Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Араның да бабын Тапқан

Араның да бабын Тапқан

Құмбазарда тұратын зейнетке шыққан әріптес ағамыз Серік Якудаев бүгінде бал араларын көкке шығарып, кәсіптің қамын жасап жатқан болар. Себебі, аралардың бал жинауға кірісетін уақыты жақындады. Бұрын-соңды ауданда қолға алынбаған іске тәуекел етіп кірісіп кеткеніне әлі таңғаламыз. Еңбекқорлығының арқасында қазір бұл істің қыр-сырын меңгеріп алған. Жұмыстан босадым деп қол қусырып қалған жоқ. Қызылордаға барды да, омарташылардан сабақ алып, жаңа ермек тапты. Бүгінде ол өз ісін бастаған аудандағы жалғыз омарташы.
Қырық екі жыл бір салада қызмет еткен әріптесіміз еңбекпен есейген жан. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын «Қоғам» шаруа қожалығын құрып, ет бағытында жылқы мен сиыр өсірді. Тірлігі жанданып, кәсібі өрге басты. Енді міне, бал араларын бағып, жаңа кәсіпке жол салды. Екі жыл бұрын бастаған ара шаруашылығына әбден үй­ренген. «Алғашында оңай болған жоқ» дейді өзі кәсібі жайлы сұрай қалсақ. Талай рет шағып, жатырқаған. Кейін бірте-бірте үйреніп, бүгінде иесінен өзгені оңайлықпен жақындатпайды.
– Аралар өте сезімтал және тазалықты жақсы көреді. Әтір, ішімдік, темекінің иісін сезсе, бірден шабуыл жасайды. Жалпы, ара деген қызық құбылыс. Олардың өз өмір сүру дағдысы бар, – дейді Серік ағамыз.
Шынымен, араның “отбасылық қағи­да­сы” жайлы алғаш тыңдаған адам күлкіге кө­мілуі мүмкін. Бір әулетті басқаратын ана­лық араның бұйрығымен құжынаған бүкіл ара тіршілік етеді. Мәселен, бір ұяда бір аналық ара, бірнеше жүз еркек және он­да­ған мың «жұмысшы» ара болады. Ұрғашы ара ұяда ұрпақ өсіріп, тәулігіне 2-3 мың, маусымына 200 мың ұрықтандырылған, кей­де ұрықтандырылмаған жұмыртқа сала­ды. Ұрықтанған жұмыртқадан ұрғашы, жұ­мысшы және аналық аралар, ал ұрық­тан­ды­рыл­маған жұмыртқадан тек еркек аралар ғана шығады екен.
Серік Якудаев кәсібін мемлекет жасаған мүмкіндік арқылы бастады. «Даму» қоры арқылы 1 млн. 275 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған соң, аталған қаржыға 20 ұя «карпат» тұқымды ара мен бал өндіруге қа­жетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Бастапқыда жергілікті ауа райының әсерінен аралар үйренісе алмаған. Сондықтан, олар­ға 20 күндей қолдан шәрбат дайындап ба­ғыпты. Артынша, дарияның жиегіне жай­ға­стырған. “Қазір ақырындап күн жы­лы­на бастағасын аралардың бетін ашып жа­тыр­мын” дейді омарташы. Аралар қыстай ұясында болып, өз балымен қоректенеді. Биыл Құмбазардағы Серік Якудаевтың ара­ла­ры екінші қыстап шықты.
– Олардың өзара тілдескені өте қызық. Ұя­сының жанына барып құлақ салсаң, ызыл­даған дыбысының ерекшелігін байқайсың. Әр бұйрыққа әртүрлі тіл қататындай. Бір әулетті басқаратын аналықтың қыз­мет­ші­лер­ге тапсырма бергені шынымен қызық. Бү­гінде осы аралардың өмір сүру дағдысын ба­қы­лау ермегіме айналды, – деген ағамыз ара шаруашылығына қызығушыларға үйре­ту­ден жалықпайтынын да айтады.
Ара – табиғаттың бір қызық жара­ты­лы­сы. Осы еңбекқор жәндіктің жұмбағының бірі – ұялары. Ара ұясын көрген адам оның алты бұрышты екенін байқайды. Ға­лым­дар осының сырын білмек болып зерт­тепті. Сонда геометриялық жағынан мұн­дай пішінге материал аз кететінін және сыйым­дылығы жоғары болатынын білген. Шыны­мен де қызық құбылыс.
Аралар әлемімен таныстықты бастаған Серік Якудаев алдағы уақытта бұл ісін ке­ңей­туді көздейді. Бұған дейін ІІІ, ІІ, І дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған еңбексүйгіш әріптес ағамыздың ісі одан әрі жандана түседі деп ойлаймыз.
Абдулла  АҚБИМАНОВ,
аудандық ветеринария  бөлімінің бас маманы
03 мамыр 2019 ж. 1 106 0