Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Инспекторларға қастандық жасаған күдіктілерді іздеу жұмыстарына тікұшақтар берілген

Инспекторларға қастандық жасаған күдіктілерді іздеу жұмыстарына тікұшақтар берілген

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдегендей, инспекторларға шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша «Ұстау» жоспары жарияланды. Қолдағы деректер барлық аймақтарға жөнелтілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
Оқиға орнына жақын орналасқан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы дереу күшейтілген қызметке көшті. Облыстық және республикалық маңызызы бар автожолдарға блок-бекеттер қойылды, үш облыстың автожолдары бойымен жедел-іздестіру топтары жіберілді. Іздестіру жұмыстарына ІІМ ТЖК тікұшақтары, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысты. 
Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде күдікті анықталып, қамауға алынды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс орыннан 20 шақырымдай жерден «Нива» маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптамалар тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексерілуде.
Қорықшы Қ. Нұртазиновтың өліміне және қорықшы С.К. Оспановты өлтіру әрекетіне байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлімі (Адам өлтіру)  бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарының браконьерліктің алдын алу және жолын кесу бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлады. 
Жыл басынан бері киіктерді браконьерлік жолмен аулау фактісі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалды, 32 адам ұсталды, 634 киік мүйізі,қылмыс құралдары, сондай-ақ, 13 бірлі автокөлік және 19 - атыс қаруы алынды. Келтірілген шығын көлемі 1,3 миллиард теңгеден асты.
Браконьерлік үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту, оның ішінде мүлік пен қылмыс құралын тәркілеу туралы ұсыныстар енгізілді. 
Естеріңізге сала кетейік, қорықшының өліміне себепкер болған браконьерлер Қостанай облысының аумағында қолға түсті. 
24 шілде 2019 ж. 1 113 0