Қолдау халыққа сенім сыйлады
Елдің биылғы жағдайы жайлы ақпарат құралдары беттерінде жиі айтылып жүр. Бұл қиындықты шешу жолындағы шаралар да бұқаралық ақпарат құралды өкілдерінің де назарынан тыс қалған емес. Қуаңшылықкезіндегі қиындық жайлы артық айтпасақ та болатын шығар.
Бірақ осындай сын сағатта аудандағы атқарушы биліктің қаншалықты көмек жасап, халықтың жағдайына қолдау білдіріп жатқанын айтпай кетуге болмас. Себебі оны аралдықтар көзбен көріп отыр.
Енді тақырыпты турасына көшейін. Бұл уақытқа дейін жәрмеңкелердің ұйымдастырылғаны жайлы жоғарыда айтқандай ақпарат беттері мен әлеуметтік желілерден оқып, білгенім болмаса өзім бармаған едім. Ал өткен аптаның сенбісі күні аудан орталығында өткен жәрмеңкеде болдым. Құдды аралдықтардың барлығы осында дерсіз. Жиналғандардың қарасы қалың, көңілдерінде тоқтық байқалады. Себеп, мұндағы азық-түлік, бау-бақша дақылдары арзан бағада сатылып жатыр. Әсіресе мал азығы – жем мен шөптің бағасының төмендігі төрт түліктен нәпаха тауып отырғандардың көңілін серпілтіп тастағандай. Олардың қатарында мен де бармын.
Рас, айтарлықтай мал шаруашылығын кәсіп етпесем де, қораға ұстаған бір-екі малдың амандығын тілеп жүргендіктен қалтаға салмақ салмайын жем-шөптен қажетімше алуды ойладым. Саудаласа келе шөп сатушымен әңгімелесудің де орайы туды. Шиелі ауданынан келген азаматтар екен. "Көршілес аудандағы жұртшылықтың жағдайымен жақын таныспыз. Аралдықтарға қолдау жасап, көмек беруге әркез дайынбыз. Сондықтан осында келіп, халықты қуантуды мақсат еттік" дейді. Қазақылы мен азаматтығына дән риза болдым.
Тағы бір айта кетерлігі мал азығын жәрмеңкеге шығарушылар расында елдің батасын биік қойған азаматтар екені анық байқалады. Әдетте халықтың санасында жатталып қалған "арзанның жілігі татымас" деген ойдан аулақ. Шөп таза, әрі сапалы. Осы ретте өз халқына жағдай жасап, көмекті ұйымдастырып отырған аудан басшысы мен жауапты қызметтерге алғысымды білдіргім келеді. Дәл осылай жұдырықтай жұмылып, бұл қиындықты да еңсерер күн алыс емес.
А. ТІЛЕУОВ,
қала тұрғыны