Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәретханаға кірмек болған: Алматы облысының тұрғыны әкімнің орынбасарынан таяқ жеп, ауруханадан бір-ақ шықты

Дәретханаға кірмек болған: Алматы облысының тұрғыны әкімнің орынбасарынан таяқ жеп, ауруханадан бір-ақ шықты

Алматы облысының тұрғыны әжетханаға барамын деп ауруханадан бір-ақ шыққан. Айтуынша, өзін әкімнің орынбасары сабап тастаған екен. Соққының салдарынан жабық ми жарақатын алып, тістері үгіліп, жағы сынып кетіпті,

Оқиға Алматы облысы Көктал ауылдық округінде орын алған. Алматыға кетіп бара жатқан Дәурен Баекеев жақын жерде дәрет сындыратын жер болмағандықтан, әкімдіктің әжетханасына баруды ұйғарыпты. Алайда ер адамның айтуынша, әкімнің орынбасары жағасына жармасып, соққыға жығыпты. 
«Сол жерде талып жаттым. Барлық тісім түсті. Аяқпен тепкіледі. Бір есеңгіреп, талып ояндым. Сосын інілерім келіп, ажыратып алып кетті», - дейді жәбірленуші Дәурен Баекеев.
Дәурен Баекеевтің сөзінше, ол жергілікті атқамінерлермен араз болмаған. Алайда оның әпесі әкімдікке бірнеше рет шағымданып барған екен. Себебі 2 жыл бұрын болған тасқын кезінде үйлерін су шайып кетіпті. Содан бері апаттық жағдайда тұрған баспанасына уәде етілген жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Әйелдің пікірінше, інісінің соққыға жығылуына осы жағдай себеп болуы мүмкін. 
Ал әкімнің орынбасары оқиғадан кейін кешірім сұрамақ түгілі, Дәуреннің жағдайын сұрап келмепті. 
«Менімен ешқандай байланысқа шыққан жоқ. Үйге полиция қызметкерлерін жіберіпті. Батырбектің ақшасы бар. «Ақша берейік», - деп бізді мазалайды. Сотқа жібермеуін сұрап екі-үш рет келді. Әкім орынбасарының заң алдында жауап бергенін қалаймын», - дейді жәбірленушінің әпкесі Гүлнар Баекеева.
Жәбірленген ер адам күні кеше ғана ауруханадан шығарылған. Оның жағы мен тістері сынғандықтан, тамақтанудан қалған. Оған толықтай сауығу үшін кемі 2-3 ай қажет. 
«Түскен кездегі жарақаты: бас ми жабық жарақаты, төменгі жақ сүйегінің сынуы, тістерінің босап түсуі. 12-19 маусым күндері аралығында емін алды. Келген кездегі жағдайы орташа ауырлықта болды. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық», - дейді Панфилов аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Жомарт Нұраханов. 
Ал әкімнің орынбасары Батырбек Қадырбаев ешкімге жұдырық сілтемегенін, өзіне жалап жауып отырғанын айтады. 
«Ол төбелескен. Сол жердегі әйелдерді ұрған. Қолында пышағы болған. Маманды ұрып жіберген. Ажыраттық. Бұл жігітті ешкім ұрған жоқ. Дәретханаға келген жоқ. Ол біздің маманды ұрып отыр. Таза киіммен болғасын, итердік. Ашуын басуын сұрадық. Қызу адам болғасын, өте ашулы жүрді», - дейді Батырбек Қадырбаев.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды. Ал әкімнің орынбасары әзірге өз қызметін атқаруда.
http://stan.kz
20 маусым 2019 ж. 970 0