Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпке беймәлім Көкарал лагері

Көпке беймәлім Көкарал лагері

1930 жылдың мамыр айында КСРО Халық комиссарлары кеңесі «Қазақстанда еңбекпен түзету лагерін құру туралы» қаулы қабылдайды. Осының негізінде көп ұзамай Қарағандыдағы «Гигант» шаруашылығы еңбекпен түзету лагері болып қайта құрылады. Қазақ жерінде «еңбекпен түзеу» дегенді желеу еткен жазалаушы лагерьлер осылай пайда бола бас­тап еді.
Кеңестік тоңмойын сая­сатқа қарсы тұяқ серпіп қар­сылық таныт­қандар қойдай тоғытылған бұл лагерьлер сол жүйенің адам санасы жетпес сұмдығы мен қиянатының дәлеліндей көрінетіні бар кейде. Жалған жаламен жаза арқалаған қаншама адам осы қабырғалар қамауында жан қиды. Біз олардың жазалаушы жүйеге қарғыс айтқан дауысын көп жылдардан кейін ғана естідік. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында «ҚарЛАГ», «АЛЖИР», «Дальний», «СтепЛАГ» секіл­ді ондаған лагерь жайлы белгілі болды. Ал Сыр бо­йын­да да осындай лагерь бол­ған­дығы әлі де көпке белгісіз күйде қалып келеді.
Жалпы, Кеңес Одағын­дағы қуғын-сүргін өткен ға­сырдағы жиырмасыншы жылдардың соңында-ақ басталып кетіп еді. Зорлықпен жүргізілген ұжым­дастыру саясатына қарсы болған­дар бай-құлақтың қатарына жат­қызылып, қолдағы барын тартып ал­ды. Сол тұста кемерін кеміріп, ай­дыны толып тұрған Аралдың Көкарал түбегіне 1927 жылы Бал­тық бойынан жер аударылғандар жет­кізіліпті. Оншақты жылдан кейін Қиыр Шығыстан келген корейлер, Қап тауынан жеткен кабардин мен балқарлар, Еділ бойынан ауған қал­мақ­тар, іле-шала осындай азап­ты жолды кешіп өткен неміс­тер түбек­тегі босқындар қатарын толықтыра түсіпті. Отаршылдық өктем саясат қияндағы Көкаралды осылай қамтыған екен.
Сол тұста бұл түбек айна­ла­сын көк­пеңбек теңіз көм­керген мекен бол­ған деседі. Тіпті ел аузында «Көк­аралда су ақпайды, балық аға­ды» деген сөз де айтылса керек. Жырыла қашар жолы жоқ осы ай­маққа қуғын-сүргін­ге ұшырап, жазықсыз жаза­лан­ғандар жеткізіледі. Адам айтқысыз азап көріп, қиян­нан қиналып жеткен осы бос­қындардың біразы алғаш­қы жылдары-ақ жан тапсырады. Алла алқап, аман қалғандары қолындағы барын берген жергілікті халық пен теңіз несібесінің арқасында жан сақтап қалады.
– Бала кезімізде «Босқын­дардың моласы» дегенді ести­тінбіз. Құм суырып, сырт­қа шығып қалған адам сүйе­ктерін де көп көрдік. Үлкен­дер бізді жақындатпай сол сүйектерді жинап, жерлеп жүретін. Әкем ауылдағы бас­тауыш мектеп мұғалімі бол­ды, лагерьдегілерге қатыс­ты көп жайтты сол кісіден есті­дім, – дейді осы Көк­аралдың тумасы, өңірге белгілі азамат Қуанышбай Ердіқалықов.
Қуанышбай аға жазықсыз жазалы болғандарды орта­лықтан жы­рақта ұстау үшін жүргізілген экспериментті лагерьдің қайғысы мен қасі­реті әлі күнге дейін жұмбақ болып келе жатқанын айтады. Өзі қуғын-сүргін жылдары Аралдың дәмін татқан­дардың тағдыры туралы  жазып келеді.
Көпке белгісіз болып келген Аралдағы босқын­дар лагері жайлы зерттеп жүр­гендердің тағы бірі аудан­дық архив басшы­сы Болат­бек Қуатов 30-жыл­дардың басындағы байларды тап ретінде жою мен  жаппай ұжымдастыру науқанын жүр­гізу саясаты жаңа жерлерді игеру­дің нақты стратегиялық жоспары бол­ғанын айтады. Ұшан-теңіздің қуыс-қолтығы осы жоспардың ауқым­ды бір бөлігі болса керек.
Көп ұзамай теңіз жаға­лауы Кеңес Одағының саясатына қарсы кел­гендерді, ауқат­ты адамдарды Ресей­дің орталық бөлігінен алыстату мақ­сатында жіберетін лагерь ретінде таңдалып алынады.
