Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдан шыққан батыр Генерал

Аралдан шыққан батыр Генерал

Оны солдаттар өздерінің артында жасырынбай, өздерімен бірге алдынғы шепте болып, мүмкіндігінше қарамағында адам шығынына жол бермей, шынайы қамқорлығы үшін Әкей (Батя) деп атады.
Лев Яковұлы Рохлин 1947 жылы 6 маусымда Қызылорда облысының Арал қаласында үшінші бала болып дүниеге келді, алдында Вячеслав деген ағасы мен апасы Елена болды. Әкесі Яков Левұлы Рохлин Киев қаласында дүниеге келіп, сондағы университетті ленгвист мамандығымен бітірген. 1933 жылы антисоветтік насихат айтты деген айыппен ГПУ-шниктер тұтқындап, саяси сенімсіз ретінде Арал қаласына жер аударылды. Осында мектепте мұғалім болып, жергілікті қыз Ксения Гончороваға үйленіп, екі ұл және қызды болады. Кіші ұлы дүниеге келгенде еврей халықының дәстүрімен баласына әкесінің есімімен Лев деп атайды. Лев сегіз айға толғанда 1948 жылы МГБ екінші рет тұтқындап, ГУЛАГ-қа айдалып, сол жақтан оралған жоқ.
Лев Арал қаласындағы Н.К.Крупская атындағы №14 мектепті бітірісімен, Ташкент қаласындағы жалпы-әскери командалық училищесінде оқуға түсіп, 1970 жылы бітіреді. Училищені үздік бітірген соң, әскери қызметін ГДР-ің Вурцен қаласындағы совет армиясының шектеулі контингенті құрамында бастады. Сосын Ленинград, Түркістан, Закавказ әскери округінде болды.
1982-1984 жылдары Ауғанстанда мотоатқыштар полкінің командирі кезінде Бахарак түбіндегі кескілескен шайқаста, өз солдаттарын аман алып қалу үшін шегінгенде әскери трибуналмен сотталып кете жаздайды. Алайда күші басым жаумен шайқасып солдаттарды босқа қыруға жол бермегенін дәлелдеп шығып аман қалады. Екі рет оқ тиіп жараланады, екіншісінде омыртқасына тигендіктен Ташкент қаласындағы госпиталда 1985 жылы емделіп қатарға қосылып, 1989 жылдан бастап полковник шенімен дивизия командирі болып қызмет ете бастайды. 1993 жылы бас штаб жанындағы академияны бітіреді.
1994-1995 жылдары 1-ші орыс-шешен соғысына Лев Рохлин генерал-лейтенант шенімен 8-ші гвардиялық корпустың қолбасшысы болып қатысты. Грозный қаласының аудандарын бірінен соң бірін азат ете бастайды, бұдан әрі қан төгіске жол бергісі келмей шешендердің дала командирлерімен басын өлімге тігіп, келіссөзге барып, бірінші орыс-шешен соғысын аяқтайды.
Осы ерлігі үшін 1995 жылы генерал-лейтенант Л.Рохлинге «Ресей батыры алтын жұлдызын» беру туралы Жарлығына президент Б.Н.Ельцин қол қойғанмен, хас батыр оны алудан бас тартады. Ресейдің құрамындағы Шешенстанға соғыс ашқан Ельцинге: «Азамат соғысында ешкім батыр бола алмайды. Шешенстандағы соғыс Ресейге абырой емес, тек қайғы ғана әкелді» дейді.
1995 жылдан бастап саясатқа араласа бастады. РФ Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланып, қорғаныс жөніндегі комитетті басқарады. Бұл кезде Ельциннің халық алдындағы беделі түсіп, елде ұйымдасқан қылмыс өршіп, ел экономикасы құлдырай бастағасын, армияны қаржыландыру нашарлай бастайды. Сонымен бірге ондағы тәртіп те бетімен кете бастағасын, ел алдында беделді батыр генерал Рохлин «Армия мен қорғаныс өнеркәсібі және әскери ғылым» деген саяси қозғалыс құрды. Басқару құрамына бұрынғы қорғаныс министрі И.Радионов, ВДВ-нің бұрынғы қолбасшысы В.Ачилов, КГБ-нің бұрынғы төрағасы В.Крючков кірді.
Бұл саяси қозғалыс 1997-1998 жылдары үлкен бедел мен халықтың қолдауына ие болды. Саясаткерлер мен мамандар бұл әскерилер қозғалысы елде әскери төңкеріс жасап, президент Ельцинді кетірмесе ел құрдымға кететіні жиі айтыла бастады.
«1998 жылы шілденің 2-інен 3-іне қараған түнде Москва облысының Клоково деревнясындағы саяжайда, отбасындағы туындаған жанжалдан әйелі Тамара генерал лейтенант Рохлинді ұйықтап жатқанда атып өлтірді»-деген хабар баспасөз бетіне жарияланды. Бұған әрине ақыл-есі дұрыс адам сенген жоқ.
Ол 1998 жылы 7 шілдеде Троекуров қорымына жерленді, оны жерлеуге бүкіл Ресей шығарып салды. Алдымен шахтерлер келді, олар асфальтқа каскаларын ұрғылап: «Ельцин – қанішер» деді, ешкім де әйелі Тамара Рохлина атып өлтірді дегенге әрине сенген жоқ.
Соғыста солдаттар оны «Батя» десе, саясатта оны «Железный Лев» деп атады. Оның әскери төңкеріс жасауға беделі мен мүмкіндігі болса да, жазықсыз қан төгуге қарсы болып, билікті адал жолмен өзгертуге болады деп сенді.
Б.Абдул-Түменбай,
тарихшы
21 наурыз 2023 ж. 13 245 0