Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құзға өрмелеу фестивалінің қатысушылары Оқжетпесті бағындырды

Құзға өрмелеу фестивалінің қатысушылары Оқжетпесті бағындырды

 15-16 маусымда Бурабай курорттық аймағында Жастар жылы аясында құзға өрмелеуден «Бурабай-2019» республикалық фестивалі өтті.

Фестивальдің алғашқы күні альпинизмнен (құзға өрмелеу класы) өткен Қазақстан Республикасы кубогының кезеңінде кәсіпқой спортшылар өзара мықтыны анықтады. Спорттың бұл түріне тіпті 14-17 жастағы жасөспірімдер де қатысты.
Фестивальдің екінші күні ресми ашылуында Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Еркеғали Қарбозов сөз сөйледі. 
«Мемлекет басшысы жыл сайын Жолдауында спорт саласы, соның ішінде бұқаралық спортқа ерекше тоқталып өтеді. Қазақстанда мемлекет тарапынан, мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жасалатын қолдаудың арқасында бұқаралық спорт аясы кеңейіп жатыр. Бұқаралық спорт деп бұрын марафонды білсек, қатарына дуатлон, триатлон қосылды. Былтыр республикалық деңгейде шахматтан турнир өткіздік. Биыл бірінші рет құзға өрмелеуден өткізіп отырмыз. Дуатлон шығыста, Алакөл жағасында, Бұқтырмада өткізілсе, Маңғыстауда автомотоспорттан өткіздік. Бурабайды таңдағанымыз – еліміздің көрікті жерлерін дәріптеу, туристік жерлерін көрсету, демалушылар арасында серпін беру. Бурабай табиғатымен ғана емес, талай тарихқа куә болған жер. Осы жерде жүру арқылы тегімізді, түбірімізді білеміз деп ойлаймын. Сондықтан қатысушылар, сіздерге сәттілік, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз», - деді Қарбозов.
Содан кейін фестивальді ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін бірнеше ұйымға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының алғыс хаты табыс етілді. Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қуатбеков қатысушыларға зор денсаулық, сәттілік тіледі. Альпинизмнен мемлекеттік жаттықтырушы Сергей Беляков қатысушыларды фестивальдің ашылуымен құттықтады.
«Фестиваль Бурабайда осындай форматта алғаш рет өтіп отыр. Мұндай шара соңғы рет 20 жыл бұрын өткізілген шығар. Фестивальден, шыңға шығудан, табиғаттан көңілдеріңізді көтеріпсіздер. Мерекелеріңізбен. Сәттілік тілеймін», - деді фестиваль директоры. 
Содан кейін қонақтар мен қатысушылар бірге ел әнұранын шырқап, жарыс жолына қарай беттеді. Фестивальге кез келген адам тіркеліп, шыңды бағындыру мүмкіндігіне ие болды. Олардың көпшілігі құзға алғаш рет өрмеледі.

Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең бірінші болып спорттық топ жартасқа көтерілді. Қатысушылар биіктігі 300 метр Оқжетпес тасын бағындыруы тиіс болды. Жартастар басталған жерде қатысушылар қауіпсіздік дулығасы мен сақтандыру белдігін тақты. Әрі қарай арқанмен құзға өрмеледі. 
Жарысқа тіркелген адамдардың бәрі бірдей құзға шыққан жоқ. Қорқынышын жеңе алмай жарты жолдан артқа қайтқандар аз болмады. Оқжетпесті бағындырғандарға ғана медаль берілді. Ең алғашқы қатысушы шыңды 14 минутта бағындырды. Құздың ұшар басына шыққандар Бурабайдың әсем табиғатын тамашалап, таңдай қағысты.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген жарыстың ең жас қатысушысы Варвара қыздар арасында үшінші болып шыңды бағындырды. Он жастағы жас спортшы құзға өрмелеуден алған әсерімен бөлісті.
«Жарыс тамаша өтті. Қиын болмады. Шыңға шыққанда табиғат өте әдемі екен. Осыған дейін ешқашан құзға өрмелемедім. Арманым – құзға өрмелеуден спорт шебері болу», - деді ол.

Фестивальдің алғашқы күні Қазақстан кубогына қатысқан спортшылар марапатталды. Оларға медальдармен бірге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жарыстың ең жас екі қатысушысы велосипед алды. Осылайша алғаш рет өткен фестиваль аяқталып, қонақтар мәре-сәре тарқасты. 
17 маусым 2019 ж. 630 0