Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекелік құттықтау

Мерекелік құттықтау

Құрметті мемлекеттік қызметшілер және полиция қызметкерлері!
 Сіздерді қатар келген кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
 Бейбіт бәсекеде жұлдызы жарқыраған кез келген өркениетті елде мемлекеттік қызметкердің атқаратын рөлі ерекше екені белгілі. Өйткені мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Мемлекеттік басқарусыз кез келген қоғамның бірлігі бекемделіп, әлеуеті артып, тұрақты дамудың даңғыл жолына түсуі мүмкін емес. Осыдан-ақ мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мол, ауыр да абыройлы міндет екенін айқын аңғаруға болатыны сөзсіз. Себебі билікке деген сенім қай кезде де мемлекеттік қызметшілерден басталады.
 «Жұртың үшін аянба – азаматтығыңа сын» демекші, қай кезеңде де атқа мінер азаматтың абыройы халқына қалтқысыз қызмет етіп, елінің игілігі жолында толассыз төккен терімен өлшеніп отырғаны белгілі. Демек, тәуелсіз Отанымыздың тұғырын биіктетіп, ел ертеңінің еңселі болуына мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі орасан зор.
Құрметті әріптестер! Мемлекеттік саясаттың жүзеге асуы Сіздердің талмай еңбек етулеріңізге байланысты.   Тәуелсіз еліміздің дамуы Сіздердің жаңаша ұмтылыстарыңыз бен жігерлеріңізге, іскерліктеріңізге байланысты. Халықтың әл-ауқатын арттыру және олардың болашағын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы үшін Сіздерге зор жауапкершілік артылады. Осы орайда, мен өңіріміздің өркендеуіне ерен еңбек сіңіріп жатқан ауданымыздағы барлық мемлекеттік қызметшілерге зор денсаулық, әулеттеріне амандық, отбасыларына ортаймас ырыс тілеймін! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз табысты болып, абырой биігінен көріне беріңіздер.
        Сондай-ақ қоғам дамуының басты мұраты – ел тыныштығы. Бұл ретте, қызметтері жоғары кәсіптілікті және асқан жауапкершілікті талап ететін әрі өмірі қатерге толы полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. Сондықтан еліміздің  тыныштығы үшін қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтап, қылмыстық әрекеттердің алдын алу жолында Сіздердің күнді түнге жалғаған еселі еңбектеріңіз әрдайым ел есінде жүретіні анық. Сіздер ел іргесінің сөгілмей, бүтіндігіміздің сақталуына барынша тынымсыз еңбек етіп келесіздер.
 Құрметті полиция қызметкерлері!
Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атақты абыройды арқалап, мемлекет пен халыққа аянбай қызмет ете берулеріңізге тілектеспін! Халқымыздың амандығын сақтау мен Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз аз емес, еңбектеріңіз әрқашан жемісті де табысты болғай!
Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, қиындығы басым, жауапкершілігі мол қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!

Құрметпен, Арал ауданының әкімі С.Сермағамбетов
23 маусым 2021 ж. 764 0