Арал: Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай салтанатты шара өтті
Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде аудандағы Тәуелсіздіктің 30 жылдығының ашылуы өткізілді.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, тәуелсіздік ұғымының маңызына тоқталып өтті.
Азаттық алған жылдар ішіндегі ауданның толағай табыстарын саралап:
– «Біз Тәуелсіздігіміздің тағы бір жаңа парақтарын ашар тұста азат ел екенімізді, өткеніміз өнегелі, келешегіміз кемел екендігін зор мақтанышпен айтамыз. Сондықтан да, кешегі өткен бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздікті қанша дәріптесек те артық емес. Ұлы мерекені ұлықтау ел болып еңсе тіктегенімізді көрсетеді. Азаттық рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!» – деп лебізін жеткізді.
Мерекелік кеште жас ақындар Тәуелсіздік туралы жазған жауһар жырларын оқыды. Аталған шара аудан өнерпаздары мерекелік концертіне ұласып, қатысушылар ансамбль мен жеке орындаушылардың күмбірлеген күйі мен әсем әндеріне қанықты.
"Толқын" ақпарат