Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тау тұлға – тарихым

Тау тұлға – тарихым

Тарих — өміріңнің басты діңгегі. Ал тарих өшсе, онымен бірге адамзат та өшеді. Жалпы қазақта ертеден келе жатқан ұғым арғы ата-тегін сұрау барлығына таныс жағдай. Бұл қазақтың түпсана діңгегі десем артық етпес. Кейде үлкен кісілер «Кімнің баласысың, руың кім?» деген сұрақтарды аяқ асты сұрап қалып жататын жағдайлар болады. Осындайда қазіргі жастардың көбісі күмілжіп, арғы атасы түгілі өз атасы туралы да айта алмай, ыңғайсыз жағдайға қалып жататындар аз емес.
«Ескі сөздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып,
Ей, тірілер!
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық» деп мұзбалақ ақын М.Мақатаев толғап кеткендей, өз атам туралы азды-көпті сөз қозғағым келіп отыр. Ізеттілік пен қарапайымдылықты, жомарттық пен қайырымдылықты қысқа ғұмырына серік етіп, өз отбасы, әулетіне ғана емес, қарапайым халыққа да жәрдемдесіп елдің батасын алған, көптің бірі емес, бірегейі менің атам Бақытжан Елмағамбетов туралы сөз қозғамау мұмкін емес. Осынау нар тұлға, құрығына құт қонған менің атам Бақытжан 1938 жылы мамыр айында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сайғонды ауылсоветінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі — Бақытжан, алайда ел аузында «Бақыт » аталып кеткен. Әкесі Ысқақтан —Жұбатқан, Өтеш, Шапатулла, Бақытжан, Сақыпжан, Нәсіпжан деген алты ұрпақ тараған. Менің атам ұлдың кенжесі болған. Ауыл үлкендерінің айтуы бойынша арғы атамыз Ысқақ, ағаштан түйін түйген ұста, шебер кісі болыпты Һәм ат әбзелдерін жасап, ер соғып, саптама етік те тіккен екен. Ер соққан қалыптары, біз, егеу, шапашот секілді сапалы да құнды дүниелері әлі күнге дейін сақталуда.
Алдымен атамыздың өмірбаянына қысқаша шолу жасап өтейін. Атамыз 1957 жылы Сералиева Жібек әжемізбен бас қосқан. «Адамның жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, әжеміз сондай биязы, сұлу, қарапайым кісі болған екен. Атамыз жұмыс жайымен сыртта жүргенде, әжеміз үйдегі ата-енесін бағып, баптап, киіз басып, алаша тоқып, үй шаруасымен айналысыпты. Әжеміздің көзін көрген Несібелі, Орынбасар апаларымыздың айтуы бойынша, әжеміз «Жібек» десе, Жібек, нағыз хас сұлудың өзі болған екен. Ауыр науқастың салдарынан әжем қайтыс болады. Кейін атам Зейне-Зайып әжемізбен бас қосып, қалған балаларды өсіріп-өндіреді. Сөйтіп, «орны бар оңалар» деген қазақтың аталы сөзін айғақтағандай атадан тараған 10 ұрпақ бүгінгі таңда әрбір үйдің егесі болып, атадан дарыған өшпес ізгілікті жалғастыруда.
Сонау бабамыз Құлбатыр атамыздан дарыған шеберлік пен асқан дарындылықты, қатулы мінез бен батырлықты жастайынан естіп, көріп өскен атам 1958-1962 жылдар аралығында Германияда әскери борышын төрт жыл өтеп келеді. Араға жылдар салып 1668-1970 жылдар аралығында Қазалы ауылшаруашылық техникумының «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын жүргізушіліктен бастап, Приарал совхозының Гараж меңгерушісі болып 1975 жылға дейін қызмет атқарды. 1975-1990 жылдары Приарал кеңшарының №1 фермасында ферма меңгерушісі болып жұмыс жасады. Екі жыл қатарынан 1987, 1989 жылдары Сайғонды ауылдық советінің депутаты болып сайланып, ел игілігіне өлшеусіз қызмет атқарған. Нәтижелі еңбектің жемісі Приарал совхозының директоры А.Нұрболатовтан «Алғыс хат», Аудан әкімі Ақпамбетовтің қолынан «Құрмет грамотасын» алған. Бұл тек қолымызға жетіп, кейбір документтерінде, еңбек кітапшасында сақталған азғантай мәлімет қана.
