Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Бидайды маған беріп, өзі аштықтан көз жұмды": Азамат Сатыбалды әкесі туралы айтып жұрттың жүрегін елжіретті

"Бидайды маған беріп, өзі аштықтан көз жұмды": Азамат Сатыбалды әкесі туралы айтып жұрттың жүрегін елжіретті

Азамат Сатыбалды 89 жасқа келген әкесін көрсетіп, ақылын бөлісті,

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында әкесімен бірге түскен суретін жүктеп, үнемі айтып отыратын ақылымен бөліскен. "Қарты бар елдің - қазынасы бар" деген қағиданы ұстанған Азамат Сатыбалды осылайша әкесіне ұзақ ғұмыр тілеп, өсиетін үлгі ететінін жеткізді. Жақсы адам болсам, әкемнің арқасы дейді актер.
"Әкемнің айтатын ақылы: "Тәубешіл бол. Біз не көрмедік, апам қалған қуырылған бидайды өзі жемей маған беріп, өзі аштықтан ісініп қайтыс болды. Бір үйде емес, әрбір шаңырақта осындай қайғы қасіреттер болып жатты. Сондай қиын кезде үлкендер көппен көрген ұлы той деп, бәрімізге басу айтатын. Бізді осындай күнге жеткізгені тәубешілдігіміз. Ешқашан шаршадым деп айтпа. Күректен қолымыз ойылып, беліміз шойырылып, қажаған етіктен аяғымыз қанталап жатса да, шаршауға уақыт жоқ деп айтатынбыз. Үйге қара түнде келіп, ісініп кеткен аяғымыздан етігіміз шешілмей, қонышын пышақпен кесіп, ертесіне етікті қайта тігіп жұмысқа шығатынбыз. Сондықтан шаршадым деме балам. Жоқ деп айтпа. Жоқ десең, жоғалып кетесің. Барыңа тәуба де. Тірісің бе, демек сенде бар, болмаса ниетіңе қарай болады. Інім екеуіміз мектепке бір киім кидік. Түске дейін мен, түстен кейін сол киімді інім киетін. Сонда анамыз, бізде бәрі бар осыған тәуба дейтін" деп айтып отырады", - дейді Азамат Сатыбалды.
Сонымен қатар, Азамат Сатыбалды әкесінің еліне деген сүйіспеншілігін айтып мақтанды. Бала күнінен ниетің түзу болсын деген сөзді естіп өскен өнер иесі барша ағайынға әкесінің жасын берсін деп ниет білдірді.
"Құдайға шүкір, әкем қазір сексен тоғызда. Осы кісінің жасын берсін бәрімізге. Бес уақыт намазында Алладан елдің амандығын тілейді. Балам, Жаратқан не берсе де ниетіңе қарап береді. Алдымен ниетіңді түзе, содан кейін амал жаса. Бермесе маған кел деп қалжыңдайды.
Ниетімізге қарай, еліміз бұдан да жақсы күнге жетсе екен. Мен сені мәңгі сүйіп өтемін, Қазақ елі", - деп жазды Азамат Сатыбалды.
http://stan.kz
03 маусым 2019 ж. 1 332 0