Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАШКЕНТТЕН ЖЕТКЕН АСТЫРТЫН ТАПСЫРМА

ТАШКЕНТТЕН ЖЕТКЕН АСТЫРТЫН ТАПСЫРМА

...Іс басқарушы екі-үш атасынан бері орысқа айналған, арғы түбі швед пе, дат па өзі білмейтін Карниз Игольстромович Ольсен. Екі жасар баланың құшағын еркін орайтын шыбықтай белді, сырықтай арық, шалбарының белбеу тұсына белдік шақ келмегесін жіңішке жіп байлап алатын, жібінің екі ұшы екі ауынан төмен салбырап тұратын, онысын еш әбес көрмейтін Карниздің осынау сиықсыз да етсіз тұрқына азияттықтарға деген өшпенділік қай уақытта сіңгені беймәлім, әйтеуір, мұсылман десе, адамдікі деуге ғана тұрарлық алақандай бет-әлпеті тыжырынып, Құдай мына дүниені көрсінші деп жарата салған тышқандікіндей кішкене екі көзі шатынап шыға келеді. Губернатор атын атағанда, қағазына шұқшиды. Қағазындағы дерек бойынша, Түркістан өлкесіне қарасты бес облыста отыз үш уезд бар екен. Отыз үш уездің әрқайсысы 19-дан 47-ге дейін жететін болыстықтарға бөлінген. Облыс, уезд орталықтары саналатын қалалардың, облыстықтардың аумағы, халық және ауыл-қышлақтар саны әрқилы. Патша жарлығына орай әскери министрлік шығарған бұйрық бойынша, Түркістан өлкесінен майдандағы қара жұмысқа 19 бен 43 жас аралығындағы 220 мың жігіт алынуы шарт. Майданға алынатындарды аттандыру екі кезеңге бөлінген. Бұйрықта 5 сентябрь мен 31 ноябрь арасын қамтитын бірінші кезеңде – 19 бен 31 жас аралығындағыларды, 1 декабрь мен 31 январь арасында жүргізілетін екінші кезеңде – 32 мен 43 жастағыларды аттандыру көзделген.
  Бүгінге дейін Түркістан өлкесі бойынша майданға аттандырылатын 220 мың азаматтың тізімі қатталып, кеңсеге түсуі қажет-ті. Алайда жер-жердегі орын алған бұзақылықтар бұған жол бермеді. Соған қарамастан, Ресейге қызмет етуге жан-тәнімен берілген аймақ-аймақтағы болыс- старшындар қарап жатпай, әзіргі күнге 133 мың жігіттің тізімін жасап, кеңсеге өткізген. Әлбетте, мұндай кемшілік, яғни губернаторлық тарапынан патша жарлығының тез арада және шұғыл орындалмауы өлке басшылары үшін өрескел ұят.
  Кунусовтың сөзінің астарынан өзінің намысына тиетін пиғылды байқап қалды ма, әлде, ақылсынған адамды жақтырмайтын өзімшілдігі ұстап кетті ме, Ерофеев тағы шарт етті:
– Іс басқарушы мырза! Мен сізден мәліметті есеп сұрадым. Сіз болсаңыз, құдды бір әскери министрдің өзі сықылды баршамызды кінәлауға бет алып кеттіңіз. Губернаторлықтың іс-жоспарында, әскери міндеттемелерінде сіздің шаруаңыз болмасын. Сіздің шаруаңыз – қағаз кеміру, іске асқан дерек-мәліметтерді қағазға түсіру. Қала бастығы! Сіздің есебіңіз...
  Қала бастығы Павловский мұсылмандар тұратын ескі Ташкенттің ежелден – Шайхантәуір, Көкше, Бесағаш, Сибзар болып, төрт орам-бөлікке бөлінетінін, осы төртеуінде бір жүз елу бір мәхәлла, төрт жүз он үш көше барлығын баяндады да, аталмыш мәселеге байланысты атқарылған істерге көшті. Жарлық барлық орам-бөлік, мәхәлла, көше басқармаларына уақытында таратылған. Мән-жайы дер кезінде түсіндірілген. Шаһарішілік осындай ұсақ басқармалардың басқарушылардың дені мұсылмандар болғандықтан, майданға жіберілетін адамдардың тізімі уақытылы орындалмай жатыр. Себебі түсінікті. Басқарушылардың көпшілігі бүлік бастаушыларды қолдап кеткен. Содан да болса, қалада төрт мыңға жуық жігіттің тізімі бекітілген. Бірақ олар майданға баратындардың тізіміне кіргенін естіген, білген соң қашуға әрекеттенген, болмаса бүлікшілер қатарына қосылған өлкенің бар тарапындағы азаматтар тәрізді, әлгі төрт мыңның дерлігі қарсыластар жағына өтіп кеткен. Арнайы бұйрық болмағасын, тізімге кіргендерді бірден ұстап, майданға аттандырғанша, бір жерге жинастырып отыруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан қолда тек тізім бар, ал адам жоқ.
