Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сананың жаңғыруы–ұлттың жаңғыруы

Сананың жаңғыруы–ұлттың жаңғыруы

Бүгінгі радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу он жылдықтың ұраны болуға жарайды.
Бұл сөз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың прагматизм жайындағы пікірі болатын. Өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Мемлекет басшысы басымдық берген бағыттардың бірі де осы прагматизм екендігі баршамызға аян.
Десе дегендей-ақ, прагматизм тынымсыз еңбек пен мақсатқа деген ұмтылысты қажет ететін дүние. Ұлт санасына сіңіп кеткен кейбір кертартпа қасиеттер мен ескіше қалыптасқан ұғымды, жалқаулықты қаламайды. Сол себепті, қоғамның дамуына өзінің теріс әсерін тигізіп келе жатқан жағымсыз қылықтарды жойып, жаңашылдыққа бетбұрыс қажет-ақ. Сонда ғана, елдің егемендігі мәңгілік болып, тәуелсіздігіміздің баянды болуына жол ашылады. Әлем елдерімен тереземіз теңеліп, көшбасшы мемлекеттер қатарынан орын ала аламыз. Тек, нәтижелі жұмысқа деген ынтамыз болса жеткілікті. «Өзінің сүйікті ісін істеген адам бақытты емес, өз ісін сүйіп істеген адам бақытты» дегендей, біз сол ынтаның арқасында нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Иә, қазіргі нарықтық қоғамда прагматизмнің алар орны тым ерекше. Тәуелсіздік алғалы бері қаншама дағдарыстар мен ауыр кезеңдерді бастан кешсек те, ысырапшылдық пен жалқаулықтан, Хакім Абай айтқандай, бекер мал шашпақтықтан арыла алмай келеміз. Осының шешімін табар бірден-бір жол осы.
Осы тұста бала күннен баршамыз естіп өскен мына бір берері мол әңгімені қайталай кетуді жөн санадым.
Біреудің ерке әрі жалқау жалғыз ұлы болыпты. Әкенің тапқанына сүйеніп өскен баладан әкесінің көңілі қалады.  Қуаты қайтып, қауқары қалмай, қарттық жеңген шағында әкесі әйеліне өмір бойы жинаған мүлкімді түгелдей басқа біреуге беремін дейді. Жалқаулық қанына сіңген ұлына деген сенімі қалмағанын білген ана баласын аяп, он сомдық алтын береді де:
-Кешке дейін бір жерде бола тұр. Қараңғы түскен соң үйге келіп, осы алтынды әкеңе бер,-дейді. Баласы шешесінің айтқанын орындайды. Ал, шал әлгі алтынды жанып жатқан пешке лақтырып жіберіп:
-Бұл сенің еңбектеніп тапқан ақшаң емес,-депті. Ұлы жымиып күліпті де, түк демей шығып кетіпті. Амалы қалмаған баласына апталап еңбек етіп, ақша табуға тура келеді. Осылайша еңбекпен тапқан ақшасын әкесіне қайта әкеліп береді. Қария тағы да алтынды отқа лақтырып жіберіп:
-Жоқ, бұл да өз еңбегіңмен тапқан ақша емес,-дейді. Оған шыдамаған ұлы шоқтан жалаңаш қолымен ақшаны суырып алады да:
ке, мен бұл тиынды апта бойы шаршап-шалдығып жүріп таптым. Сіз оны отқа тастайсыз. Мұныңыз қалай?-депті. Сонда әкесі:
-Балам, еңбекпен тапқан наның тәтті болады,-деген екен.
Мүмкін, бұл әңгіме естеріңізде болар. Бірақ, қазіргі уақытта заман ағымына ілесіп, дамыған елдер қатарына қосылу үшін әрбіріміз тағы бір еске түсіріп, сабақ алсақ дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
21 желтоқсан 2017 ж. 1 464 0