Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Құрдастардың» қазынасы

«Құрдастардың» қазынасы


Алғашында бұл атауды есітіп, қызық көргеніміз рас. Басында жай ғана ел арасында айтылып жүрген атау шығар деп қалдық. Сөйтсек, шаруа қожалығы да қаз- қалпында осылай аталады екен. Бала кезден бірге өскен құрдастар кейін бірігіп бизнес қылып, егінмен айналысуды жөн санаған. Сөйтеді де «жалғыздың шаңы шықпас» деп үшеуі күш біріктіреді. Бүгінде берекелі істің несібесін көріп отыр.
Біз айтып отырған Ақбайдағы «Құрдастар» шаруа қожалығы сегіз жыл бұрын шамасында құрылған. Төрағасы – Серік Маханов. Ал Серік ағамен қазір тек дос ғана емес, әріптес боп жүрген жанындағы серіктестері – Әлімжан Тапаев пен Жұмагүл Қошанова. Шаруашылық төрағасының айтуынша, барлығы да бір ауылда өскен, жетілген. Кейін әр түрлі саланың құлағын ұстап, өздерінше тіршілік кешеді. Бірақ Ақбай деген қойнауы құтты мекен ғой. Бала кезден топырақ аударып, адал еңбекпен қара жерден несібе терген үлкендерден қалған үлгі оларды бейжай қалдырмайды. Осылайша одақтаса келе, көзтаныс істі қожалыққа айналдырып жіберген. Қазір бұл еңбектерімен отбасын асырап отыр. Шаруашылық төрағасы Серік Махановқа телефон соғып, шаруашылықтың жайын сұрадық.
– Қолы қимылдағанның, аузы да қимылдайды. Дән салып келе жатқанымызға көп болды дей алмаймыз, тек берекетін берсін деп келеміз. Жылына 4-5 гектардың көлемінде қауын-қарбыз егеміз. Содан балалардың несібесін айырып, өз-өзімізді қамтамасыз етіп отырмыз. Үшеуміз тетелес өскен соң шаруашылықтың да атын осылай атауды жөн көрдік, – дейді.
Айтпақшы, құрдастардың үшеуі де 1959 жылы туған. Серік аға 1976 жылдан 2016 жылға дейін механизатор болып жұмыс істеген екен. Бүгінде сол өзі туып-өскен ауылда су маманы боп еңбек етіп жүр. Бүгінде жеке дүкен ашып, ақбайлықтарға азық-түлік босатып отыр.
Жора-жолдас тұрмақ түгілі, болмашы нәрсеге бола ағайынның ортасынан ала мысық өтіп жатқан мына заманда құрдастардың ісі көпке ұнамды болуы тиіс. Үш отбасы бір жерден нәпақа тауып, берекеге кенеліп отыр. Әрине бұл –бірліктің, келісіп жасалған істің нәтижесі.
Шаруа қожалықтың 4-5 гектар алқабында сонымен бірге бірнеше көкөніс өнімі бар. Қазір Ақбайда терім уақыты. «Алажаздайғы еңбектің өтеуін енді көреміз» дейді жер емген жұрт. Серік аға өнімдердің қазір шетінен сатылымға кетіп жатқанын айтады. Бұйырса, «Алтын күздің» не арқалатарын енді байқаймыз дейді. Біз де «Құрдастардың» қазынасы ортаймасын деп тілек білдірдік.  
М. ҚҰРМАНӘЛІ.
27 тамыз 2019 ж. 1 087 0