Болатбек Қуатов ұсынған архив деректерінде Қазақ өлкелік партия комитетінің БКП(б) 18 ақпан 1930 жылғы жиналыс хаттамасында екі апта уақыт ішінде 2000 бай-құлақтың отбасын Арал теңізі жағалауына қоныс аударып және оларың орналасу сызбасын дайындау туралы тапсырылғаны көрсетілген.
БКП(б) саяси бюросының 1930 жылғы 20 ақпандағы «Мешеу қалған ұлттық эконо­микалық аймақтар­дағы ұжым­дастыру және бай-құлақтар­­ға қар­сы күрес» туралы №49 қаулы­сы­на жауап ретінде КСРО Бірік­кен мемлекет­тік саяси басқармасы (ОГПУ) Қызылорда өлкелік бөлімінің аса құпия құжаттарында 4000 адамға 20 барак үй; 22 ақпанда 5000 адамға арнап тағы осындай 25 үй дайындалатыны баяндалған. Бұл орындарға балалар мен қарттарды орналастыру көзделсе керек. Осы құ­жат негізінде 20 ақпанда Көк­аралда 4000 адамды 20 үйге, 25 ақпанда 30 баракқа 6000 адамды орналастыру жоспарланыпты. Қоныс аударушылар баспаналарының кем-кетік жерлерін өздері жөндеуге міндеттелген. 
Құжатта жергілікті тұр­ғын­дардан 300 киіз үй жинап, сол арқылы Көкаралға 2500-3000 адамды орналастыру көзделіп отырғаны көр­сетілген. Осылайша 12000-13000 адамды тұрғын үймен қамтама­сыз етуге болады деген де жоспар жасалған.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасынның» кезе­ңінде ұжым­дастыру тура­лы жалынды рапорттар да беріліп жатыпты. Бір құжат­тарда отызыншы жылы жоғар­ғы жаққа Шиелі ауданы бас­шы­лығы өңірді «тұтастай ұжым­дас­тырылған» деп тану жөнінде өтініш бергенін айтады.
Өкілдердің әмірімен 2 са­ғаттың ішінде колхоз құ­рыл­ған елді мекендер де бол­ған екен, ал мұндай асы­ғыс шешім­ге қарсы болғандар мал-мүл­­кінен айырылып, айда­лып кете барған.
Ата-бабасы аяқ басып көрмеген Арал өңіріне жер аударыл­ғандардың да тағ­дыры осындай болды. «Жер аудару» деген желеудің астарында 3 жылдан 10 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру жазасы жатыр еді. Олар­дың көпшілігі үшін туған жеріне қайтар жол мәңгілікке жабылды.
– Қазақ өлкелік партия коми­тетінің БКП (б) 1930 жылғы 30 наурыздағы қаулы­сымен Қазақстан бойын­ша күштеп қоныс аударыл­ған­дар арасынан Аралға 7105 адамның жіберілгені жазыл­ған. Қабылдау-орналас­ты­ру пункттеріне 7535 адам­ның келгені көрсетіліпті. Бұ­лар­­дың барлығы Көкарал мен Құландыға жіберілген, – дейді аудандық архив басшысы Болатбек Қуатов.
Осы жылғы 22 сәуірде Қызыл­орда өлкелік атқару комитетінен Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесі­нің төрағасы Ораз Исаевқа хат жазы­­лып, онда Арал теңізі станса­сын­дағы концлагерьге қоныс аудару­шы­лардың орналасуы туралы баян­далады. Онда лагерьге күштеп қоныс аударушылардың жағдайы мүл­де төмен екендігі айтылады. Айда­лып келгендер тұратын барактар аздығы, санитарлық талаптардың сақ­тал­майтыны және ауыз судың тапшы­лығы атап көрсетілген. Бұл деректі санитарлық дәрігер Смайловтың Арал лагеріндегі 30 баракта 6340 адамның орналасқаны туралы мәліметі бекіте түседі. Осыған қарамастан, орталық Аралға жер аударылатын­дар санын жыл сайын үсті-үсті­не көбейте берді. 1931 жыл­дың басында КСРО Халком төр­ағасының орынбасары А.Андреев жетекшілік еткен комиссия Ресей мен Кавказ­дан жер аударылғандардың көпшілігін Қазақстанға аттандыру туралы ұйғарым жасайды. Көп ұзамай Кавказ бойынан әуелі 350, екінші кезекте 400 отбасы тиелген эшелонды Қазақстанға жіберудің кестесі жасалады. Бірін­­ші эшелондағы 150 отбасы Шал­қар стансасына, ал 175 шаңы­рақ Арал теңізі стансасына жеткізілген. Араға екі апта салып пойызбен жеткен тағы осынша отбасы теңізді ауданнан пана табады.
Құжаттардан лагерьдегі­лердің жағдайы 1931 жы­лы тіпті қиын­дай түскені көрі­не­ді. Сол тұста ҚазАССР про­­курорының көмек­­шісі Я.М.Гринбергке «Арал теңі­зіне жер аударылған­дардың жағдайы» туралы берілген мәліметте теңізді өңірге жер аударылғандардың  тұр­мыс жағдайларының мәз емес екен­дігі  баяндалыпты. Өлкелік коми­теттің 17 та­мыз­дағы ұсынысы мен 28 тамыздағы қаулысы негізінен орындалмағаны, барактарда пеш салынбағаны атап өтіледі.
