Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫНА АЙНАЛҒАН АУЫЛ

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫНА АЙНАЛҒАН АУЫЛ

Ауданға қарасты Аманөткел ауылының жастары игі істің басын бастап, жақсылықтың жаршысы атанған. Бұл жайында аудан әкімінің Аманөткел ауылдық округіндегі кезекті есепті жиынында баса айтылды.Нақтырақ тоқталсақ, округ әкімі Қайрат Әбдірамановтың айтуынша 2019 жылы ауыл жастарының бастамасымен ауыл имамы Әбдіқалықов Еркіннің отбасына 5 бөлмелі жаңа үй сыйға тартылған. Сонымен бірге, бірнеше отбасына құрылыс материалдары және заттай көмектер көрсетілген.
Ал, округ бойынша жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға келер болсақ, 2019 жылы ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес Аққұлақ елді мекеніне кіре беріс қақпасы (арка) орналастырылып, Аманөткел елді мекенінің ішіндегі «ашық су қоймасы» қоршалған. Сонымен қатар, ауылдағы «Тағзым алаңы» заман талабына сай қайта бой көтеріп, елді мекеніндегі көше жарықтары жөндеуден өткізілген. 
Сондай-ақ, елді мекендегі 13 каналдың құжаттары рәсімделсе, Хан елді мекенінің шекарасы кеңейтілген. Сонымен бірге, төтенше жағдай болған кезде пайдаланатын дабыл құрылғысы қондырылған.
Бүгінде, округ бойынша жұмыс жасап отырған 57 жеке және дара кәсіпкер бар. Оның 32-сі ортақ меншікке негізделген жанұялық шаруа қожалық болып табылады. 
Мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті жұртшылық өткен жылы осы шаруашылық саласын дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың игілігіне бөленген. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны «Жаңғылыш» шаруа қожалығының иесі Т.Жалмағанбетов «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» арқылы 10 млн. теңге несие алып, Ырғыз ауданынан 300 басқа жуық қой малын әкелсе, Ә.Жалғасбаев «Даму» қоры арқылы 20 млн теңге несие алып, кәсібін өрбітуде.
Бұдан бөлек, мемлекеттік «Агроөнеркәсіпті дамыту» бағдарламасымен Р.Демесбаев «Арал ырысы» несие серіктестігінен 5 млн. теңге, Е.Доштаев 3 млн. теңге, С.Кенжебаев 2 млн. теңге несие алып жылқы малын өсіруде. Ал, «Бизнес Кеңесші» оқыту курсы бойынша 5 адам оқыса, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 9 адам сертификатын алып, 1 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, 8 адам несие серіктестерімен жұмыс жасауда. «Қайта даярлау және оқыту» бойынша 14 жұмыссыз азамат «шағын кеме» жүргізу мамандығы бойынша толық курстан өтіп, 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 6 адам 505 мың тенгеден қайтарымсыз грантқа ие болған.
Бұл дегеніміз, жалпы аудан бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстардың жемісті нәтижесі екендігі даусыз. Осы орайда, аудан әкімі М.Оразбаев баяндама жасап, әр сала бойынша еңсерілген жұмыстарды тарқата түсті. Сонымен қатар, алдағы межелі міндеттерге тоқталып өтті
Билік өкілдерімен бас қосқан тұрғындар жиын соңында сөз алып, ұсыныс-пікірелерін жолдады. Соның ішінде, ауыл ардагерлері Ақшатау елді мекеніндегі бастауыш мектепті негізгі мектеп ретінде қайта құру, округтегі су тасымалдайтын автокөлікке қосалқы бөлшектер алу, Аққұлақ елді мекеніне ішкі ауыз су желілерін жүргізу бағытындағы жұмыстарды қолға алу керек деген ұсыныстарын білдірді. Аудан басшысы аталған ұсыныстар бойынша жоспарланған жұмыстар бар екендігін жеткізіп, кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі. 
23 қаңтар 2020 ж. 809 0