Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азалы жылдардан жеткен аманат жыр

Азалы жылдардан жеткен аманат жыр

Санада сапырылысқан ой мен жүректің бұлқынған серт сезімінің төлтумасы – өлең-жырдың да бейне бір тірі адамша туу тарихы, ақ пен қарадан өрілген тағдыр-талайы болады. Бүгінгі әңгіме – соның бір мысалы.
Қазақ халқының бетке шығар барша қаймағын – қара нардай қайыспас қайраткерлерін, елім деп еміренген ерен ерлерін, көш бастаған қарқарадай көсемдерін, Алаштың ақылман ардабоздарын қалқып алып, мұрнынан тізіп, жазықсыздан-жазықсық оққа байлап атқан, тозақтың өзіндей темір торларына қаматқан, аяқ-қолын шынжырлап алысқа айдап бостырған 1937 жылғы нәубет құрбандарына арналып шыққан "Аза" кітабын дерек пен дәйек іздеп әр ақтарған сайын бір өлеңге әрдайым көз тоқтатып, көңіл аударып қайталап бір оқып шығатынмын. Қиғылықты да ауыр заманның сүргелеңін, сұрықсыз сойқанын сол өлеңнің әр жолынан көріп, аяқ астынан іште басылмас қыжыл, жүректе зіл батпан ауырлық пайда болатын. Отыз сегіз жолдан тұратын өлең орыс тілінде жазылып берілген. Өлеңнің басындағы түініктемеде: "Перевод из контрреволюционной песни, составленной муллой Адаевым Абдыкалыком и Казыбаевым Ауезом" деп жазылған. Ал соңына жақшаға алынып (Перевод верно: пом. опер.уполн. РО НКВД Асыкбаев) деп қол қойылған. Яғни бұл өлең 1937 жылы халықты қызыл өрттей шарпыған кеңестік-сталиндік репрессия кезінде мойнына бұғау түскен Қазыбаев Әуез атты жерлесіміздің сотқа барған ісіне тігілген. О баста қазақ тілінде жазылып, жұрт арасына тараған жыр сол кездегі сот-тергеу талабына сай орыс тіліне аударылған. Елге тарағанда ұзақ жыр болса керек. Өйткені өлеңнің жиырма алтыншы тармағынан кейін бір жолға көп нүкте қойылып, әрі қарай екінші бөлігі берілген. Бұл жыр-өлеңнің  қазақ тіліндегі нұсқасы сақталмаған. Алайда осы жыр тарихи әрі көркем-әдеби дерек, айнымас айғақ ретінде бізді қатты қызықтырды. Оның шығу тарихын білуге итермеледі, ізденіс жасауға талпындырды. Толғау жырдың авторы Әбдіхалық Адаев молда мен Әуез Қазыбаев деп көрсетілгенмен де, ол заманда екі адам бірігіп жазды дегенге көңіл сенбейді. Ондай үрдіс халқымызда кездеспейді. Сірә, тергеушілер істі болғандарды қамту үшін, айыпты қылу үшін жасаған әрекеті іспетті.
Бұл жырдың түпнұсқасы айт-айтпа күн көсем бастаған революцияға, сталиндік кеңес өкіметіне қарсы зиянды туынды ретінде жойылғаны анық. Ал жаттап алып ел арасында айтса, тар қапасқа қамалатындығы белгілі.
Әуелден-ақ бізге жырды ана тілінде қайта қанат қақтыру, оның түп негізін іздеу туралы ойдың келгені рас. Сол үшін де аралдық талантты жас ақын, орыстың шоқтығы биік ірі-ірі ақындарының поэзиясын там-тұмдап қазақша сөйлетуге талпынып жүрген аудармашы, эсист Дархан Аманжолұлына дереу сауқат айтып хабарластық. Дархан інім де біздің ойға алған жұмысымыздың арнайы мақсатын жақсы түсінді-ау деймін, сөзге келместен, әріге ысыра салмастан, әп-сәтте туған тілімізге бас-аяғын жұмырлап аударып берді. Өлеңнің айтар мазмұнын, жұлын-тұтасын сақтай отырып, еркін аударма әдісімен тәржіма жасапты. Жасалған аударма діттеген көңілімізден шықты. Тіпті көңілдегіден де артық десек болар. Азалы жылдардан аманат боп жеткен жыр мынау:
Зар заман, зарлы заман, заһар заман,
Нашарға кәрін төккен қаһар заман,
Алдым – ор, жан-жағым – жау, арандыдай
Орнады тап басыма ақыр заман,
Білгейсің, ой, бауырым, Қарасай!
Жер тозды, жан тоналды, жайлау кетті,
Имандай қайран сөзден байлау кетті,
Қып-қызыл қан түсіндей Сәбет-жендет,
Желкелеп жұлыныма айдау жетті,
Білгейсің, ой, бауырым, Қарасай!