Бүгінде атамның жасаған игі істері туралы ауыл халқы тегіс біледі. Ауылдағы үлкен кісілер әр жиын, бас қосуларда атамды сөз етіп, оның жоғары лауазым иесі болса да, елге қайыр істеп, адал қызмет атқарғанын жиі айтып отырады екен. Тіпті ауылымыздың үлкен қарттарынан естуім бойынша, атам еңбек еткен бастапқы жылдарда ауыл жігіттерінің басын қосып, ауылымызға ауыз суға құдық қаздырып, халықтың алғысын алыпты. Ел игілігіне жараған бұл құдықтың көзі әлі жабылмай, күні кешеге дейін жарап тұрды. Атамыз беделді қызметкер болғанымен, қарамағындағы жұмысшыларға да қарайласып, қашанда қол ұшын созып жүрген дейді. Сол заманның жомарт тұлғасы болған атамыз оқу бітіріп, жұмыссыз отырған жастарға да «Тас құдық » деген жерден «Шоқ жұлдыз» атауымен жұмыссыз жастар бригадасын ұйымдастырып, ауылымыздың қыз-келіншектерін жұмыспен қамту бойынша совхоз директорының шешімін алады. Жастар бір жағы өкіметке сүт сауып көмегін тигізсе, екінші жағы ауыл жастары жадырап жаз келгеннен көтеріңкі көңіл-күймен төсек-орын, киім кешектерін жинастырып, «Шоқ жұлдыз, қайдасың?» деп отар басына бригадаға жиналатын дейді. Бригада басына көшпелі кітапхана, медициналық пункт те жұмыс жасап, олардың көңілін көтеруге бағытталған кино да көрсетіп тұратын болған екен. Советтік заманның бұл да бір жақсы тұстары деуге болады.
Тағы бір дерек Приарал совхозының №1 фермасының озат бақташысы Қайролла Айтпақов деген ағамыздың көзі тірісінде «Ұлық болсаң –кішік бол» деген сөз Бақытқа арнап айтылғандай. Көңілі кең, өте қарапайым жан еді. Құдай оның сол кең жүрек көңіліне беріп, өзі жұмыс жасаған кезеңдерде Приаралға қарасты бес ферманың ішінде ет, сүт өнімдері жағынан үнемі бірінші орында тұрдық» деп айтқан сөздері бар екен. Айтса айтқандай, мал шаруашылығы жөнінде 1-фермаға қарасты Қосқұдық, Тасқұдық, Табанқұдық, Нарөлген, Айтпақ баз деген бес сауын отар, Қияс, Жәндік, Төлеңгіт , Құлөлген Дүзгінді деген бес бойдақ отарлардың әрқайсысына аса жауапкершілікпен қарап, ондағы малшылар мен сауыншыларды өз отбасының бір мүшесіндей көрген ол көз көрген қариялардың аузында тек жақсы жақтарымен ғана қалған. «Әкең өлсе де, оның көзін көрген өлмесін» деген сөз тегін айтылмағанын мен осы әңгімелерді ести отырып, толықтай келісемін. Атам:«Жақсы адам болу үшін, еш уақытта өтірік айтпа, ұрлық жасама, адал еңбек ет! деп үнемі айтып жүреді екен. Атамның осы ақылын әкем кішкентай кезімізден құлағымызға сіңіріп өсірді. Еңбекке деген адалдығын, жанының тазалығын әрқашан айтып отырады.
«Ұлықтардың басқан әрбір ізінде бір медрессе жатқандай» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, өз атамның ұлылығын осылай ел аузынан естудің өзі бір ғанибет. Жүрегі жұмсақ, қайсар мінез атамның ізгі істері мен жайсаңдығы ел есінде мәңгі сақталатынына кәміл сенемін.
Құндызай ӘСЕТҚЫЗЫ
17 қыркүйек 2024 ж. 102 0