2021 жылы Қазақстанда не өзгереді?
Елімізде 2021 жылы әрбір азаматтың өміріне, жұмысына, әл-ауқатына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілмек. Stan.kz тілшісі солардың бірқатарын топтастырып, назарларыңызға ұсынады.
Қазақстандықтар зейнетақы қорының бір бөлігіне қол жеткізе алады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында 2021 жылдан бастап зейнетақы қорының бір бөлігін алу туралы жаңа заң жобасын дайындау туралы тапсырма берген болатын. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін барлық қажетті нормативтік құжаттар мен дайындық жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.
721 мың адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік алмақ. Бұл шамамен 1,4 трлн теңгені құрайды. Олардың қатарына зейнетақы жинақтары "жұмыспен қамту шегінен" асатын 530 мыңға жуық жұмыс істейтін азаматтар жатады. Сонымен қатар, табысын жоғалтқан, кемінде 40% -ы мөлшерінде зейнетақы жинақтары бар 178 мыңнан астам адам кіреді. Оған қоса, сақтандыру компаниясымен зейнетақы келісімін жасасқан 13 мың адам да қордан қаражат ала алады.
Бастапқыда зейнетақы жинақтары сомасының бір бөлігін алу кезінде 10%-ын салық түрінде төленеді деп қарастырылған еді.
Қолданыстағы Салық кодексіне, атап айтқанда, 320-баптың 1-тармағына сәйкес, салық төлеушінің табысына, осы баптың 2-тармағында көрсетілген кірістерді қоспағанда, 10% мөлшерінде салық салынатыны хабарланған.
Артынша Тоқаев зейнетақыны алу кезінде салық төлеуді кейінге қалдыру туралы түзетулерге қол қойды.
Коронавирусқа қарсы вакцина
Мемлекет басшысы мен Ресей президенті Владимир Путиннің келісіміне сәйкес Қазақстанда ресейлік Sputnik V вакцинасы өндірісі үстіміздегі жылдың 22 желтоқсанында басталатыны туралы хабарланды. 2021 жылдың наурызынан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады.
Бірінші кезең вакцина халықтың инфекция қаупі жоғары топтарын, оның ішінде дәрігерлерді, мұғалімдерді, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қамтитыны атап өтілген.
Сонымен қатар мемлекет басшысына осы жылдың соңына дейін 2 миллион мөлшердегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылатыны туралы ақпарат берілді.
Жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару
Мәжіліс келесі жылдан бастап жүргізушілерге қатысты заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынған. Ол заң күшіне енетін болса, көлік иелері жүргізуші куәлігін өзімен алып жүрмесе жаза қолданылмайды.
Заң жобасы қазақстандықтарды өзімен бірге жүргізуші куәлігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасында берілген көлік құралын тіркеу құжатын алып жүруге міндеттейтін норманы бұзғаны үшін жауапкершілікті жоюға бағытталған. Сонымен қатар, аталмыш заңнама белгілі бір көлік құралдарын пайдалану ережелерін реттеуге бағытталған. Комитет бұл заң жобасын жүзеге асырып, 2021 жылдың 26 қарашасына дейін қорытынды дайындауға дайын екенін айтқан.
ЖОО-лар мемлекеттік диплом бермейді
Қазақстанда 2021 жылдан бастап диплом беру жүйесі өзгертіледі. Келесі 2021 жылдан бастап, жоғарғы оқу орындары мемлекеттік нұсқадағы диплом бермейді, жекелеген дипломдар беретін болады. Соған орай жоғарғы оқу орындарының кадр даярлауда жауапкершіліктері артпақ. Бұл жерде университеттерге түлектерін ары қарай жұмысқа орналастыру мәселесі де жүктелетін болады.
Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған қосымшалары бар диплом беріледі. Ол қосымшада елімізде алған жоғары білім еуропалық білім санатымен сәйкес екені көрсетіледі.
Құжаттар толығымен электронды нұсқаға көшеді
Қазақстанда жыл соңына дейін бірқатар құжаттар цифрландырылады. Пайдаланушы қағаз құжаттармен бірге цифрлық құжат қызметін қолдана алады.
