Арал ауданында жыл қорытындыланды, жаңа міндеттер нақтыланды
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың жергілікті тұрғындар алдындағы қорытынды есепті кездесуі онлайн форматта өтті. Есепті кездесуде аудан басшысы өңірдің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, алдағы міндеттерге тоқталды.
Өткен жылы ауданға 15,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, өнеркәсіп орындары 15,7 млрд теңгеден артық өнім өндірген.
Аудан аумағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойынан 4 жол бойы сервистік нысандары қызмет көрсетіп келсе, бұған қосымша жеке кәсіпкер Т. Жалғасбековтың бастамасымен «С» және «Д» санатындағы жол бойы сервистік қызмет көрсету кешені пайдалануға берілді.
Жыл көлемінде 6 214 тонна балық ауланса, өңделген балық 5 388 тоннаны құрады. Оның ішінде 2 159 тоннасы Ресей, Қытай, Германия, Польша, Грузия мемлекеттеріне экспортқа шығарылды.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы 13 елді мекен Kcell, Tele2 және Beeline операторлары арқылы 3G/4G сымсыз технологияларымен және мобильді ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз етіліп, мобильді интернетке қол жеткізді. Қазіргі уақытта 3 елді мекенге операторлар тарапынан монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімінің есепті баяндамасынан соң жиынға қатысушылар Арал қаласындағы және елді мекендердегі өзекті деген мәселелерді айтып, сауалдарын қойды. Есепті кездесуде Жаңақұрылыс елді мекеніне барар жолдағы қалқымалы көпір мен Ақшатау елді мекеніндегі мектептің ескіргендігі айтылып, қала тазалығын қолға алу мен балық шаруашылығын дамыту жөнінде ұсыныстар түсті. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан қаладағы кейбір көшелердің жолын жөндеу мен ескі балабақшалардың орнына жаңа ғимарат салу мәселелері айтылды.
Қойылған сұрақтардың әрбіріне жеке тоқталып, жауап берген аудан әкімі талап-тілектер мен ұсыныстардың барлығы ескеріліп, назарға алынатындығын жеткізді. Одан соң жиынды қорытындылап, алдағы күндері бірлесе жұмыс жасап, мол жетістікке жетіп, қыруар шаруаны бірге еңсеретіндігіне сенімін білдірді.
"Толқын" ақпарат