Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр бойылықтар «Алтын дән» мерекесін атап өтуде

Сыр бойылықтар «Алтын дән» мерекесін атап өтуде

Қызылорда облысы «Алтын дән» мерекесін атап өтуде, деп хабарлайды www.inform.kz
Жылдағы дәстүр бойынша мереке аясында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан арнайы келген шаруашылықтар өз өнімдерін тұрғындарға арзан бағамен ұсынды. Өңір басшысы Қуанышбек Ысқақов жәрмеңкені аралап көріп, тұрғындармен сұхбаттасты. Қызылорда облысының шаруалары жәрмеңкеге 1 700 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін – көкөніс, бақша және сүт өнімдері мен балық, ет алып келген. Айта кетейік, барлық өнім нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатылды. Сонымен қатар, жәрмеңке алаңдарында өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мұнан соң, «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылып, өңір басшысы ауылшаруашылығы саласының үздіктерін марапаттады.
«Қазіргі таңда облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Кейінгі жылдары аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өсті. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 46 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 10 пайызға ұлғайды. Биыл облыс бойынша барлығы 183,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артты. Әртараптандыру бағытында мал азықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 7 мың гектарға, ал, күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, биылдан бастап облыста алғаш рет 3 шаруашылықта соя 50 гектарға егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы жылы сояны 500 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді облыс әкімі.
«Үздік аудан» номинациясын биыл Жалағаш ауданы жеңіп алды. Егін шаруашылығы саласында жетістікке жетіп, «Озат аудан» номинациясы бойынша Шиелі ауданы, ал мал шаруашылығында Жаңақорған ауданы озат атанды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жеткен жетістіктері үшін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев марапатталды. Мұнан бөлек аймақ басшысы сала еңбеккерлеріне Ауыл шаруашылығы саласының үздігі және Ы. Жақаев атындағы төсбелгілерін тапсырды.
«Алтын дән-2019» шарасында «Мағжан и К» ЖШС өзінің үздік қызметкерлеріне 7 автокөліктің кілтін, сонымен қатар, «Достық-жер» ЖШС 6 автокөліктің кілтін табыстады. Ал, «Жан-Арай жем» ЖШС үздік деп тапқан қызметкерлеріне 1 млн теңге және 500 мың теңгенің екі сертификатын тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруда қабылданған Агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Сыр өңірінің күріші Моңғолия, Түркия, Ауғанстанға экспортталып, сондай-ақ, Иран нарығына шығару да жоспарлануда. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер пен бақша өнімдері - Қытай мен Ресейге т.б. елдерге жіберіледі.
Агрокарта аясында cоңғы 5 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,6 пайыздан 3,7 пайызға артқан. Сонымен қатар, биылдан бастап жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 20 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Биыл облыста ғылыми негізделген жаңа технологиялар мен инновациялық жобаларды өндіріске енгізу арқылы АӨК қарқынды дамыту бойынша 9 инновациялық жоба қолға алынып, жоғары әрі сапалы өнім беретін күріш, картоп, асқабақ, соя, қант құмайының сорттары өндіріске енгізілді.
Сыр диқандары егін жинау жұмыстарын аяқтап, 87,9 мың гектар күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 530,5 мың тонна күріш құйды. Еліміз тәуелсіздік алғалы күрішшілер жеті жыл қатарынан осындай жоғары жетістікке қол жеткізіп келеді. 2019 жылы егілген егіс көлеміне толығымен жоғары репродукциялы тұқым пайдаланылған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық құрылымдары өз қаржысы есебінен және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 6,4 млрд теңгеге барлығы 229 дана түрлі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алған.
Қызылорда қаласының 201 жылдығы мен «Алтын дән» мерекесі қатар тойланып, салтанатты шара «Бәйгемен» жалғасты.
14 қазан 2019 ж. 856 0