Жыл соңына дейін жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті, азаматтың төлқұжатын, жоғары білім туралы дипломды, студенттік карточканы, сақтандыру полисін онлайн форматта алу жоспарланып отыр.
Зейнетақы
Жасы бойынша және еңбек стажына байланысты зейнетақы төлемдерін алатын азаматтар үшін 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 7 пайызға өседі.
2021 жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 18524 теңгені құрамақ. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 4,6 мың теңгеге өсіп, 43 272 теңгені құрайды.
Әйелдер үшін зейнетке шығу жасы 60 жасқа дейін көтеріледі. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы зейнетке шығу жасы 59 жас болып бекітілген. Ер адамдар үшін зейнетке шығу жасы өзгермей, 63 жас болып қалды.
Жалақы
2021 жылы ең төменгі жалақы 42 500 теңге деңгейінде қалады.
Мұнымен бірге, мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту арқылы, төменгі деңгейдегі қызметкерлердің жалақысы өсетін болады.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ағымдағы мәннен 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі.
Сонымен қатар, әкімшілік және көмекші қызметкерлерінің жалақысын лауазымдық жалақыға қосымша ақыны 30-дан 40% - ға дейін арттыру арқылы көтеру жоспарлануда.
Жалақының өсуі стационарлық және жартылай стационарлық типтегі, уақытша мекемелердегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейтін негізгі құрамға және басқарушы құрамға әсер етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға көтерілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ президент медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырды. Оған қоса мемлекет басшысы, бапкерлердің жалақысын да келесі жылдан бастап көтеру керек екенін айтқан.
Жәрдемақы
2021 жылдан бастап бірінші немесе үшінші баланың туылуына берілетін бір реттік жәрдемақы 105,5 мыңнан 110,8 мың теңгеге дейін, төртінші және одан көп балаға - 175-тен 183,7 мың теңгеге дейін өседі.
Көп балалы аналарға ай сайынғы жәрдемақы да өседі:
- Төрт балаға - 44,5-тен 46,7 мың теңгеге дейін;
- Бес балаға - 55,6-дан 58,4 мың теңгеге дейін;
- Алты балаға - 66,8-ден 70,1 мың теңгеге дейін;
- Жеті балаға - 77,9-дан 81,8 мың теңгеге дейін;
- Сегіз балаға - 88,8-ден 93,3 мың теңгеге дейін;
- Тоғыз балаға - 100-ден 105 мың теңгеге дейін;
- Он және одан көп балаларға - 111,1-ден 116,6 мың теңгеге дейін.
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлемі өзгеріссіз қалды - тағайындау үшін шекті табыс күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін есепке алынады. Бірақ бір шартпен отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек.
1 қаңтардан бастап әскери қызметкерлерге және арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік қызметтердің тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге берілетін ай сайынғы қаражат - 3 739 теңгені құрайды.
Шәкіртақы
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта студент жастарды қолдау шаралары жүзеге асатынын айтты. Нәтижесінде студенттердің стипендиясы екі есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы - 1,5 есе артады. 2025 жылға қарай колледждер мен университеттердің жатақханаларындағы орындар саны кем дегенде 50 мыңға көбейеді.
2025 жылға дейін Қазақстанда білім гранттарының саны 50%-ға өсетінін айтқан. Бұл 75 мыңға жуық азаматтың университеттерде ақысыз білім алатындығын білдіреді, деп атап өтті мемлекет басшысы.
Саусақ іздері
Ішкі істер министрлігі 2016 жылдың 30 желтоқсанында "Саусақ іздері және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының заңы қабылданған. Оған сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі керек.
Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп саусақ іздерін тіркеу бөлігінде заңдардың кейбір нормаларының күшіне енуін 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы ұсыныс жасады. Қазіргі уақытта Заңға жоғарыда аталған түзетулер Қазақстан Республикасының парламентінде қаралуда.
Сонымен бірге, ішкі істер министрлігі азаматтардың саусақ іздерін тіркеу процедурасынан азаматтардың 16 жасқа толуына байланысты паспортты немесе жеке куәлікті алғаннан кейін, сондай-ақ құжаттардың мерзімі өтіп кетуіне немесе жоғалуына байланысты құжаттарын ауыстырған кезде ғана өтетіндігін атап өтті.
stan.kz