Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚ БАРШАҒА ОРТАҚ

ТАЗАЛЫҚ БАРШАҒА ОРТАҚ

Бүгінгі таңда жастар мәселесі көптің көкейіндегі сауалға айналды. Қоғамның дамуынан ба, әлде дамыған техника мен ғылымның салдарынан ба, әйтеуір, жалқаулыққа бейім жастарымыз бен жасөспірім- деріміздің қатары көбейіп кетті. Бұл аз десеңіз, былдырлап тілі шыққаннан басына «ұялысын» жастап жататын балалар да жетерлік.
Бұл жайт баршаны ойландыратыны анық. Бірақ, ойланып қана қою бізге жеткіліксіз. Осы жалқаулыққа еті үйреніп кетуден, масылдық көзқарасқа бастайтын әрекеттерден арашалауымыз қажет.
Бала жаңа өсіп келе жатқан шыбық сияқты. Ал, біз, ата-аналар солардың бағбанымыз. Бағбаны жақсы бақ жемісті келеді. Өз ұл-қыздарымыздың жемісін көру үшін тәрбиенің тамырын тәлімді іспен суарғанға не жетсін?! Жас шыбықты күштеп түзету мүмкін емес. Сынып-ақ кетеді. Тәрбиенің де қаттылығы, қатарынан күштеп оқшаулау да дәл солай, баламыздың өміріне қауіпті дейтініміз тағы бар. Ендеше, мәңгүрттіктің әлемінен қалай шығарып аламыз? Ойландық па? Мен ой салып көрейін.
Қарапайым ғана әдіспен ел ертеңі саналған жастарды отансүйгіштікке, ел мен жеріне деген сүйіспеншілікке, үлкенді сыйлауға, еңбекке, байқампаздыққа және тазалыққа тәрбиелеудің жолы сенбілік деп санар едім.
Иә, бұл–сауабы мол игілікті іс. «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұғым бар қазақта. Аталы сөздің берері көп. Бүгінде қала тазалығы тек мемлекеттік қызметкерлерге, мұғалімдер мен дәрігерлерге ғана жүктелген міндетке айналып бара жатқандай. Ұстазы бел бүгіп, туған қаласының тазалығы үшін тер төксе, шәкірттері жандарынан бейқам өтетін де кездер кездесіп жатады. Осылайша, үлкенге деген құрметтен қол үзіп қалмай ма?!
 Екіншіден, жастайынан тазалыққа бет бұрған өскелең буын өкілдері үшін дағдыға айналар еді. Сондай-ақ, қоғамның даму қозғалысы жылдамдағанымен, адамның қозғалысы баяулаған кезде, қозғалысқа түсіп, бойымызды сергек сезінуге, өзара қатынас орнатуға да тигізер көмегі көп.
 «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз бекер айтылмаған ғой. Бала кезден бойына осынау игілікті істерді бойтұмар етіп тақсақ, ержетіп өркен жаяр кезде өкінбесіміз анық.
 Оңталап ЖОЛДАСОВ.
20 сәуір 2018 ж. 1 373 0