Аралда жаңадан май құю бекеті ашылды
Бүгін аудан аумағынан өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолында PetroRetail компаниясының «QAZAQ OIL» брендтті жанар-жағармай құю бекеті іске қосылды.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты.
–«Еліміз бойынша сапалы жанар-жағармай жеткізу мен сату саласындағы жетекші компанияның ауданымыздан бой көтеруі кәсіпкерлік саласының қанат жаюына, бір жағы аудан тайқазанының молаюына үлесі зор. Осы игілікті кәсіп аясында жергілікті 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр» – деген аудан басшысы компания басшылығына ризашылығын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.
Одан әрі қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықбаев ауданымыздың жыл санап мәдениеті мен экономикасында ілгерілеушілік бар екендігін айта келіп:
– «Аудан көлемінде компания желісінің ашылуы – өңір экономикасының жылдан-жылға кең қанат жайып, өркендеп, тұрғындарымыздың әл-ауқатының жақсарып келе жатқанының белгісі деп толықтай айта аламыз», – деп бастамаға сәттілік тіледі.
Ата өту қажет, май құю бекетінде АИ – 92-ден АИ – 98 маркалы сапалы бензин және дизель отыны сатылады. Стратегиялық маңызға ие жолдың бойында орын тепкен май құю бекетінде халық игілігі үшін кеңейтілген дүкен де ашылған.
"Толқын" ақпарат