Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аузы дуалы Есмырза

Аузы дуалы Есмырза

Аудан айнасы "Толқын" газетінде (13 сәуір, 2021 жыл, №29 саны) менің "Арал өңірінің аузы дуалы би-шешендері" атты жарияланған мақаламның соңында ХІХ-ХХ ғасырда да Арал өңірінде өмір сүрген рулардың ішінде аталы өсиет сөз қалдырған би-шешеннен басқа елге белгілі де беделді адамдар (есімдерін атағанмын) болғанын оқырмандардың назарына салып кеткенмін.
Бұл рас. Бірақ бір өкінішті жері, олардың аталы сөздері жазбаша хатқа түсірілмеген. Мұның бәрі қоғам дамуының белгілі бір тұстарында жүргізілген ішкі-сыртқы саясаттардың, ел басына түскен сан түрлі нәубеттердің зардабынан өздері тұрмақ, сөздері де ұмытылып бара жатқанын да жасыра алмаймыз.
Сонда да болса, сонау жылдары (біз бала болсақ та) жиын-тойларда көне көз қариялардың елге белгілі адамдар жайлы айтқан әңгімелері, аталы сөздері құлағымыздың түбінде қалғаны болмаса... Енді, міне, сол сөздердің бәрі есте қалмай барады.
"Алтын кездік қын түбінде жатпайды" демекші, енді сол естіген әңгімелерімнің ішінде елге беделді көлімбет Есмырза Жанайұлы айтқан екен деген сөзіне тоқталайын.
Есмырза Жанайұлы ояздармен тіл табысып, 36 жыл бойы болыс болған. Сот ретінде қызмет те атқарған. Ел ішіндегі жесір дауы, жер дауы, мал дауы сияқты дауларды ушықтырмай, әділ шешіп отырған. Айтушыларға қарағанда, кей кездерде би-шешендерді де сөзбен жеңе де білген.
Есмырза мен Қарасақал Ерімбет замандас екен. Соның ішінде Сырдың төменгі ағысы мен Арал өңірінде өмір сүрген поэзия сүлейлерінің арасында назым сөз бен ширатпа шумақтардың, арнау-толғаулары мен жыр-дастандардың, сондай-ақ жұмбақ айтыстың шынайы шебері атанған Қарасақал Ерімбет шайырды сөзден жеңгені кім-кімге болса да ой саларлық.
Бірде Қарасақал Ерімбет Есмырзаны жеңіп қайтамын деп, ауылынан 3-4 аттылы болып жолға шығады. Ауылға жақындағанда ойпатта қой жайып жүрген баладан Есмырзаның отауы қайсы деп сұрапты. Сонда бала:
– Анау, – деп төбенің басындағы қараша үйді көрсетіпті. Сол арада Қарасақал Ерімбет қасындағылармен аттарынан түсіп, күні бойы демалады. Қас қарайған шақта аттарына мініп, манағы бала көрсеткен отауға келіп, хабарлас қылыпты. Есмырза отауында екен: "үй ішіне мына дауыс бұл өңірдегі адамдардың дауысы емес, бұл бір арнайы келе жатқан адамның дауысы, неде болса өзім шығайын",– деп сыртқа шығады. Өзінің замандасын тани кетіп:
– Ассалаумағалейкум, Ерекембісің, айтулы ердің бірі екенсің, өлім жөнді білмейді, қонақ жайды білмейді, санаулы төрт қасқаның бірі екенсің,– дейді. Қарасақал Ерімбет ләм-мим тіл қатпайды. Есмырза шайырды атынан түсіріп, малын сойып, сыйлы қонақ ретінде жақсылап жайлайды.
Ертеңгісін Қарасақал Ерімбет жол жүруге дайындалып, атын ерттеп Есмырзадан рұқсат сұрайды. Сонда Есмырза:
– Мен саған рұқсат бере алмаймын. Себебі алдымда Дәрменқұл ағам бар, Жетес ағам бар, ізімде қадірлі інілерім бар, ертең солардың отбасына барасың, оған дейін үйде жатасың, содан кейін ағаларымнан қонақ асыңды жейсің, сонда ғана рұқсатымды беремін,– дейді.
Есмырза кешегі және бүгінгі төпелеп, төгіп айтқан сөздерінен Қарасақал Ерімбет жеңілгендігін мойындап:
– Ай, Есеке-ау, мен енді бара алмаспын бұл жолы. Атымызды ерттеп қойдық, рұқсатыңды бер,– деген сөзден басқа ештеңе демейді.
Есмырза да замандасына ойнап айтса да, ер азамат емес пе? Рұқсатын береді. Қарасақал Ерімбет иығы салбырап, сөзден жеңіліп, еліне қайтады. Мұны қасындағылар сезбейді.
Еліне жақындағанда алдынан ағалары мен інілері шығып: "Ереке, қалай қайттыңыз?" деп сұрағанда, шайыр жасырмады, сөзден жеңіліп қайттым,– дейді. Сонда ақсақалдар: "сіз сөзден қалай жеңілдіңіз, ол не айтты? Сіз не дедіңіз?"– деп қайта-қайта сұраған соң, шайыр:
– Қойшы баладан жөн сұрап, Есмырзаның отауын сілтетіп алып, аттан түсіп, күннің батуын күтіп, мезгілсіз уақытта барайын деген ойым болған. Күн батып, қас қарая атымызға мініп, Есмырзаның отауының сыртына барып хабарлас қылып едім. Хабарға Есмыраның өзі шығып, маған былай деді: "Ассалаумағалейкум, Ерекембісің, айтулы ердің бірі екенсің, өлім жөнді білмейді, қонақ жайды білмейді, санаулы төрт қасқаның бірі екенсің",– деді. Мен соған сөз тауып айта алмадым. Төрт қасқа дегеннің мәнісі бірінші – жалғыздық, екінші – жарлылық, үшінші – мезгілсіз қонақ, төртінші – өлім. Бұл төртеуіне еш амал жоқ, деген екен.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Арал қаласы 
27 сәуір 2021 ж. 1 324 0