Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Енді оның рекорды 18-0

Енді оның рекорды 18-0

Ережесіз жекпе-жек әлемінде көптеген тайталас өтіп келеді. Әлем елдері көз тіккен көзсіз спорттың бұл түрі қазіргі таңда ғарыштың жылдамдығындай дамып, оған келушілердің саны да еселеп артты. Көпшілік бұған аралас жекпе-жек деп қарайды. Шын мәнінде UFC ұйымы бұл бәсекенің басты брендіне айналған. Бұл – абсолютті жекпе-жектер чемпионаты деп аталатын әлемдегі ең беделді ұйым. Бұл ұйымға кіру үшін де көптеген талаптардың орындалуы шарт. Батысы жанкүйер. Одан бөлек сол тұлғаның кәсіби шеберлігі тағы бар.
Бүгінде аралас жекпе-жек әлемінде елімізде Дамир Исмағұлов, Жалғас Жұмағұлов, Арман Оспанов, Сергей Морозов сынды саңылақтардың есімдері ел аузында жүр. Ал, енді бұлардың бәрі UFC-дің шақыруымен әр кездегі жекпе-жектерге шығып жүр. Ал оның жарық жұлдыздарының саны да күн санап артып келеді. Кешегі апта Қазақстан үшін сондай сәтті жетістіктердің біріне айналды. Себебі тыңнан түрен салып, қазақ көгіне қалықтап шыққан қасқыр мінез қандасымыз Шавкат Рахмонов тағы бір қарсыласын қапы қалдырып, үздіктер жайғасқан тұғырға бір қадам жақындай түсті. Бұл есім қазақ елінде кеңінен танымал болып келеді. Сол Шавкат жайында енді сөз сабақтасақ. Қандас екенін білеміз. Бірақ ата жұртқа оралған қазақтың түп тамыры қайдан шыққаны жайлы бірі білсе, бірі білмес.
Ол – 1994 жылы Өзбекстанның Шурчи қаласында өмірге келген. «Оралман» деген статус еншілеген ердің өсіп шыққан ортасы Өзбек ағайын болғанмен қаны да жаны да қазақ. Өзгермейтін өмірдерегіне үңілген жұрт оны өзбек деуге қиғысы жоқ. Расында ол таза қазақ. Тіпті керек десеңіз, оның үлкен аталары осы Аралдан шыққан. Руы – Кіші жүз, Әлім. Шектіден тараған Алтынбай аталығы. 2010 жылы оның үйі Қарағандыға көшіп келеді. Содан бастап оралман мәртебесі берілген Шавкат базарда жеміс сатқан, қала берді, қара жұмыс істеп күн кешкен. Өзі жастайынан спортқа қатысса да сол кездегі көптеген құжаттық кедергілер жас спортшының шаршы алаңға шығуына мүмкіндік бермеді. Бірақ бойда қайнаған бұла күш бәрібір Шавкатты спортқа алып келді. Дзю-домен және еркін күреспен айналысты. Қазір ол – күрестің осы екі түрінен де спорт шебері. Ол осы спорт түріне келер алдында ММА әуесқой чемпионатына қатысты. Бұл бірнеше спорт түрі біріктірілген ережесіз жекпе-жек. Ережесіз болса да бұған қатысты қатаң ережелер қағидасы қалыптасқан. Тістеуге, шаштан тартуға немесе тырнап, әлдебір затпен ұруға болмайды. Бір сөзбен айтқанда қанша жерден сайыпқыран болсаң да сабырлылық пен байыптылық болмаса сыр алдыруың әбден мүмкін. Мұндай қасиет Шавкаттың бір бойынан табыла білді. Шавкаттың ұлтжандылығын оның «Номад» деген лақап атынан да байқалады. Бұл – «көшпенділер» ұғымын білдіретін атау. Сондай-ақол өте сауатты, әбжіл жәнежүректі спортшы. Ол кәсіби мансабында 17 жекпе-жегінің бәрін мерзімінен бұрын аяқтаған. Оны америкалықтар «Қазақ терминаторы» деп те атап жүр.
Шавкат бір сөзінде «Маған кіммен шықсам да бәрібір» деген еді. Оның басты мақсаты – күллі әлемге қазақтың атын жеңіс тұғырында тұрып таныту. Сол мақсаты жақында тағы бір мәрте айқындалды. Яғни, 17 желтоқсан күні Лас-Вегас қаласында өткен ережесіз жекпе-жекте америкалық Стивен Томпсонмен шығып, оны 2-ші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді. Осылайша Рахмонов жасаған рекорд 18-0 көрсеткішін көрсетті. Бұл қазақ халқы үшін үлкен жеңіс.
А. ҚАРАСАЙ 
20 желтоқсан 2023 ж. 3 141 0