Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды

«Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды

Республика күніне арналып облыс орталығында өткен салтанатты шарада Арал ауданының қос бірдей азаматы құрмет биігінен көрінді. Олардың бірі – ұзақ жылдар бойы Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі болған, аудан ардагері Нұржау Ділмағамбетов болса, екіншісі №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Серік Алмағамбетов. Бұл жандарға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Серік Алдажарұлын көпшілік еңбекқор азамат, өз кәсібінің маманы, жауапкершілігі мол басшы ретінде біледі. Және оны жоғары бағалайды. Ол талай спорт саңлақтарын дайындап келеді. Олардың көпшілігі әлемдік додаларда топ жарып, еліміздің көк байрағын көкке көтеруіне үлес қосып жүрген азаматтар. Серік Алдажарұлы – іскерлігінен бөлек, адами асыл қасиетімен дараланған қарапайым азамат. Және ешқашан басшымын деп көкірек кермей, өзі басқаратын мекеменің жұмысын қарапайым жұмысшымен қатар атқарып жүргенін талай мәрте көзіміз көрген.
Ол 1963 жылы Қамыстыбас ауыл советінде дүниеге келген. 1978 жылы №21 Қамбаш орта мектебін бітіріп, 1978-1982 жылдарда Қызылорда медициналық училищесін, 1985-1989 жылдар аралығында Қарағанды педагогикалық институтын «дене тәрбиесі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын алғаш болып 1981-1985 жылдары Арал ауданы, Құмбазар елді мекенінде фельдшер пунктін басқарудан бастайды. Мұнан соң 1989-1993 жылдар аралығында өзі оқыған №21 Қамбаш орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. 16 жылға жуық уақыт мемлекеттік қызметтен қол үзіп, жеке кәсіппен де айналысқан. Кейін 2010- 2014 жылдар аралығында Арал ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі жанындағы «Спорт клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. Ал 2014 жылдан бастап Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балаларжасөспірімдер мектебінің директоры қызметінде.
Өз ісіне шын берілген басшы елдің алғысын алумен қатар мемлекет тарапынан да жоғары марапаттарға ие болып жүр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20, 25 жылдығы медалдарымен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл мерекелік медалімен марапатталған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының Алғыс хаты Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрлігінің Құрмет грамотасын да иеленген.
Серік Алмағамбетов басқаратын №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде 2021-2022 оқу жылында спорттың 11 түрінен 1192 бала тұрақты түрде спортпен айналысса, осы жылы спортшылары Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттарынан 33 медаль иеленді.
С. Алдажарұлы еңбекте табысқа жетумен қатар, отбасылық бақытқа кенеліп отырған бақытты әке, ардақты ата.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
27 қазан 2022 ж. 402 0