Қызылорда облысында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады
Қызылорда облысында рейстегі автобустың қатысуымен болған жол апаты салдарынан 2 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
14 шілдеде Қызылорда қаласы Баймұрат ауылының тұсында Шымкент-Самара тасжолында автобус пен жеңіл автокөлік соқтығысқан. Автобус Қызылорда - Қазалы бағытында қатынаған.
Жол - көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болып, автобустың бір жолаушысы медициналық мекемеде көз жұмды. Автобус жүргізушісі мен 3 жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды, олардың біріне алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
ЖКО дерегі бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Фото: kaz.nur.kz