Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшбасшы жастар – Қазақ елінің болашағы

Көшбасшы жастар – Қазақ елінің болашағы

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс.Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Тәуелсіздік жолында күрескен қаншама ата-бабаларымыз, батырларымыз келер ұрпақ үшін, тәуелсіз өмір сүруі үшін күндіз-түні жанқиярлықпен күресе білді. Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірегейі – 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан да бөлек. Кеудесінде «Мен Қазақпын» деп ұрандатқан жанашыр жастарымыз "Қазақстандағы билік қолын қазақ басқаруы керек" деп кеңестік билікке ашық ерлікпен қарсы тұра білді. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Спатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова сияқты тағы басқа осындай жанашыр тәуелсіздік үшін өз өмірлерін құрбан еткен аға-әпкелеріміз ел жадынан ешқашан естен кетпейді. Сол уақытта алаңда қаншама жазықсыз жандардың қаны жерге судай төгілді. Осындай ұлы тұлғалардың ерен ерлігінің арқасында, еліміз бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болды. Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті. 1991 жылы Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдық беттері ашылды. Егемен ел азаматтарының құқықтарын, мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Өз тіліміз, өз дініміз, өз салт-дәстүрлеріміз келді. Міне, биыл тәуелсіздік таңы атқанына 30 жыл толып отыр. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Сол себепті, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені онсыз да анық.
Ал енді тақырыптың негізгі бөлігіне тоқтала кеткенім жөн болар. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Жолдауында: «Мен, сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді айтудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілуі және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», – деп айтқан. Дана халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөздің астарына тоқталатын болсақ, білімнің баға жетпес аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс екені айтылады. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті болып саналады. Егер қазіргі өсіп келе жатқан жас буындарымыз өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, келер ұрпаққа не үлгі, не тәрбие болмақ. Ұлттың барша мұрасы осы жастарға аманат етіледі. Ал жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшіп, жоғалмақ.
Көшбасшы, саналы ұрпақты қалыптастырудың негізі – тәрбие мен білімде. Бірінші, тәрбие жүйесіне тоқтала кеткім келіп отыр. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деп ұлы Шығыс ғалымы, ғұлама философ Әбу-Насыр әл-Фараби атамыз бекерден айтпаған болса керек. Әбу-Насыр әл-Фараби атамыздың сөзіне мән беретін болсақ, асыл, терең мағына жатыр. Қанша жерден сауатты, білімді, алғыр болып, бірақ бойында тәрбие дұрыс болмаса, алған біліміңнің еш жерде ешқандай маңыздылығы болмайды. Халық даналығында мынадай керемет сөз бар: «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла»  деген осы қағиданы болашақ көшбасшы, саналы ұрпақ қалыптасу үшін берік ұстануымыз дұрыс секілді. Егеменді еліміздің ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Жастардың өз Отанын, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен дінін қалыптастыра білуі үшін жастардың бойына ұлттық тәрбиені  сіңіре білгеніміз жөн. Әрбір жас, әрбір азамат өз елінің рәміздерін, Ата Заңын білуге әрі құрметтеуге міндетті. Қазіргі қоғамда кей жастарымыздың арасында орын алып жатқан өзекті жайттарды айта кеткенім дұрыс болар. Қазір ХХІ ғасыр. Иә, бұл ХХІ ғасырды кей жастарымыз өз саналарына қарай қабылдайды. Қоғам төңірегінде өзекті мәселенің бірі – кейбір жастарымыздың жаман, зиянды әдеттерге әуес болуы, соның ішінде ішімдікке, шылымға, ұрлыққа бой беруі, сонымен бірге кісі өлтіру, тағысын-тағы жайттар жүректі ауыртады. Жаңа туған нәрестені «қоқыс жәшігіне тастап кетіпті», «әжетханада қалдырып кетіпті» деген сөздерді қазір естіп те жатамыз. Басқа емес, өзіміздің қаракөз қыздарымыз осындай қасиетсіздікке баруда. Және де тағы қосарым, аялап, бауырына басып өсірген, ақ сүт берген, бала үшін өз жандарын беруге дайын тұрған ата-аналарын қарттар үйіне өткізіп жатқандарды да естиміз. Бұл санасыздықтың белгісі ме, білмеймін… Айта берсем көп. Қоғамда кейбір жастардың, соның ішінде ер балалардың ер деген атқа лайық болмай бара жатқаны, қыз балалардың қоғамдық орында, әлеуметтік желілерде ерсі қылықтар танытуы, ашық-шашық киініп жүргенін көреміз. Қазір 5-6 жастағы баланың қолына қарасақ, бәрінде бір-бір ұялы телефон. Кішкентай бүлдіршіндеріміз өсіп келе жатқан ұрпақ аға-әпкелерінің осындай орынсыз қылықтарын әлеуметтік желілерден көріп, еліктейтіндері бар. Иә, әрине, бәріне бірдей топырақ шашпаймын, бес саусақ бірдей емес қой. Бірақ та осы аталған жайттар қоғам төңірегінде орын алып жатқаны рас. Бұл мәселелер шешілмесе, өсіп келе  жатқан көшбасшы, саналы ұрпағымызға үлкен зиянын тигізеді, еліміздің дамуы да бұлыңғыр болады. Сондықтан да осындай  өзекті мәселелерді  қолға алып, бірлесе шешуіміз қажет.
