Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағыты айқын басылым

Бағыты айқын басылым

         Ұлт зиялысы Ғұмар Караш: «Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет. Сол себепті, газет біздің басшымыз, газет – біздің достар арасындағы көркіміз, дұшпан алдында қарсы құралымыз. Газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз. Газет – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деген екен. Осы қасиетті сөздердің барлығы 90 жылдық тарихы бар, ауданның айнасы, тілшілер ұстаханасына айналған «Толқын» газетінен табылады. Аудан айнасын асыға күтетінімізді білдірсе керек, жыл сайын науқан кезінде көпшілік құрметіне бөленген басылымға жазылуды бірінші міндетіміздей санаймыз. Одан бөлек, өмірімдегі игі істер мен қоғам дамуына үн қосатын мақалаларым алдымен осы «Толқын» газетінде таңбаланады.
         «Газеттің беті – тәжірибе» деген қанатты сөз бар. Дәлірек айтсам, менің өмірлік те, қызметтік те тәжірибем осы аудан айнасымен өрілді. Аудан білім ордаларының қара шаңырағы атанған Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектепте бар саналы ғұмырым айшықты орын алды. Мектепте қатардағы мұғалімнен жоғарғы санатты ұстаз атандым. Еңбегім де елеусіз қалған жоқ. Осыншама мадақтау мен іс-тәжірибемді аудан жұртшылығына, білім ошақтарына таратуға үлкен үлес қосты. Редакциямен риясыз байланысымызды газеттің сарғайған парақтары да айғақтайды. Сонау сексенінші жылдардан бастап, бертінге дейін А.Молдашев, С.Құлбарақов, Ж.Кемалов секілді майталман қаламгерлер мерейімізді тасытатын мақалаларға арқау етті. Одан бөлек, Сағындық Тұрдалиев, Серік Сейітмағанбетов секілді ақындардың лебіз өлеңдері бойға қуат, көңілге шуақ сыйлайтын. Бұл маған қарымды қаламгерлермен арада шығармашылық байланыс орнатуға үлкен себеп болды.
         Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген екен. Сол секілді, тоқсан жылдық тарихы бар «Толқын» газеті де халықпен үндесіп, күн кешіп келеді. Қоғамдық мәселелерді көтеріп, тиісті орынға жеткізуде басылымның рөлі үлкен дер едім. Олай дейтінім, өзім де басылымда біраз түйткілді тақырып етіп, оң шешіміне куә болдым. Осы ретте «Толқын» арқылы түйіні тарқаған түйткілдерге тоқтала кетсем артық болмас.
* * *
         2016 жылы редакцияға көше комитетінің төрағалары болып аудан әкімі А.Мұхимов пен аудандық мәслихат хатшысы Д.Мадиновке ашық хат жолдадық. Іле-шала хатымыз газет бетінде көрініс тапты. Ондағы қозғаған мәселеміз – жөндеу көрмеген «Тәуелсіздік» алаңының жайы болатын. «Алтынның сынығы да алтын болар» деген халық даналығын ескерсек, батыр, би, жырау бабаларымыз орнатылған «Тәуелсіздік» алаңы 2009 жылы іргетасы қаланса да, 7-8 жыл жөндеу көрмей, тозуға қараған еді. Сондықтан жаңартып, жаңалау қолға алынса деген өтінішімізді білдірдік. Бұл хатымыз ескерусіз қалмай, көп уақыт өтпей алаңның жаңаланатыны жайлы хабар құлағымызға тиді.
         Одан соң, 2017 жылы қайсар қаламгеріміз З.Шүкіровтің туғанына 90 жыл толуына орай «демалыс саябағындағы ақын ескерткіші Зейнолла Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің жанына орнатылса» деген газет арқылы жолдаған үніміз билік өкілдеріне жетіп, қалалық мәдениет үйі алдына орналастырылды. Сондай-ақ сол жылы «Аналар алаңы қажет-ақ» деген тақырыпта тағы бір мақала жарық көрді. Ана – ең қастерлі де аяулы жан. Ендеше, құрметіміз де ерекше болуы қажет емес пе?! Осылайша басылымға берген ұсынысымыз «перзентханадағы «Ана» ескерткішіне көрікті жерден орын берсе» деген өтінішіміз орындалып, «Асыл ана» алаңы пайда болды.
         Одан бөлек, «Біткен істі бүлдірмейік» деп редакцияға хат жолдадық. Онда қала ішіндегі «трубаларды қазып аламыз» деген пікірге қарсы мақала болатын. Көше комитетінің төрағалары мен ел ақсақалдары болып бұл іске қарсы болдық. Жер қазылған да жоқ, бүлінген де жоқ.