Мәліметін осылай қысқа қайырған Павловский сөзінің соңын губернаторға бір жағы өтініш, бір жағы кеңес сықылды ұсыныс айтты:
  – Қымбатты Михаил Родинович! Жаңа Карниз Игольстромович айтқандай, мұсылмандар арасында бізге жақтас болыс-старшындар, мәхәлла-көше басқарушылары көп. Ташкентте сондай басқарушылардың көрсетуімен тізімге алынған азияттарды ұстап, қашан батысқа жөнелткенімізше қамап ұстайық. Оларды қамайтын орындарды да оңай табамыз. Мысалы, терезелері биік, іштері кең мешіттер, жан-жағы жабық базарлар уақытша қамау орындарына әбден ылайық. Осы жайын губернатор кеңесінде бір талқылауға салсаңыз.
  Ерофеев Шведюк пен Ольсенге қарап, сұқ саусағын шошайтты да, мысқылдай тіл қатты:
– Сіздер, өздеріңізге қатыссыз мәселелерді көтергенше, осындай ұнамды ұсыныс айтсаңыздар ғой, білікті кеңсе қызметкерлері саналар едіңіздер. – Осыны айтқанда анау екеуін көпшіліктің көзінше мұқатқанына разы болғандай кейіппен түсін сәл жылытты. Артынша қайта қатуланды. – Әркімнің есеп-пікірін тыңдаудан келер пайда жоқ. Айналадағы ахуал бәрімізге айқын. Енді ертең атқарар нақты жоспарларды түзуге кірісейік. Оның алдында өлкедегі әскери қуатымыздың қаншалықты дәрежеде тұрғанын генерал Якутскийдің аузынан естиік.
  Қарасұр жүзін қанша кескілесең де қан шықпайтындай аса қатқыл келбетті Якутскийдің дауысы да жағымсыз. Азия даласында қазақтар осырақ қоңыз деп атайтын түрі жиіркенішті қап-қара мақұлық бар. Абайламай басып қалсаң, маңқа адамның ашуындай құлаққа түрпі тиетін дыбыс шығарады. Якутскийдің дауысы да соған ұқсас. Тағы тоқтамай, барлық сандарды мүдірмей, жатқа айтты. Мәліметінше, бүгінде Жетісу облысындағы гарнизондарды есептемегенде Түркістан әскери округінде 55 атты жүздік, 67 рота, 7 атқыштар батереясы, 2 зеңбірекшілер, 3 пулеметшілер ротасы, 2100 жандарм, 4015 полиция бар. Бұлар төрт облысқа бөлінген.  Әскерлер мен ішкі тәртіпті қадағалайтын қызметкерлердің дені Ташкент пен Ферғанада шоғырланған. Ташкентте 27 атты жүздік, 30 жаяу әскер ротасы, 3 атқыштар батереясы және 40 зеңбірек, 58 пулеметпен қаруланған екі рота тұр. Соғыс бола қалған жағдайда Ташкенттегі гарнизондардың оқ-дәрі қоры 5 тәулік бойы тынбай жүргізілетін шайқасқа жеткілікті. Бұл – орасан әл-қуат. Алайда облыс, уезд орталықтарындағы гарнизондардың қуаты бұдан әлдеқайда кем әрі оқ-дәрі қоры да аз. Дегенмен ауыл-қышлақтардағы мылтық десе жаны қалмайтын мұсылмандардың басына қара бұлт үйіруге әлдері жетеді.
  Якутский мәліметін осымен тәмәмдады. Сөз қайта губернаторға тиіп, ол Ташкент қаласы мен облыстардағы бүлікшілерді басуға қанша әскерден бөлу керектігі жайын ортаға салды. Ерофеев – өлке қожайыны әрі Түркістан әскери округінің қолбасшысы. Бұл жерден өзі және орынбасары Якутскийден артық әскери шешім шығаратын ешкім жоқ. Жиналғандар бұ мәселеде оның айтқанына бас шұлғудан артыққа бармады. Патша келісімінен кейін өлкеде қандай әскери қимыл жасаймын десе де, қолын қағып, бетінен алар ешкім жоқ. Ол екі күн бұрын дайындаған жоспарын жайып салды:
  – Ташкенттегі бүлікшілерді басуға 15 атты жүздік, 16 жаяу әскерротасы, 30 пулеметті бір батерея, оларға қоса, жандармерия, полиция жеке құрамдары түгел жұмылдырылсын! Шаһарда жүргізілетін жазалау операциясына генерал Якутский басшылық жасайды. Округ орталығындағы қалған әскерлер облыс-уездерге аттансын! Атап айтқанда, Жызаққа 3 жүздік, 5 жаяу әскер, 5 пулемет, 5 зеңбіректі арнайы рота, Ходжендке 3 жүздік, 5 жаяу әскер, 7 пулемет, 7 зеңбіректі рота. Самарқанға 1 жүздік, 5 жаяу әскер, 5 пулемет, 6 зеңбіректі рота, қалғандары Шымкент, Түркістан жаққа аттандырылсын! Аймақтардағы әскери қимылдарға облыс бастықтары жауапты. Ферғанадағы, Закаспийдегі тәртіпсіздікті басу – Скоболев гарнизонының бастығы Осипов мырзаға жүктеледі!
