Ел намысын қорғай білген

– Өзім боксқа келер алдын, алғаш күреске қатысып жүрдім. Кейін бокстен Аралдың тұңғыш Қазақстан чемпионы Айбек Шарапатов деген ағам екеуміз жазғы демалыс уақытында Алматы қаласында қыдырып жүрдік. Сол кезде ол кісі маған бокста киетін арнайы қолғап берген болатын. Міне, осылайша менің боксқа деген қызығушылығым арта бастады. Аралға келген соң күрестегі ағайымның рұқсатымен бокс үйірмесіне ауыстым,–деді Жанболат өзінің боксқа келгені жайында.
Жанболат Тілегенұлының спорт саласында жеткен жетістіктерді де жетерлік. Ол алғаш 2002 жылы осы бокс үйірмесіне қатысып бастаған.
– Менің алғашқы үлкен көлемдегі жеңісім жасөспірімдер арасында Ақтау қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде топ жарып жүлделі ІІІ орынды иелендім. Содан соң 2005 жылы Астана қаласында өткен жастар арасындағы біріншіліктің күміс жүлдегері атанған болатынмын. 2005-2010 жылдар аралығында көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп жүрдім. Кейін 2013 жылы Атырау қаласында өткен ересектер арасындағы Қазақстан бірішілігінде ІІ орын иеленіп, Қазақстан ұлттық құрамасына қабылдандым. Осы құрама сапында жүріп Сербия, Албания, Финляндия, Болгария, Индия, Украина, Ресей мемлекеттерінде болып, еліміздің намысын қорғадым. Осы 2013 жылы "спорт шебері" атағын иелендім. 2015 жылы Динамо сапына қабылданып, 55-71 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтедім,–деді Жанболат Тілегенұлы.
Спорт болған соң жееңіске деген ұмтылыс та болады. Соның ішінде сәттілік те, сәтсіздіктер де орын алып жатады. Яғни, жеңіс те, жеңіліс те қатар жүретіні анық. Сонымен бірге алда тұрған мүмкіндікті пайдалана алмай қалатын сәттер де орын алып жатады.
– Барлығы бірден бола бермейді ғой. Кейде "әттеген-ай" деген кездер болады. Жаңа айтып өткенімдей Ұлттық құрамада жүрдім. Кейін бұл құрамадан шығуыма тура келді. Оның өз себептерді де бар. Осы Ұлттық құрамада жүрген кезімде Алматы қаласының атынан бокста жарыстарға шығып жүрдім. Осы кезде мені Ақтау қаласының жаттықтырушысы өз тобына "бізге ауысып кел" деп шақырды. Кейін Алматыдағы жаттықтырушыммен осы шақырту бойынша ойласқан болатынмын. Бірақ ол мені жібергісі келмеді. Негізі өзім де өз құрамамды тастап кетіп қалғым келмеді. Жаңағы Құрамада кей балдар болады нақты әрі тұрақты жарыстарға шығып жүретін. Яғни, Азия чемпионатына, Әлем чемпионаты деген секілді жарыстар. Міне, сондай жарыстарға шығу үшін жаттықтырушыңның беделі де болуы керек. Ал онсыз ешқайда да шыға алмайсың. Міне, сол кезде мен ешкімді тыңдамай, ойланбай ауысуым керек еді деп қалған болатынмын,–деді Жанболат таңдауының дұрыс болмағанын білдіріп.
Жанболат Тілегенұлы алғаш еңбек жолын 2017 жылы Арал ауданындағы Спартак республикалық қоғамдық бірлестігінде нұсқаушы болып бастайды. Кейін 2018-2020 жылдары №19 Арал ауданының олимпиядалық резервтің мамандандырылған балалап-жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Ал, 2020-2021 жылдары №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болады. Бүгінде Аралдағы әскери бөлімде қызмет етуде.
– Ендігі кезде қазіргі жастарға айтарым қолда бар мүмкіндік пен нәтиже жаттықтырушыға да байланысты екен. Сол үшін бар мүмкіндікті ақылға салып пайдаланған жөн. Ал көңілге қарап, бір орында жүре берсең, сол орында өспей қалып қоятының анық. Сол себептен өсетін жақты ойлаған дұрыс, – деді Жанболат ағалық ақылымен.
Жанболат Тілегенұлы 2016 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде екі бүлдіршіннің әкесі.
Айсауле НҰРЛАНОВА