Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елеусіз қалған ерлік

Елеусіз қалған ерлік

Апта ортасында Сексеуіл кентіне сапарлатып келдік. Тілшілердің тірлігі ғой. Ести қалсақ елең ететін құлақ жақын танысқанша жаныңа маза бермейді. Бұл жолғы мақсат бүгінгі тақырыбымызға кейіпкер болатын Сағат ағамыздың әңгімесін тыңдау еді. Тыңдап қайттық. Бұл 2010 жылғы жағдай еді...

...Қыс. Желтоқсанның алғашқы күндері болса да, аяз күшіне мініп, алдағы үш ай қыстың қаһарын сездіргендей. Таңғы салқында танаудан шыққан демі буға айналып, Сағат Ысқақұлы жұмысқа беттеп келеді. Үйінен кенттегі ауруханаға жетер жолда бейіт бар. Сол тұсқа келгенде оның құлағына баланың жанұшыра айқайлаған дауысы жетеді. Таң әлі де болса атып үлгермеген уақытта мынау дыбысқа елең еткен Сағат ағамыз жан-жағына жалт қарайды. Артында сабаққа келе жатқан бір топ баланың қарасы көрінеді. Бәлкім, солардың дауысы шығар деген оймен алға тағы қадам басқаны сол еді, көмек сұраған дауыс қайта естіледі. Ары қарай кейіпкеріміздің сөзімен жалғастырайық.
– Расында дауыс қатты шықты. Көмек сұрап, жылаған баланың дауысы. Қарасам, алдымда шамалы ғана жерде үлек шөгіп жатыр. Таңғы елең-алаң ғой. Үлектің қолтығының астынан әлдене қараңдағандай болды. Анықтап қарасам оқушы бала. Төменгі сыныптарда оқитыны көрініп тұр. Дәл сол уақытта кенттегі ауруханада шаруашылық меңгерушісі болып қызмет жасап жүрсем де, бұған дейін Құланды жылқы зауытында түйеші, тракторшы, профкомда жүргізуші болғанмын. Сол түйе баққан кезден білемін. Бура, үлектер адамды тістеп көкке көтеріп жерге тастайды да, кеудесімен басып алады. Абырой болғанда, бала қолтығының астына кіріп кетіпті. Барынша сабырға шақырып "қазір көмектесемін, қозғалма, алаңдама" деп жатырмын. Өйткені қозғалған сайын ол баса беруі мүмкін.
Не істерімді білмей қалсам керек. Іргеде тұрған бейіттерді қоршаған қоршаудан секіріп түсіп, түйені үркітетін зат іздей бастадым. Асыққанда табыла қойсын ба?! Қолыма ештеңе ілінбеді. Қайтадан сыртқа шығып, қарманып жүріп айналамдағы тастарды жинап алдым. Сосын балаға "бас киіміңді басып киіп, үстіңдегі киіміңмен басыңды бүркеп ал, тиіп кетпесін" деп айқайладым да, түйеге тас лақтыра бастадым. Ол әбден ашуланып, орнынан тұрды да, маған қарай жүрді. Міне, түйеші болған кездегі білгенім көп пайдасын тигізді. Балаға "қозғалмай жат" дедім де, үлекті алдаусыратып өзіме қарай жақындаттым. Ол да әлсін-әлсін артына бұрылып, балаға қарап қояды. Қозғалса қайтадан тұра ұмтылғалы тұр. Ол тоқтайды. Мен қолымды бұлғап, киімімді қолыма алып, оны шақырамын. Осылайша біраз жерге дейін алыстаттым баладан. Сол кезде бала да үрейі ұшқан күйі ентігін баса алмастан жайлап іргедегі бейіттің қоршауына барып сүйенді. Сол жерден өтіп бара жатқан ересек балалар оны қауіпсіз жерге алып кетті, – дейді Сағат Әубәкіров. Бұл сол уақытта небары 2 сыныпта оқып жатқан Олжас Әмірбекұлы екен.