  Тағы бір маңызды нәрсе – мұсылмандар арасынан бізге қызмет жасайтын тыңшы-жансыздарды көбірек тартыңдар! Олар өз іштерінен тіл, түр, өмірлік ұстаным жағынан айырмасы бар ұлттарға бөлінеді. Оларды қазір біріктіріп тұрған – Алласы бір, Пайғамбары ортақ ислам діні ғана. Сіздер тыңшы-жансыздар арқылы сартты киргизға, киргизды сартқа, тәжікті қарақырғызға, қарақырғызды түрікпенге айдап, ішінен ірітіңдер! Ресей ниетіне жақтас болыс-старшындарға сый-сияпат үлестіріңдер! Өздеріңіз жаңа айтқандарыңыздай, мұсылмандар ішінен қай жағынан да авангардтық рөлді киргиздар атқарады. Олар басқа азиялықтарға қарағанда алғырлау. Бізге қатерлі жау осылардың арасынан көбірек шығады. Сондықтан ақшаға жақын, мінез-құлқы айнымалы сарт-соғдылықтарды соларға қарсы пайдаланудың жолын қарастырып бағыңыздар!
  Бұл – бір. Екінші, ең басты міндет – қарсыласқандарға еш аяушылық болмасын! Бүлікшілердің аса қауіпті деп табылғандары ұсталған жерде сотсыз, тергеусіз атылсын! Олардан кейінгі кінәлі деп табылғандар 10-15 жылға каторгаға айдалсын! Каторгаға айдау жазасын жергілікті прокурорлар мен соттар тағайындасын! Азияттарды осылай қорқытып-үркітіп алған соң, жас жігіттерін қойша көгендеп, майданға жөнелтеміз. Естеріңізде болсын, мырзалар! Азияда бірде-бір мұсылман тірі қалмаса да, патша жарлығы, менің бұйрығым орындалатын болсын! Ал енді іске сәт, мырзалар! Әрқайсыларыңыз ахуалды маған күнбе-күн хабарлап тұрыңыздар!
  Дәл осы Ерофеев патшаның жиырма бесінші июніндегі жарлығы шығардан төрт күн бұрын, яғни 21 июнь күнгі губернатор кеңсесінде: «Бұратаналар біздің офицерлер мен шенеуніктерімізді, мырза-бастықтарымызды көргенде тізе бүгіп, иіліп тағзым етуге міндетті. Олар екінші сұрыптағы, ақыл-ойы, сана-пайымы бізден әлдеқайда төмен халық болғасын, осылай қорлануға лайық. Қарны тойғанына мәз болып, кеуделеріне нан піскен саудагерлерін тонаңдар, көпес-базаршыларын сабаңдар, молда-имамдарын шыбықтаңдар, ақылсынғандарын таяқтаңдар. Міне, осылайша, орыс ұлығы тұрмақ, қатардағы мұжықты көрсе де, безек қағып, еңкейіп-тоңқаятын жағдайға келтіріңдер!» - деп құзырындағыларға бұйырған.
  Қол астындағылар мұсылмандарды бұндай жағдайға түсіріп үлгермеді. Үлгерер ме еді, егер патшаның әлгіндей жарлығы шығып, қалың бұқара дүрлігіп, орыс ұлықтары сасқан үйректей артқа шегіншектеп қалмағанда. Ерофеев сонда іске аспаған бұйрығын осы жолы одан мың есе арттырып, исі мұсылманның жанын шырқыратып, үн шығарғанының тілін кесіп, бас көтергенінің мойнын жұлып, қан қасапқа салмақшы.

(Жазушы,тарихшы Момбек Әбдәкімұлының
«Түркістан өлкесіндегі ойран» атты
тарихи романынан үзінді)

Дайындаған: Абдуллах БЕКӘДІЛҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты
04 мамыр 2018 ж. 707 0