Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтті

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтті

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Бұл күнді атап өту – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбектің бүгінгі белесін қорытындылайтын мерейлі сәт.
Кеше аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Күн дидарлы Қазақстан» атты салтанатты шара өткізілді.
Мерекелік кеште аудан әкімі Мұхтар Оразбаев көпшілікті ұлтымыздың ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, азаттық алған жылдар ішіндегі еліміздің толағай табыстарын саралай келе:- «Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, осынау жыл ішінде Арал ауданы зор жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сәйкес, аудан көлемінде жаңартулар мен жаңғыртулар жасалды. Бұл тарапта әрбір аралдықтардың лайықты үлесі бар», - деп атап өтті.

Мерекелік шара аясында салтанатты түрде ант қабылдаған мемлекеттік қызметшілерге куәлік табысталды. Сонымен қатар, пандемия кезінде қиын жағдайға қарамастан міндеттерін мінсіз атқарған бірқатар сала қызметкерлері мен ерікті жастар облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласып, қатысушылар оркестр мен жеке орындаушылардың күмбірлеген күйі мен әсем әндеріне қанықты.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі


15 желтоқсан 2020 ж. 1 335 0