Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Дарын» мектебі – дарындылар мекені

«Дарын» мектебі – дарындылар мекені

Барлық саналы  ғұмырым білім саласымен байланысты болды.  Қатардағы мұғалімнен жоғары санатты дәрежеге дейін көтерілдім. Омырауыма КСРО және Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі төсбелгілерін тақтым. Бұл 30 жылдан асқан еңбегімнің қайтарымы деп білдім. Зейнеткерлікке шықсақ та, ардагер-ұстаз ретінде аудандағы білім саласында болып жатқан жақсы жаңалықтарға құлақ түре жүреміз.  Болған жаңалық пен жетістіктерге бірге қуанатынымыз рас. Осындай айтулы жаңалықтың бірі 2019-2020 оқу жылында қаладағы №2 облыстық санаториялық мектеп-интернат облыс әкімінің №12 қаулысына сәйкес №2 облыстық дарынды балаларға арналған 10 сынып комплектісі, 200 орынды мектеп-интернат боп қайта құрылды дегенді естігенімізде, қуанышымызда шек болған жоқ. Бұл – біздің балаларымызға берген үлкен сенім және бақыт.
Атақты қолбасшы, батыр, үш жүздің басын қосқан ұлы Абылай ханның: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмейік» деп келетін дана сөзін көңіл көзімен зердеме тоқып, үлкен тақырып аясында сөз қозғауға ниеттенгенімде хан бабаның сөзі санамда қайта жаңғырды. Білімнің күші мен құдіретін сезінген дана халықтың кез келген ұрпағы осылай десе керек-ті. Себебі халқымызда «Білекті бірді  жығар, білімді мыңды жығар» деген осы оймен үндестікте жатқан ұлағатты сөз бар. Демек ұлт болашағының білімді, дарынды ұрпақпен өрістейтіні қай заманнан-ақ белгілі екенін өмір өзі дәлелдеп бергенге ұқсайды. Өскелең ұрпағы қаншалықты тәрбиелі, дарынды, талантты, білімді болса, сол елдің болашағы соғұрлым айқын болатынын тарих көші сәт сайын дәлелдеуде. Ал мұндай ел игілігі үшін еңбек ететін, өз бойындағы күш- жігерін елі мен жеріне арнайтын біліммен қаруланған бүгінгінің қас батырындай білімді жас қайдан шығады?! Әрине ол – дарынды балалар мектебі. Менің де бүгінгі мақаламның темірқазығына айналған іргелі білім ордасы аудандағы №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты туралы болмақ. Дарын деген ұғымды өз есіміне тіркегелі жыл толмағанымен, бұл білім  ордасының іргетасы қаланғанына да жарты ғасырға жуық уақыт болды. Мектеп тарихына көз тастаған сайын, білім ордасының талай өмір баспалдағынан өткенін байқауға болады.
Алғаш 1961 жылы №220 орта мектеп жанындағы 200 оқушыға арналған мектеп-интернат болып ашылып, онда аудан балықшылары мен малшы отбасыларының балалары жатқызылған. Мұнан кейін бірнеше жыл өткен соң дербес №2 мектеп-интернат болып қайта жасақталған. Ал 2002 жылдан бастап №2 облыстық арнаулы санаториялық мектеп-интернаты болып қайта құрылып, облыстық бюджет есебінен 2014 жылы «№2 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі боп қайта өзгертілді. Жаңа есім, жаңартылған ғимарат, кадр мәселелері бірін бірі толықтырып тұратын ұғымдар тізбегі осылайша мың мазмұн, өзгеше пішіндегі білім ордасының қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Әрине, тыңнан түрен салғандай толассыз қам-қарекетке толы әлі күрмеуі шешілмеген келелі істер көп-ақ. Жүзеге асқанынан жобасы жасалғаны көп игі істер келер күннің еншісінде деп қол қусырып қарап отырмайтын ұжым басшысы, яғни мектеп-интернат директоры Гүлжанат Аманғалиқызы Есенбаева. Санаты – педагог-зерттеуші. Білім саласында 24 жыл қызмет еткен. Қарапайым мұғалімнен ауыл әкімі ретінде елді басқара білген. Ауылды көгертіп-көктеткен ол Қосжар
елді мекеніндегі №67 мектеп директоры болды. Одан соң Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары болса, 2019 жылдан бастап №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директорлығы қызметінде келеді. Яғни тәжірибесі толысқан Гүлжанат Аманғалиқызы білім саласының білікті майталман басшысы деуге тұрарлық.