         Газет ықпалымен оң шешімін тауып келе жатқан мәселені әріге бармай-ақ, былтырғы мысалмен дәлелдесек те болады. Өткен жылы «Толқын» газетінің 14 қыркүйектегі санында «Қазақ тойына реформа қажет» деген мақала жариялаған болатынбыз. Бұл материал көпшілік арасында қозғау салып, қолдау тапты. Осылайша мейрамханалар, қоғамдық кеңес және басқа мүшелермен өзара келісімге келуге, меморандум жасауға қол жеткіздік. Бұл бастамамыз нәтижесін беріп келеді. Бүгінде тұрғындар тойды кешкі сағат 7-де бастап, 12-де аяқтауды бір ізге түсіріп келеді. Бір сөзбен айтқанда, «Толқын» газеті халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды.
* * *
         Наполеон Бонапарт: «Мен алты қатар әскерден емес, 6 беттік газеттің идеологиясынан қорқамын» деген екен. Сондай-ақ қазіргі «Толқын» газеті идеологиясы мықты, жаңалықтың жаршысы, қуанышымызға бірге қуанып, қайғымызға ортақтасатын төл газетіміз. Қайғымызға ортақтасады демекші, ақ желкенім болған Гүлшатымның қайтыс болғанына 20 жыл толуына орай «Толқын» газетінде «Шықпаған асуы алда еді...» деген мақала жариялап, редакция ұжымы мен сияқты қабырғасы қайысып, еске алды. «...Жас журналистің алар асуы, қабілет көкжиегі, арайланар тұсы алда болатын. Амал не, ол 25тің жалын құшып, өмір көгінен мезгілсіз ағып өтті. Гүлшаттың жаңа ғасырды жастық жалынымен бастасам деген пәк арманы ажал ақпаратына ілінгеніне оны түлеткен «толқындықтардың» да қабырғасы қайысқан еді. Оның асыл арманының куәгеріндей артына қалдырған қолжазбалары мен жарияланған мақалалары «Толқынның» шежіре парағынан лайықты орнын алады» деп көңіл қосын білдірді. «Ақжелкен арман жолында еді...» деп мақала жазған еді. «Толқын» газетінің тілшілері білімді, ізденімпаз, бірыңғай жастармен толыққан. Сондықтан болар, газетте ауданның экономикалық-әлеуметтік және тарихи-танымдық, рухани салаларынан мағлұмат беретін, сонымен бірге үлкен-кіші өнеге аларлықтай салмақты әрі салиқалы, ойлы мақалалар жариялануы мен газеттің көркемделуі де қазіргі заман талабына сай келетінін де жасыра алмаймыз. Автор мен қоғамдық тілшілерге де орын берілуде. Міне, «Толқын» газетінің облыс көлеміндегі басылымдардың ішінен ойып орын алып отырғаны да сондықтан. Оған дәлел, аймақта шығарылатын басылымдардың ішінде үздіктер қатарында болуы.
         Белгілі журналист Жанболат Ауыпбаев: «Бас редактор погонсыз генерал, атақ-даңқы рәсімделмеген ғылым докторы, патентсіз өнертапқыш, лицензия алмаған конструктор, халықтық демократияны бойына сіңірген мәмілегер» деп бағалаған. Бұл – мойындауға тұрарлық бағалау. Осы жүкті арқалаған жандардың қоғамдағы орны өлшеусіз дер едім. «Жас келсе іске» дейді даналарымыз. «Толқын» газетінің бас редакторы қызметіне Абай Жайшылықұлы Елешов келгелі газетке жаңа реңк бітіп, жастықтың лебі есті. Мұны тың тақырыптардың қозғалуынан аңғарсақ болады. Бүгінде редакция ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, іші-сырты жаңа кейіпке енді. Тілшілердің жұмыс істеуіне де жағдай жасалған.
         «Толқын» газетінің атауы да жақсылыққа шақырғандай. Өйткені аралдықтардың арманына айналған «САРАТС» жобасының екінші кезеңі басталып, теңіз кемеліне келіп, толқыны жағаға ұрып жатса, халықпен бірге қуанатынын газет беттерінен түсірген емес. «Толқындықтарды», жалпы Арал жұртын 90 жылдық мерейтоймен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін.
Аманжол Жолмағамбетұлы,
КСРО және ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері
21 қаңтар 2020 ж. 627 0