Енді келесі саналы, көшбасшы  ұрпақты қалыптастырудың екінші жүйесі – білім. Абай атамыз айтқандай, «қазіргі заман – бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Иә, мен Абай атамыздың сөзіне толықтай келісемін. Қазір 21 ғасыр – білім заманы. Қазіргі таңда білікті, білімді, дарынды жастарымыз өсіп келе жатыр. Еліміздің атын шет мемлекеттерге шығарып, мақтануға тұрарлықтай дарынды жастарымыздың саны да ұлғайып келеді. Қазірде әлеуметтік желіні аша қалсақ, дарынды жастарымызды көріп отырамыз. Мысалы, Жансая Даниярқызы Әбдімәлік, Абзал Мырзаш, Алдияр Божбанов, тағы басқа дарынды, саналы жастарымыз көп. Жансая Әбдімәлік – қазақтың шахматшы қызы. Жансая он төрт жасында әйел гроссмейстер атанған. 2012 жылғы жастар әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жансая көптеген байқауларға қатысып, Қазақстанның туын желбіретіп жүр. Абзал Мырзаш 12 жасында 11 жылдық мектепті үздік бітірген. Абзал өзінің ерекше қабілетінің арқасында көптеген халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетті. Қазіргі таңда Қазақ-Британ техникалық университетінде білім алуда. Алдияр Божбанов органикалық қалдықтарды биогазға айналдырып және одан жылу мен электр энергиясын алуды, тағы басқа бірегей маңызды жобаларды анықтаған. Және де еліміздің жас мақтаныштарының ішінде Димаш Құдайберген және Данелия Тулешова деп ерекше атап айтамын. Димаш Құдайберген Қытай еліндегі «I am singer» байқауына қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп және тағы басқа шет мемлекеттерде еліміздің көк байрағын желбіретіп, киелі домбырамызды асқақтатып жүр. Данелия Тулешова жақында өткен   «American's Got Talent» байқауының жартылай финалына өтті, ол бұл байқауда өзінің ерекше дауысымен тыңдармандарын ерекше қуантты. Және де спорт саласында, тағы басқа салаларда жетістіктерге жетіп, еліміздің мәртебесін көтеріп, асқақтатып жүрген жастарға алғыс білдіруіміз қажет. Біз осындай еліне елеулі, халқына қалаулы жастармен мақтануымыз керек және ізін жалғастыруымыз қажет.
2019 жылы елімізде жастарға ерекше мүмкіндік «Жастар жылы» болып белгіленді. Яғни бұл дегеніміз, жастарға деген сенімділік пен оларға қолдау көрсету болып табылады. Білім беру жүйесінде, әлеуметтік көмек көрсету, экономика, медицина саласында жастарға үлкен мүмкіндіктер қарастырылды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы 2012 жылы желтоқсан айында халыққа Жолдауында таныстырылған болатын. Стратегияның басты мақсаты – әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Болашақ», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2030» , тағы басқа бағдарламалар еліміздегі жастардың болашағына, дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Мысалы, елімізде «Болашақ» бағдарламасы арқылы саналы, білімді  жастаршетелдерде оқиды. Сонымен бірге елімізде жастарға арналған жақсы бағдарламалардың бірі – «Серпін бағдарламасы». Бұл бағдарлама жастардың білім алуына, келешекте жұмыс жасауына үлкен ықпалын тигізеді. Тәуелсіздік тарихынан ойып тұрып орын алатын тағы бір айрықша оқиға –халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің елімізде өтуі. ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тақырыбы – «Болашақ энергиясы» болды. Яғни біз «жасыл экономиканы» дамытуға үлес қосатын жаңа технология мен жаңа инновациялық бастамаларды қолдау деп білеміз. Бұл – үлкен тақырып. Ең үздік әлемдік энергия көздерін пайдалануда жаңа бастамалар мен  технологияны пайдалануда орасан зор мүмкіндік береді. ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруда шетелдіктерге жаңа технологияларды ашуда, ойлап табуда жастардың үлесі орасан зор.