Ұжымда 107 қызметкер бар. Оның ішінде мұғалімдер 31 болса, қалғанын тәрбиеші мен техникалық қызметкерлер, мектеп-интернат дәрігері, аяжандары құрайды. Әрқайсысы өз саласына сай кәсіби білімі мен біліктілігі бар мамандар деп айта аламын. Елді елең еткізер есімге ие білім ордасының негізгі қозғаушы күші білімді ұстаздар деп білсек, аталған білім ұясында қызмет жасайтын жоғары білімді ұстаздар саны – 28, арнаулы орта білімі бар мамандар – 3, оның ішінде біліктілігіне қарай педагог-зерттеуші ұстаздар саны – 2, педагог-сарапшы – 7, педагог-модератор біліктілігімен  4 маман жұмыс істеуде. Ал жоғары санатты мұғалімдер қатарын 2 ұстаз толықтырса, І санатты ұстаздар саны – 7. Бұл бір-бірімен жалғасқан сандар тізбегі білектегі күшке сенбей, біліммен қаруланатын өскелең ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі ұстаздар сапының сапасын бағамдауға негіз болатын сандық дерек деп білем.
Үздіксіз үдеріске толы білім саласының додасына араласқан жас білім ошағының қайта құрылғанына жыл толмаса да, өзіне тән ауыз толтырып айтатыны жетерлік. Мәселен, үстіміздегі оқу жылындағы білім ордасының толағай табысының бірі де бірегейі болған химия пәнінің мұғалімі, ізденімпаз ұстаз Қ.Дәрімбетованың «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде І орын иегері атанды және осы байқаудың республикалық кезеңінде ІІ орынды қанжығасына байлауы ауыз толтырып айтарлық жетістік. Мектеп-интернаттың ұлағатты ұстаздары Ш.Ардаемгенова мен К.Бекбосыноваға және П.Ешниязоваға, Р.Жанкүшіковаға көп жылғы еңбегі мен білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін берілген Білім министрі А.Аймағамбетовтің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты  ұжым мәртебесін асқақтатты. Осындай ұрпақ тәрбиелеу ісінде өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздар алдынан тәлім мен тәрбие, білім алған оқушыларымыздың да жеткен жетістіктері мол. Атап айтсақ, «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңінде «Киіз үй – ғаламның моделі» номинациясы бойынша І орын алғаны үшін 9 сынып оқушысы Т.Бүркітбаев марапатталса, «Менің кішкентай Отанымның тарихы» бағамы бойынша 9 сынып оқушысы Раухан Сая ІІ дәрежелі диплом иеленді. Осы мазмұндағы ІІІ дәрежелі дипломға 10 сынып оқушысы Д.Таңатова ие болды. 20 желтоқсан 2019 жылы «Мамандықтар әлемін ашамыз» тақырыбындағы облыстық форумда Н.Амангелдиева «Мамандықтар әлемінде» номинациясы бойынша ІІІ орын иеленді.
Аядай ғана кішкене бөлмеде балалардың ағашқа деген қызығушылығын арттырып, ағаш өнерінің қыр-сырын меңгертіп жүрген көркем еңбек пәнінің мұғалімі Әлнұр Жарқынбаев ағайдың оқушылары облыстық сайыстардан құр алақан қайтқан емес. Атап айтсақ, республикалық көрме байқаудың облыстық кезеңінде М.Ақжанов «Ағашты, сүйекті теріні өңдеу» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ерекше жандардың шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен балалар мен жастардың ІХ облыстық «Жүрек жылуы» өнер фестивалінде Ақылбай Диас үздік өнер көрсеткені үшін дипломмен марапатталды. 7-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі бойынша «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде мектеп-интернатының 9 сынып оқушысы Н.Амангелдиева «Жас қаламгер» бағыты бойынша ІІІ орынмен марапатталды. Облыстық «Зерде» ғылыми жобалар байқауынан Ш.Омарова мен Н.Үргенішбаева ІІІ орынмен марапатталды. Төтенше жағдай кезінде білім саласына өзгеріс әкелген қашықтан оқыту форматы да біздің оқушыларға білім шыңына шығуға кедергі болмады. Оған дәлел, оқушылардың қашықтан ұйымдастырылған облыстық, республикалық қай сайыста болмасын жүлделі орындардан көрінуде.
