Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық үшін маңызды салалардың жұмысы басты назарда

Халық үшін маңызды салалардың жұмысы басты назарда

Кеше аудан әкімі С.Сермағамбетов халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін аса маңызды салалардың жұмыс барысын бағамдап өтті.

Ең алдымен аудан тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Арал аудандық электр мекемесінде болып, атқарылған жұмыстар мен сала бойынша шешуді қажет ететін басты мәселелердің мән-жайына қанықты. Атап өту қажет, бүгінде Арал қаласы мен елді мекендердегі пайдалану мерзімі өткен электр желілерін және өз еркімен салынған тұрғындардың электр желілерін кезең кезеңімен шешу үшін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Осы ретте аудан әкімі ең алдымен кезек күттірмейтін мәселелерді оңтайлы шешу бағытында жұмыстарды жоспарлы түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жылдан жылға электр энергиясына деген сұраныстың арта түсетіндігін ескере келе, өңірде энергия тапшылығын болдырмау мақсатында балама энергия көздерін тарту жұмыстарын қарастыруды ұсынды.

Одан әрі аудан тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтып отырған «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесіне барды. Жалпы бөлімшенің жұмысын кеңінен таныстырып өткен мекеменің басшысы И.Қаппаров ауыз сумен қамту бағытында жүргізіліп жатқан және жоспары жұмыстарды баяндап өтті. Бүгінде бөлімше ауданның 43 елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету қызметін көрсетеді. Дегенмен, ауданда аяқ судың болмауы салдарынан жазғы мезгілдерде аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарда судың тәулік бойы ағуында кедергілер туындап отыр. Себебі, көктем-жаз мезгіліндегі егін егу, малды суару, ауқымды құрылыс жұмыстары таза ауыз судың есебінен жүзеге асырылып келеді. Бұл тікелей ауыз суға бағытталған судың көлемін асыра пайдалануға жүктеме түсіретіні сөзсіз. Сондықтан сұрауы бар суды әр тұрғын үнемді тұтынуы жөн-ақ.

Мәселен, аудан аумағында әлі де болса ауыз сумен қамтылмаған елді мекендер баршылық. Қазіргі таңда бірінші кезекте ел игілігі үшін ауданға қарасты Тоқабай, Абай және шалғай орналасқан Ақбасты елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жобасына алғашқы қаржылар бөлініп, жұмыстарды бастау жоспарлануда. Бұған қоса Аққұлақ елді мекенінің ішкі су құбыры желісін жүргізу жұмыстары да оңтайлы шешімін тапса, Көктем ауылына су желісін жүргізуге тиісті қаржылар қарастырылуда. Бұл жұмыстар аяқталысымен ауыз суды қажет ететін Сазды, Күршек, Тастүбек ауылдарының да мәселесін шешу басты назарда.

Су тарату мекемесінен кейін аудан басшысы қаладағы «Аралтұз» көшесіндегі және «Арай» мөлтек ауданындағы бос тұрған екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің басында болып, аталған ескі ғимараттардың тұрғындар үшін қауіпті екендігін айтты. Сондықтан бұл мәселені жуық арада шешу мақсатында қала әкіміне нысанды сүріп, жерін тегістеу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Мұнан соң өндірістік және лас суларды төгетін сүзгілеу алаңына және жаңадан салынған тұрмысттық қатты қалдықтар палигонына табан тіреді. Бей-берекетсіз тасталған қоқыстармен ластанған қаланың шет аумақтарын реттестіріп, тұрмыстық қалдықтарды алдағы уақытта жаңа полигонға тастауды жүйеге келтіру және тазалық қағидаттарын бұзғандарға айыппұл салу керектігін ескертті. Сонымен қатар жаңа полигонда қоқыстарды тиісінше көму, сұрыптау бағытында жұмыстарды жүзеге асыруды қамтамасыз ету бағытында тапсырма берді.





Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

05 маусым 2021 ж. 321 0