделген балалар, алғыс айтқан ата-аналар, әріптестерінің құрметі, елге адал атқарылған қызмет. Мұнан артық қандай бақыт болсын?!Айтпақшы, осы бір тұрса Зада Бохаеваның мына бір әңгімесі еріксіз еске түседі.
«Мен бірнеше мөлтекауданның аймақтық дәрігері болдым. Ол кездерде Аралда орыстар көп болатын. Арасында жалғыз тұратын үлкен аналар да бар еді. Солардың бірі – Аня Валиеваға жиі барып, денсаулығын қадағалап тұрдым. Мен барсам қуанып, барлық әңгімесін айтып, жалғыздығын ұмытатын. Қыздары Мәскеуде тұрды. Аралға келген сайын «Сіз айтпасаңыз бізді тыңдамайды. Анамызды Мәскеуге баруға көндіріңізші» дейтін. Көңілдерін қимай айтамын. Бірақ еститінім бір жауап. «Мен қазақтан көрген жақсылықты ешкімнен көрген жоқпын. Маған ең ыстық топырақ – Арал. Бұл жерден алыстап кетсем өзімді өзім кешірмеймін. Оның үстіне өзіңдей сіңілімді де қимаймын. Сен кетіп қалмасаң, мен әлі ұзақ жасаймын» дейтін. Осындайда қасиетті топырақта туып, сол жерде елге еңбек еткеніме өзімді бақытты санайтынмын» дейді. Бұл алғыс пен ақ бата бір ұрпақтың ғана емес, бірнеше ұрпақтың ықыласына ұласып отыр. Бір кездері алдына бала болып жылап келген балақайлар, бүгінде кішкентайларын жетектеп келіп тұрғаны осының ақиқаты.
Ақ халатты дәрігер, ақ жаулықты ана
Иә, ақ халат жай ғана мамандықтың белгісі емес. Сенімнің, мейірімнің, жауапкершіліктің символы. Ал сол ақ халатты абыроймен киіп, бала жүрегіне жылу сыйлаған дәрігердің ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі жол. Уақыт өтеді, ғылым жетіледі. Бірақ еңбектегі басты артықшылық – тәжірибе. Зада Шәкібайқызының жылдар бойы толысқан тәжірибесі Арал халқының қажетіне әлі де жарап тұр. Қаладағы «Қуаныш» клиникасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етіп келеді. «Мен халыққа қызмет көрсетуді мақсат санаймын. Өйткені бұл менің жүрегімнің қалауы, өмірлік ұстанымым. Бір алаңдататын дүние бар. Ол – жүкті аналар мен балалар арасында аурудың азаймауы. Қан аздық, бүйрек аурулары мен қан айналымының тұрақсыздығы, жүктілік кезіндегі қосалқы сырқаттардың көбеюі аналарда жиі кездессе, анемия балалар арасында да көп. Оған қоса иммунитет аздығы және жоғарғы тыныс мүшелерінің аурулары өте көп. Бұл экологиялық жағдайдың әсері екені айдан анық. Сонымен қоса дұрыс тамақтану жайын естен шығармау керек. Бала денсаулығына зияны болмаса пайдасы тимейтін тамақтардан тыйып отыруды әдетке айналдырсақ екен» дейді Зада дәрігер.
Әр баланың жүрегіне жол тапқан кейіпкеріміз жолдасы Омар Бохаевпен қатар отырып 3 ұл тәрбиеледі. Омар ағамыз тұтынушылар қоғамында, горробком аталған мекемелерде абыройлы еңбегімен танылған жан. Бүгінде зейнеткер ағамыз мен түрлі деңгейдегі марапатқа ие болып, Денсаулық сақтау министрлігінің «Үздік дәрігер» төсбелгісін иеленген Зада анамыз 9 немере сүйіп, ақ баталы ата, ақ тілеулі әже атанып отыр.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
08 қыркүйек 2026 ж. 75 0