Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар құқығы – басты назарда

Балалар құқығы – басты назарда

Осы аптада «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратында балалардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов төрағалық етіп, жиын барысында комиссия құрамында келген қонақтарды таныстырды.

«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанынан құрылған «Балалардың құқығын қорғау жөніндегі» облыстық жұмыс тобының мүшелері, «Ұмай» емдеу-тәрбиелеу қайырымдылық балалар үйінің директоры, кеңес төрағасының орынбасары А.Ізден, облыстық білім басқармасының бас маманы А.Қиянбекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының дәрігер-фтизиатры және облыстық ішкі істер департаментінің ювеналды полиция инспекторы А.Абзал мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік тобына байланысты олардың білім алу деңгейін бақылау, жасалған мүмкіндіктермен танысу мақсатында бірқатар білім ошақтарында болды.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов және бірқатар бөлім басшыларымен жүздескен топ мүшелері аудан орталығындағы және ауданға қарасты бірқатар елді мекендердегі білім беру мекемелерінде инклюзивті білім беру жұмыстарының қаншалықты деңгейде ұйымдастырылуын көрді.
Арал қаласындағы №13, №260 орта мектептер, №14 мектеп-лицейінің ұжымдарында және «Сартай» балабақшасында болған жұмысшы топ мүшелері мектеп қабырғасында және балабақшадағы мүмкіндігі шектеулі балалармен жүргізілетін жұмыстардың барысымен танысып, мүмкіндігі шектеулі балаларға дәріс беретін мамандармен тілдесті. Кейбір білім ошақтарындағы олқылықтарға көз жеткізіп, басшыларына қызметкерлерімен жүйелі жұмыс істеуді тапсырды. Бұл санаттағы дефектолог, психолог, мектеп аяжандарының жұмысы бас­­ты назарға алынды. Бала оқытуда жол берілетін кемшіліктерді сынға алды. Сонымен қатар үйден білім алатын балаларды оқыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап өтті. Соның ішінде, дефектолог, психолог және мектеп медбикелерінің баламен жекелей жүргізген жұмыстары талданып, әлі де қолға алуды қажет ететін маңызды шараларды жолға қоюды тапсырды.
Аталған зерделеу жұмыстары мұнан әрі ауданға қарасты Шижаға елді мекеніндегі және Сексеуіл кентіндегі білім ошақтарында жалғасты.

«Толқын» ақпарат
16 ақпан 2020 ж. 692 0