8 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі
1860 жылы Алматыда Көк базар ауданындағы тар бөлмеде орналасқан алғашқы пошта бөлімшесі ашылды. Бүгінде Алматы поштампы - «Қазпошта» АҚ-ның ең ірі және алдыңғы қатарлы филиалдарының бірі. 1930 жылы KAZGOR жобалау академиясы құрылды. Ұйым Алматы қаласындағы, басқа да облыс орталықтарындағы, Ресей және ТМД қалаларындағы бірегей ғимараттардың жобасын әзірлеген.
1952 жылы Талдықорған ауданының Текелі кенті облысқа бағынатын қалаға айналды. Қаланың даму тарихы полиметалл кендерінің барлануы және қазылуымен тікелей байланысты. Текелі қорғасын-мырыш комбинатында қорғасын мен мырыш өңделеді.
2007 жылы Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы Бейнелеу өнері мұражайы жаңа жәдігермен толықты. Абай ауданының тұрғыны Жәнібек Молдахан мұражайға тастан қашалған жауынгердің мүсінін тарту етті. Тасмүсін табылған жерге аттанған өлкетанушы-ғалымдар, бұл осыдан 1 мың жылдай бұрын қашалған түркі жауынгерінің бейнесі деген пайымға келіп отыр. Өлкетанушылардың айтуынша, тас мүсін көне түркілердің әдетте зират басына қоятын дәстүрлі ескерткіші болған және оның көмегімен байырғы көшпенділер дүниенің төрт бұрышын бағдарлаған.
2009 жылы Астанада Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды өтті. Ескерткіш Астана қаласының Тәшенов көшесінің бойындағы саябақта орналасқан. Ескерткіш қоладан, ал тұғыры - граниттен жасалған. Биіктігі - 4,4 метр, салмағы - 5,5 тонна. Оның құрылысына 0,0625 гектар жер телімі берілді.
2010 жылы Forbes Style журналының (танымал бизнес жаршысының қосымшасы) нұсқасы бойынша елордалық «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі үздік экоғимараттардың ондығына кірді.
2013 жылы Қазақстанның Ұлттық география қоғамы құрылды. Оның басты мақсаты – сенімді географиялық мәліметтерді жинау және тарату, ғылымды дамыту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, елдің тұрақты дамуына, жасыл экономикаға көшуіне қолғабыс ету.
2013 жылы Қазақстанда «Бокстан Әлем чемпионаты. Алматы-2013» күміс монетасы айналымға шығарылды. Ол Алматыда 2013 жылы 14-26 қазан күндері Қазақстанда алғаш рет өткізілген бокстан Әлем чемпионатына арналды. Номиналы – 100 теңге.
Монета 925 сынамалы күмістен соғылған, массасы – 31,1 гр, диаметрі – 38,61 мм, әзірлену сапасы - «proof», таралымы – 3 мың дана.
2015 жылы Тараз қаласында «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументінің ашылу салтанаты өтті. Мүсіндік композицияға ақ мәрмәрдан жасалған 27 метрлік стела және Керей мен Жәнібек хандардың 5 метрлік мүсіндері кіреді.
2016 жылы атыраулық өнертапқыш Ержан Нұриденов Күн, жел энергиясын және геотермалды энергия шығаратын қондырғыға патент алды. Қондырғының сырт пішіні бұтақтарына Күн батареялары, модульді шағын жел генераторлары орнатылған ағашқа ұқсайды. Елімізде жылдың басым бөлігі шуақты, ал қысы бойы жел соғып тұратындықтан, қондырғы тиімді жұмыс істейді. Оны үйді, көшелерді жарық етуге, телефон зарядтауға қолдануға болады.
2017 жылы белгілі археолог ғалым А.З. Бейсенов бастаған қарағандылық археологтар 3000 жылдық Сарыарқа пирамидасын реконструкциялау жұмыстарын аяқтады. Енді еліміздің туристік картасында жаңа бірегей ескерткіш – Беғазы-Дәндібай мәдениетінің мавзолейі пайда болды. Қарағандыда орналасқан, қола дәуіріне тән пирамиданы археологтар 2016 жылы тапты. Ғалымдардың есептеуінше, мавзолей үш мың жыл бұрын салынған.
2017 жылы қазақ дзюдошысы Жансай Смағұлов Ташкентте өткен Гран-при кезеңінің чемпионы болды. Өзбекстан астанасында әлемнің 27 елінен жиналған 183 дзюдошы күрес жүргізді.
2018 жылы fDi Magazine халықаралық журналы Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын «Expansions», «Marketing slogans», «China strategy», «Charity initiatives», «Community outreach award» аталымдары бойынша жеңімпаз деп атады. Аймаққа редактор Кортни Фингар «Editor's choice: Ones to watch» атағын да берді.
Осы аталымдардағы жеңіске резидент компаниялармен нәтижелі ынтымақтастық жасау, инвесторлармен табысты жұмыс істеу, өндіріс қуатын арттыру, маркетинг қызметін жандандыру, маңызды салалық көрмелерге, конференцияларға қатыс, қайырымдылық шараларға қатысудың арқасында қол жеткізілді.
https://www.inform.kz/kz/8-kazan-kazakparat-kuntizbesi_a3572220