Аралдың ауылдары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады
Биыл Арал ауданындағы 6 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. Яғни, Қосаман, Ақбасты, Тоқабай, Абай, Көктем, Аққұлақ ауылы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратық алаңында өткен брифингте Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев мәлімдеді.
Бұған қоса, ауданды газдандыру бойынша да бірқатар жұмыстар жасалуда. Мәселен Арал қаласының көшелеріне газ құбыры жүйелерін жеткізу жұмыстарына 19,1 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінде 50 жеке тұрғын үй газ жүйесіне қосылып, 2 шақырым газ құбыры жаңадан салынды. Мұнан өзге, Жақсықылыш кентіндегі 855 жеке тұрғын үй, 23 кәсіпкерлік нысан және 4 әлеуметтік нысан көгілдір отынға кезең-кезеңімен қосылуда.
Ал Шөміш, Абай елді мекендеріне трансформатор орнатылып, Сексеуіл кентінің электр желісін кеңейту және жаңадан ашылатын мөлтек ауданға электр желісін тарту, Бекбауыл ауылдық округіндегі ескірген электр желілері мен бағаналарына жаңарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленді.
Сонымен қатар ауданда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 16 жоба іске асты. Нәтижесінде 667 адам жұмыспен қамтылды. Ал «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда. Олар, Жақсықылыш кентінен «Спорттық сауықтыру кешені» құрылысы, №19 орта мектебіне 100 орындық қосымша жапсаржай құрылысының жұмыстары, Жақсықылыш кентіндегі 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ аудандағы 16 елді мекенге өткен жылы Kcell, Tele2 және Beeline операторлары арқылы 3G/4G сымсыз технологияларымен және мобильді ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінде 15 елді мекенінге ұялы байланыс желісі орнатылды. Ал Аққұлақ елді мекеніне операторлар тарапынан монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
kyzylorda-news.kz