Қыстың аязы күшіне мінгенде түйе жануарының да жарайтын мезгілі ғой. Бұл да осындай ашумен тек Олжасқа ғана емес, өзге де балаларға шабуылдаған көрінеді. Абырой болғанда, балалар аман құтылған. Сағат аға дәл осы күні үлектің тағы бір қыз балаға шабуылдағанын көзімен көрген. Сасқалақтап қалған қыз бала қайда қашарын білмей тұрғанда, оған жол сілтеп, үлектен аман алып қалады.
Кейіпкеріміз сол уақыттағы аурухана меңгерушісі Серік Алдамжаровқа звондап, жағдайды түсіндіреді. Жұмысқа кешігіп баратынын да айтады. Жағдайды естіген соң Серік Алдамжаров ішкі істер қызметкерлерін шақырып, үлекті солардың көмегімен ғана тоқтатады.
Қатты қорқып кеткен Олжас мектепке бара алмайды. Оны ауруханаға алып барғаннан соң, денсаулығын тексерген дәрігерлер бірнеше күн ем жасайды. Денсаулығына зиян келмегенімен, қатты қорқып қалған балаға медициналық көмек артық етпеді.
Бүгінде сол бала Олжас ержетіп, азамат болған. Мектеп қабырғасын бітіріп, бүгінде Шымкент қаласындағы педагогикалық колледжде біліп алып жатыр. Бірақ әлі күнге дейін Сағат ағамыздың сол кездегі көмегін, ерлігін бір сәт есінен шығарған емес.
Осы күнді есіне алған сәтте Олжастың ата-анасы әлі күнге дейін қиналатынын, қорқатынын жасырмайды. Бізбен сөйлескен оның әкесі Әмірбек Батырханұлы:
– Мен жұмысқа кетіп қалғанмын. Баламның жағдайын естіп қатты қорқып кеттім. Шүкір, қазір аман, ортамызда, ержетіп тұр. Ауруханаға келіп жағдайдың мән-жайын білгеннен соң естідім. Алдымен Алла себепші болған шығар. Білемін, ағамыз жұмысқа күнде көлікпен қатынайтын. Сол күні көлікті тастап, жаяу шығыпты. Олжасымыздың көрер жарығы болғаны ғой. Кейін естідік, сол үлек ауыл маңында 1977 жылы туған ересек азаматты өлтіргенін. Кейін сұрастырып білдік. Ағамызға алғысымызды жаудырып, батамызды бердік. Өмірде баладан артық не бар?! Солардың амандығын тілеп жүреміз ғой әркез. Ажалдан арашалап, аман алып қалған Сағат ағамыздың жасаған еңбегін тіпті ерлік деуге болады, – дейді.
Расында бұл ерлік деуге де жарасатын жағдай. Бүтіндей бір отбасын қайғыдан, балдырған ғұмырдың болашағын аман сақтап қалған азамат бейбіт күннің батыры саналуға әбден лайықты. Бірақ бір таңғаларымыз, арада 12 жылға жуық уақыт өткенімен, бұл жағдай тек кенттіктердің аузында ғана қалғаны болмаса, кейіпкерді көбісі біле бермейді. Қарапайым ғана азаматтың  қаһармандығы осылай елеусіз қалғаны бірінші кезекте айналасындағы жандардың бағалай алмағандығында ма деп қаламыз. Бірақ Сағат Ысқақұлы:
– "Табалдырықтан биік тау жоқ қой". Ата-анасы, ағайындары құрмет көрсетті. Үйіме келіп алғысын айтып, төріне шығарып рақметін жеткізді. Шапан жапты. Одан артық не күтемін. Жай азаматтық міндетім ғой, – дейді.
Бірақ елдің арасында осындай батыр мінезді қайсар азаматтардың барын кеңінен насихаттасақ, кейінгі ұрпаққа үлкен тәрбие болары сөзсіз. Ажалға жалаң қол қарсы шығып, азаматтығын көрсеткен Сағат ағамызға қандай құрмет те артық болмасы белгілі.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

16 сәуір 2022 ж. 4 026 0