Мен ата-ана ретінде мектеп-интернат өмірімен байланысым бар деп айта аламын. Себебі «Тарих қойнауынан сыр шертейік» атты тарих апталығының ашылу салтанатына қатысып, жас жеткіншектерімізге тақырыпқа сай аталы сөзімді айтып, көпшілікке батамызды беріп келеміз. Көпке үлгі боларлық шаралардың бірі – ата-аналардың жалпы жиналысының алдында «Ата-анамен  мұғалім арасындағы ашық алаң» жүргізіледі. Әр тоқсаннан кейін тәрбиеге байланысты мәселелерін сұрап, әрбір пән мұғалімдерімен жеке сөйлесіп балаларының кемшіліктері мен жетістіктерін талқылап алып барып, жалпы жиналысқа бет алады. Сол жиналыста бала денсаулығы туралы мектеп дәрігері, мектеп психологы, тәрбиешілер, пән мұғалімдері ата-аналардың сұрағына толыққанды жауап алып жүрміз. Осы тәжірибе барлық білім ошақтарында болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мектеп-интернаттың тәртібі мен тазалығы, ата ана мен балаларға қойылатын бірыңғай талаптарға да риза боласың. Әр аптаның сәрсенбі күні ата- аналар күні, яғни балалармен кездесіп керек-жарақтарын апарып, емен-жарқын әңгімелесіп қайтасың. Бес мезгіл диеталық негізде тамақтанады. Түскі тамақтан кейін балалар тынығып алып, түстен кейінгі инновациялық сабағына кіріседі. Арасы екі сағаттан кейін үй тапсырмасына дайындауға куратор-тәрбиешілері дайындап, кешкі тәрбиешілеріне тапсырып кетеді.
Бірде кешқұрым баламның жағдайын білуге бардым. Есік алдынан күтіп алып түнгі тәрбиешілері жатын бөлмесін көрсетіп, фойеде сабаққа дайындалам деген балаға жағдай жасалғанын, әр бөлмеде түнгі шам жарығының барын көрсетіп «балаңыздан қам жемеңіз» деп күлімдеп шығарып салды. Мұны көрген менің көңілім жайлана түсті.
Өзімнің 5 «б» сыныбында  оқитын немерем Әлібидің сабақтарына қатысып, мұғалімнің білім деңгейін көрдім де, риза болдым.
Мектеп-интернат директоры Гүлжанат Аманғалиқызымен әңгімелескенімде:
– Мемлекетіміздің дарынды балаларды қолдау және дамыту мақсатында жасап жатқан шаралары білім берудің мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығын көрсетеді. Ауданымызда ашылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат біздің балалар үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Қазіргі таңда 173 бала оқитын болса, былтырғы жылға  емтихан тапсыра алмай қалған қанша бала бар. Мектеп-интернаттың басқа мектептерден ерекшелігіү балалардың шығармашылық, интеллектуалды, лидерлік деңгейін көтереді. Сонымен қатар бір пәнге бейімділігін анықтайды. Ол дегеніңіз – болашақ бала өз мамандығын таңдауына мүмкіндік береді деген сөз. Тәй-тәй басып, жаңадан бастау алып жатқан дарынды балаларға арналған  мектеп-интернат үшін алда үлкен жауапкершілігі зор жұмыс күтіп тұр. Белең алған пандемия кезеңінде мектеп-интернат карантиндік стационар болып бекіді. Сонымен қатар қашықтан оқу форматы кезінде көп балалы отбасылардың балалары мектеп есебінде тұрған қомпьютерлермен және екі оқушы смартфон телефонымен қамтамасыз етілді. Карантиндік жағдай кезіндегі ұстап тұтқан төсеніштер мен заттар жарамсыз деп табылып, қайтадан жаңартылып жатыр. Санитарлық дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, ғимарат іші толық жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда бала үшін өз өмірін сарп ететін ата-ана уайымсыз, қамсыз балаларын қайтадан оқыта беруге болады деп толық айта аламын. Біздегі дарынды мектеп-интернатқа арналған материалдық базаны жаңалау мақсатында парталар мен тақталар келіп, жаңа оқу жылына жаңадан пайдаланамыз деген  ойдамыз. Сонымен қатар робототехника, физика, химия кабинеттері толықтай жабдықталуы үшін қаржы қаралып отыр. Мектеп-интернат базасының негізгі рухани қайнар бұлағы саналатын кітапхана ісі де оңтайлы жолға қойылған. Кітапхана қорында бүгінгі таңда 7500 кітап болса, оның ішінде 3600 оқулықты балалар негізгі білім көзі есебінде тұтынып келеді, – деді.
