Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қоғамдық кеңес алдында есеп берді

Аудан әкімі қоғамдық кеңес алдында есеп берді

«Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің «Қоғамдық кеңестер» алдында есеп беруі көзделген.
Осыған орай, бүгін аудан әкімі М. Оразбаев қоғамдық кеңес алдында «2020 жылдағы Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және алдағы міндеттері» бойынша есеп берді. Кеңес отырысы санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен өткізілді. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А. Жоланов жүргізді.
Жалпы қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен ашықтығын, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету мақсатында құрылған консультативті-кеңесші орган болып табылады.
Бүгінгі жиынның басты ерекшелігі, кеңес отырысына аудан ардагерлері, «Семей» сынақ полигонының зардабын жоюға және «Ауған» соғысына қатысқан ардагерлер, сондай-ақ, қоғам жанашырларына баланған БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімі өңірдегі өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, алдағы міндеттермен бөлісті.
Аудан басшысының баяндамасынан жыл көлемінде жүргізілген толымды тірліктерге қанық болған қоғамдық кеңес мүшелері өз пікірлерін білдіріп, аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.
Одан соң кеңес отырысына қатысушылар атқарушы билік өкілдеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Еркін форматта өткен кездесу барысында тұрғындар қазіргі өзекті деген мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиынға қатысушылар тарапынан Арал қаласынан аспалы көпір салу, мал ұрлығы, қала көшелеріне жол, жарықтандыру, спорт алаңын салу, көгалдандыру сынды мәселелер ұсынылды.
Аудан әкімі кеңес отырысында қойылған сұрақтардың әрбіріне жан-жақты тоқталып, тиісінше жауап берді. Айтылған талап-тілектердің барлығы назарға алынып, кезең-кезеңімен шешілуі үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.





Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
30 қаңтар 2021 ж. 519 0