Елімізде білім беру саласында 12 жылдық білім беру және үш тілді білім беру жүйесі орнатылды. Қазіргі уақытта оқушылар мен студенттер індетке байланысты қашықтан оқытылды. Мемлекет тарапынан оқушылар мен студенттердің қашықтан оқытылуына байланысты арнайы білім бағдарламаларымен оқытылды. Мысалы, оқушыларға білім алуына  «Bilimland» онлайн-мектебі қарастырылады. «Bilimland» онлайн мектебіне  кіру арқылы оқушылар мұғаліммен кері байланыс, әр тақырыптарға байланысты тест тапсырып, үй тапсырмаларын орындай алады. Және тағы басқа білім бағдарламалары бар. Яғни менің айтайын деген ойым, елімізде қай уақытта болмасын, жастарға, жас буындардың білім алуына, дамуына әрқашан қолдау көрсетіледі, сенім білдіреді. Ақын, педагог М.Жұмабаев атамыз "Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты –
қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн!"деп айтқандай, біз, жастар ел сенімін ақтауымыз қажет. Мен де ел сенімін ақтап, елімнің дамуына, көркеюіне өз үлесімді қосқым келеді. Менің болашақ мамандығым – ұстаздық жол. Ұстаз – ол көшбасшы. Өзімнің жоспарларым бойынша, 2020 жылы үш ай демалыс уақытында алғашқы ұстаздық жолымды бастадым десем артық болмас.Түрік тілінен алғашқы марафонымды ұйымдастырып, 15 балаға бар білгенімді үйреттім. Қателіктер болмау үшін күні-түні ұйықтамай ізденісте болдым. Сол уақыттарда балаларға жақсы тәрбие мен білім беру  үлкен ерлік екенін түсіндім. Себебі біз тәрбиелеген ұрпақ ертеңгі күні еліміздің тірегі болмақ. Тәуелсіздіктің тұғырын, еліміздің тыныштығын сақтап қалатын да – солар. Қазіргі таңда ағылшын, неміс, түрік тілдерін жетік меңгерудемін. Бұйырса, Алла қаласа, болашақта қасиетті туған өлкем – Сексеуіл өңірінде тіл орталықтарын ашқым келеді. Мен ойлаймын, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды. Сексеуіл кентінен шығып, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген тұлғалардың бірі – Геннадий Геннадийұлы Шиповских ағамыз. 2016 жылғы 24 наурыздан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі. Және де Геннадий Шиповских ағамыз сияқты басқа қаншама еліміздің дамуына, көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген аға-әпкелеріміз көп. Сексеуіл кентінде қазіргі кезде болашаққа нық қадаммен алға басып келе жатқан үмітті жастарымыз өсіп келеді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп ұлы Абай атамыз айқандай, қоғамның бір кірпіші болып қаланып, болашақта Алла қаласа, өз жобаларымды іске асырып, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткім келеді. Бұл жазып отырған эссе ойымның бір бөлігі ғана. Жастар, болашағымызды бос нәрселерге өткізбейік. Біз, жастар – елдің ертеңіміз.
Қорыта келе, бүгінде білімді де білікті, саналы, еңбекқор да отансүйгіш, көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтатар жас ұрпақтың жарқын болашағына жол салатын жас маман – бізбіз. Ел сенімін,үмітін ақтау – біздің, жастардың қолында.Алдағы уақыттарда тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, елімізді биік белестерге жетелеу біздің қолымызда, яғни болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мұратымыз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болғай! Баршаңызға аспандарыңыз ашық, көңілдеріңіз шат, еңбектеріңіз жемісті болуын тілеймін!

Нұрсұлу АРҒЫНАЛИЕВА,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 2 курс студенті
25 қыркүйек 2021 ж. 2 291 0