Ақтөбе БМСБ-ның (ОГПУ) «Арал теңізінің 19 ко­мен­датурасындағы жер ауда­рыл­ғандар жағдайы туралы» 1932 жылғы 25 қазан­дағы мәліметінде 4294 кө­шіп келушінің 1368-і ер адам, 1324-і әйел, 602-сі бала екендігі көрсетілген. Олар­дың 1227-сі Арал қаласына, 611 босқын Көкарал түбе­гіне, 612 адам қияндағы Құландыға, мың жарымнан астамы Возрождение аралына, Ауан, Ұялы ауылдарына орналастырылған. Қара­шалаң, Қаратүп елді мекендеріне орын тепкен босқындар да аз болмады.
«Арал ауданының эконо­мика­лық шолуы» тақыры­бындағы құжат­та (Ақтөбе ОММ 13-қ; 1-т; 42-іс; п-3) 1932 жылы аудан халқы 55 335 болса, соның 11 954-і (21па­йыз)  өзге ұлт өкілдері екендігі көр­сетіледі. Бұл зоба­­лаң жылдары алыс ауданға зорлықпен жер ауда­рыл­­ғандар еді. Құ­жат­тар­да күштеп көшіріл­гендер­дің жатын орыннан бөлек жей­тін астан да зәру­лік көріп отыр­ғаны жазы­лып­ты. Олар­ға күндік нан норма­сының өзі толық берілмеген.
– Отызыншы жылдар­дағы ойран, күштеп қо­ныс аудару, тотали­тар­лық жү­йе­нің негізсіз жазалау шара­лары­ның зардабы осындай бо­лыпты. Оны басынан өткізгендер ешқашан ұмыт­пайды. Депортациялық саясаттың салқынымен Арал топы­рағына табан тіреген өзге ұлт өкілдері қолындағы барын беріп, қиналғанға қамқор болған жергілікті халықтың көмегінің арқасында жан сақ­тады, алапат кезеңнен аман қалды. Жер ауып келген­дер бұл өңірден пана тауып, ұрпақ өсірді. Өздерінің ұлт­тық ерек­шеліктерін сақтап қал­ды, – дейді Болатбек Қуатов.
Алмағайып заманда Арал теңізі аумағына күштеп көшірілгендер бастан кешкен тарих осындай. Олардың көпшілігіне туған жеріне оралу бұйырмады, теңізді жағалай мәңгілік мекен тапты. Босқындар арасында сауатты, сан түрлі мамандық иелері де болатын. Олар жергілікті тұрғындардың кәсіпке бейімделуіне жол ашты. Отызыншы жылдары Көкарал түбегіндегі Ауан ауылында орыс мектебі ашылды. Осы ауылдағы балық зауытында 1960 жылдарға дейін көптеген ұлт өкілдері жұмыс істеді. Жер ауып келгендер арасынан әр салада елге танылған көптеген азаматтар шықты. Солардың бірі, Ауған соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Валерий Очиров Арал қаласына жақын Жақсықылыш кентінде туған қалмақ баласы. Сон­дық­тан Арал тұзын өндіретін ауылда кіндігі кесілген Ауған соғы­сы­ның отты жолынан өткен генерал-лейтенант Валерий Очировті арал­дықтар өз жер­лесі санайды.
Ел еркіндігін алған тоқ­саныншы жылдары Арал­ға Қалмақ Республи­касынан өкілдер келіп, Бөген ауылына дейін барған екен. Сол сапар қал­мақ елінің азаматтары зоба­лаң жылдардың естелігін білетін қария­ларға жолығып, қиын сәтте қанаты­ның астына алған жергілікті жұртқа алғысын білдіріпті.
Кеңес Одағының әр қиы­ры­нан тағдыр айдап, Арал топы­рағын бас­қан­дар­дың бар­лығы дерлік өткен ғасыр­дағы 60-жылдары тарихи Отан­­дарына көшіп кетті. Олар­­­­дан қалған бір белгі құм­ды ауыл­дардағы қарайған зират­­тар ғана. Бір кезең­дерде Көк­арал түбегінен әр ауылға тара­­ған­­дардың ұрпақтары қазір бұл тарихты білмеуі де мүмкін.
Ел арасында да осы оқи­ға­ның куәгерлері де жыл санап азайып келеді. Қи­налған жұртқа өзек жал­ғатып, алдағы күндерге аман жет­кізген теңіз тартылған, талай ауыл­дың бүгінде тек орны ғана жатыр.
Көпке беймәлім болып келген Көкарал лагері жайлы біздің білгеніміз осы болды. 
Қызылорда облысы
egemen.kz
29 мамыр 2020 ж. 1 155 0