Шоралар, төре басы қара болды,
Шат күндер, сайран күндер нала болды,
Кәмөнес құл-құтандар есіріктей,
Ұры-қары, сұмдарға тола болды,
Білгейсің, ой, бауырым, Қарасай!
.........................................................
Ой, заман, өксік заман өткенің бе,
Мойныма ажал жүгін жеккенің бе,
Ордамда жынға ойнақ салдырғанша,
Омыртқам он үзіліп кетпедің бе,
Білгейсің, ой, бауырым, Қарасай!
Есен бол, жүдеу елім, жадау жерім,
Есен бол, көз жасындай көзе көлім,
Есен бол, әулие жер, пір топырақ,
Қызығыңды көрер ме екем енді сенің?
Қош, сау бол, ой, бауырым, Қарасай!
Санасы сергек, көркемдік әлемі бай Дархан ақынның арқасында қысталаң тарихтың сұрқай сәттерін бастан өткерген, советтік қызыл соттың бүгінде шаң басқан, кезінде қан жұққан делосының сарғайған парақтары арасында зәуде орысша "сөйлеп" аман қалған тағдырлы туынды "от ішінде мақтаны сақтайды" дегендей туған жерінде, Арал топырағында араға тоқсан жылдай уақыт салып қана үн қатқандай болды. Адамзаттың басынан өткен сол бір қиямет-қайымды, қиын да зобалаңды жылдардың сұрықсыз суретін көз алдымызға әкелді, бар шындықты жайып салды. Кеңестік-сталиндік, тоталитарлық мемлекеттің қанды лаңын осы бір зарлы шумақтардан ұқтық. Халықтың басына, арда арыстардың мойнына қылбұрау боп түскен қызыл тұзақтың жантүршігерлік мехнатынан, шерлі азабынан, қан сасыған қылышынан соң концлагерьлерде телмірген, ит жеккендерде тентіреген көгенкөз боздақтардың азат күнді армандай жоқтаған үнін естігендей күй кештік.
Өткен өлара тарихтың осы өлең-жырмен таңбаланған қаралы беттеріне қайта үңілейік. Жырға өзек болған, екіұдай шақта ел-жұрты арқа тұтып іздеген Қарасай кім еді? Жыр кейіпкерін де осы "Аза" кітабынан (2-том) табамыз.
Адаев Қарасай Қазалы уезі Арал болыстығының №9 ауылында, яғни қазіргі тұзды өңір, Жақсықылыш маңында 1886 жылы туыпты. Заман ауанын аңдайтындай көзі ашық, от тілді, орақ ауызды Қарасай қорасына төрт түлік мал біткен, дәулетті, елге тұтқа адам болған. Айналасына аты танымал, еркіндік үшін арпалысқан кісі патшалық Ресей тұсында билікке де араласып, бірнеше жыл болыс та болып көрген. Оның отбасы мүшелері туралы тергеушілердің "әйелі – Балшекер, балалары Тілеу мен Ізбасқан және қызы Тайын" деп жазған деректері сақталған. Айтса айтқандай, Қарасай Адаевтың кеңес өкіметін жылы қабақпен қарсы алмағаны бесенеден белгілі. Жақсықылыш маңындағы жұртты ұжымдастыру қолға алынып, "Қызыл керуен" атты серіктестік құрылғанда, ақ-адал малына, азын-аулақ дәулетіне қауіп төнгенін біліп, сатқанын сатып, сатпағанын алып, 1928 жылғы үлкен тәркілеу алдында большевиктердің қуғын-сүргінінен қашып, теңіздің арғы бетіндегі қарақалпақ жаққа кеткен. Алайда бір-жар жылдан соң ата жұртына, туған ауылына қайтып оралып, ағайын-туыстарына, жерлес-ауылдастарына компартия мен кеңес өкіметіне, колхоз құрылысына қарсы бағытталған үгітін жүргізуден танбаған. Пролетариат диктатурасы орнатқан кеңес өкіметінің адам аямайтын жауыздығын, заңдарының әпербақан әділетсіздігін, мұртты көсем Сталин саясатының бұрыстығын өткірлікпен айтып жүрген. Мал азайып, ел жұтағанын көріп, тұз тресі жұмысшылары алдында алдағы уақытта аштық болатынын болжағандай. Шынымен де 1931-1932 жылдары советтік билік әдейі ұйымдастырған зұлмат аштық ел-халықты қынадай қырды емес пе?!
Өктемдік саясатын ұстаған кеңес өкіметіне бітіспес жау болған, ел-жұртының амандығын аңсаған Қарасай Адаевты  Арал аудандық НКВД жендеттері 1937 жылдың 12 тамызында қолға түсіріп тұтқынға алып, үстінен үйіп-төгіп қылмыстық іс қозғаған. Сол ниетпен он төрт-ақ күнге созылған азаптау тергеулері аяқталып, Ақтөбе облыстық (ол жылдары Арал ауданы сол аймақтың құрамында болған) НКВД Басқармасы жанындағы үштіктің қаулысымен ең жоғары жаза – ату жазасына кесілген де, араға бес күн салынып, қыркүйек айының бірі күні түнгі 3-те Ақтөбе қаласында орындалған.