Тағы бір айта кететіні, аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа уақытша стационар болған мектептің материалдық базасын қайта жасақтауды өтініш еткен едік. Бұл ұсынысымыз аяқсыз қалмай, өтінішіміз орындалды. Осы үшін мектеп ұжымының және өз атымнан алғысымды жеткізгім келеді.
Оқу жылында 173 оқушы қабылданды, оның – 38-і үздік, 86-сы екпінді. Ал жыл соңында 46 үздік, 96 екпінді оқушы анықталып, білім сапасы 96 пайызды құрады. Мектеп-интернаттың  ұстанған бағыты жаратылыстану бағыты болғандықтан, оқушылардың «ғылымдар патшасы» аталатын математика пәніне деген қызығушылығы басым. Ой ұшқырлығын дамытатын қазақтың қара есептері, логикалық,олимпиадалық есептерге келгенде алдына қара салмайтын қара домалақтар қатарының көбейіп келе жатқаны ұстаздарға да шабыт сыйлап, сенім отын маздата түседі.
2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында облыстық білім басқармасының басшылығымен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша тәжірибе алмасу кезеңі өтті.
 «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Қызылорда облысы әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес «Әдістемелік десант» жобасы аясында «Оқыту сапасын арттыруға ықпал ететін тиімді тәсілдер» тақырыбында мектеп әкімшілігі мен мұғалімдеріне арналған семинар-кеңес өтті. Сонымен қатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мен түрлі тәжірибені іске асыру бойынша кеңестер алып, жиындар өткізіліп келеді.
Оқушылардың көңіл күйлері өте жоғары. Өздерінің осы кезге дейінгі алған білімдерін көрсетіп, жаратылыстану бағытындағы кейбір пәндердің ағылшын тілінде жүргізілуіне тосырқамай, мұғаліммен бірге жауап беріп, ағылшын тілінде сөйлеп отырды. Жаңартылған білім жүйесін игеруде білімділік танытқан шәкірттерге жаңашыл мұғалімдер де ризашылық білдірді.
Облыс орталығынан келген білікті, білімді, тәжірибелі ұстаздардан аз уақыт ішінде тәлім алып, білім нәрімен сусындаған шәкірттердің қуанышында шек болмады. Бұрын-соңды көрмеген бейтаныс ұстаздардың жаңашылдыққа толы сан қырлы сабақ үлгілері мен көрсеткен тәжірибелері, сан алуан әдіс-тәсілдері талай бала жүректің білім-ғылымға деген құштарлығын арттырып, өнер көгіне қанаттандырды десек қате болмас. Себебі балалар осы ұлағатты ұстаздармен бірге өткізген апталық соңындағы өз әсерлерін ерекше сезіммен еске алып жүрді. Мұның өзі «алға жетелеуші» деген ұғымды білдіретін мұғалім тұлғасына артылған жауапкершіліктің анағұрлым салмақты екенін сездірді.
Алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім – мектептің жүрегі....» деген даналық сөзін ескерсек, аталмыш білім ордасындағы ұстаздар қатарын құрайтын негізгі топ жас мамандар екенін ескеруіміз керек. Білім беру жүйесіндегі жаңашылдыққа  жетелейтін жаңа форматтағы тың идеялар мен серпінді өзгерістер легі жаңа толқын жас мамандармен толығып отырады. Бүгінгі жас ұстаз-ертеңгі білім ошағының отын маздатып, көрігін қыздырар білім ұстасы білікті, білімді, ұстаздарға айналары хақ. Мектеп-интернатымызда осындай келешегінен зор үміт күттіретін жас мамандар қатарын математика пәнінің мұғалімі Нұрхан Мұстафа, география пәнінің мұғалімі Жасұлан Самбаев, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлзат Маханшаева,  АӘ және ТД пәнінің мұғалімі Талғат Мырзағұлов толықтырып отыр.
Ауданымыздың білім бөлімімен де пікірлесіп, алдағы уақыттарда семинар сағаттар көбейтсе деген ұсыныс білдіргім келеді. Жан-жақты ізденудің арқасында дарынды мектеп-интернат өз деңгейіне көтеріле алады деген сенімдемін.
Сөз соңында «Ана – сүтін тәні үшін табиғат әзірлейді, рух сүтін шәкірт үшін ұстаздар даярлайды» деген тәмсілді алға тарта отырып, мектеп-интернат ұжымы шәкірттеріне рух сүтін әзірлеумен қатар, дарынды мектеп-интернатын дарындылар мекеніне айналдыра беруіне тілектеспін.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ
КСРО және ҚР-ның Халық ағарту
 ісінің озық қызметкері
18 тамыз 2020 ж. 1 337 0