Аталмыш өлең-жырға арқау болған ғапыл ер осылайша қандыбалақ биліктің, кеңестік-коммунистік қоғамның әділетсіздігінің құрбанына айналған-тын.
Кеңестік сот контрреволюциялық деп таныған жыр оның авторы ретінде көрсетілген Әуез Қазыбаевтың тергеу құжаттарында сақталғанын айттық. Ә.Қазыбаев №9 Жақсықылыш ауылы жерінде 1914 жылы туған. Өлеңнің 30-жылдардың орта тұсында жазылғанын есептесек, ақын сол уақытта 20-21 жастағы жігіт екенін көреміз. Ол дәулетті тұқымнан шыққан және де сауатты азамат болған. 24 жасында тұтқынға алынған шағында ол комсомол мүшесі және туған жеріндегі "Қызыл керуен" серіктестігінің төрағасы боп істеген. Кеңес өкіметінің озбырлығынан жерініп, кейін "халық жауы" боп атылған жақын туыс ағасы Қарасайға қарата, аталмыш өлеңді шығарған, ол ел арасына тарап кеткен. Біреудің ізіне біреуді салып қойған заман ғой. Құжатта аты белгісіз, Н.деп аталған жансыз өлеңді Арал аудандық НКВД мекемесіне апарып берген. Әуездің басына алмағайып күн туған. БЛКЖО мүшесі Ә.Қазыбаевтың мәселесі – кеңес өкіметіне қарсылығы, комсомолдардың жалпы жиналысында қаралып, оны комсомол қатарынан шығарған. Бұл – қудалаудың басы еді. Әуездің ізіне шам алып түскен Арал аудандық НКВД бөлімі ақыры 1938 жылдың 4 ақпанында түрмеге қамап, РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабының 10-тармағымен қылмыстық іс қозғаған. Оған жастарды комсомолға кірмеуге үгіттеді, серіктестік малын әдейі қырып-жойды, артельге кірсеңдер малдарыңнан айырыласыңдар деп лақап таратты, Отан қорғау заемының қаржысын өз пайдасына жаратты деген сияқты көптеген жаланы жауып, Қызылорда облыстық сотының көшпелі сессиясының 19 қазандағы үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айыруға, 3 жылға сайлау-сайлану құқығын жоюға соттады.
Бұл жырдың тағы бір авторы ретінде тергеуші көрсеткен молда Әбдіхалық Адаев та "Қызыл керуен" ауылында тұрған. Сірә, Әуездің өлеңін ел ішінде таратқаны, Қарасайдың туысы болғандықтан да, айыптауға желеу болған секілді. Тұтқындалған Әбдіхалық 10 жылға бас бостандығынан айырылып, айдауға кеткен.
Реті келгенде айта кеткенді жөн көрдік, 1937-1938 жылдардағы репрессия  кезінде осы Жақсықылыш маңындағы "Қызыл керуен" серіктестігінен Айдарбеков Жаназар, Баекеев Әлмағамбет, Елекбаев Өмірзақ, Ермекқараев Қапан, Құнашбаев Матетан, Мыңжасаров Шынмырза секілді азаматтар жазықсыз жазаланып, біреулері ату жазасына, біреулері ұзақ мерзімге сотты болған.
Ал кеңес өкіметінің сорақы саясатына қарсы жазылған жырдың авторларының кейінгі тағдыры, ұрпақтары бар болса, олар туралы мағлұмат біздер үшін әзір белгісіз. Ақын Әуез Қазыбаев бір ғана осы өлеңді шығарған дей алмаспыз. Аралдықтарға аманат боп жеткен азалы жырдан да басқа жауһар туындылары табылып қалар деген ойдамыз. Қалай болғанда да осы өлеңнің өзі албырт ақынның замана көші, шындық, әділет, азаттық турасындағы асау жүрегінің шырылдағанын білдіреді. Кеңестік өкімет қатаң идеологиясына сәйкес келмейтін өлең-жырларды жойып отырғаны тарихтан белгілі. Ал ақын-жырауларды тұқыртып, түрмелерге қамаған. Сол қатыгездіктің бір құрбаны – Әуез ақын. Айдаудағы арыстың туған жерге аман-есен қайтып келген-келмегені де беймәлім. Зар заманның қапасында, тар кезеңнің тамұғында ажал құшты ма екен?!
1990 жылдары жыр кейіпкері де, авторлары да жазықсыз деп танылып, ресми ақталған. Кейінгі ұрпақ азаттық үшін алысқан, ел жағдайын жырлаған ақынды білсе деген оймен қолға қалам алып, алғашқы сүрлеуді ақтаңдақтан аршуға атсалыстық. Жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар ел боздақтарының көмескі іздерін зерттеп, жұртшылыққа айқара ашып танытса деген ойымыз бар.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі    
11 қыркүйек 2021 ж. 4 460 0